Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күләш ақынның киноға қосқан үлесі немесе Виктор Цойдың екі әнінің мәтіні қалай тәржімаланды?

Күләш ақынның киноға қосқан үлесі немесе Виктор Цойдың екі әнінің мәтіні қалай тәржімаланды?
Автор
Қай елде болсын кино өнерінің алар орны ерекше. Расында да мән-мағынасы зор фильмдердің беретіні көп. Халыққа сапалы да саналы дүние ұсыну үшін кино саласы алдымен талантты да білікті мамандарды әрі үлкен дайындықты талап ететіні белгілі. Одан кейін жарыққа шыққан кинофильмдерді саралайтын да, бағалайтын да осы салаға қатысы бар шынайы сыншылар мен патша көңілді көрермен. Ал, әрбір жақсы фильм режиссер мен актерлардың ғана емес, бір кісідей атсалысқан студия ұжымының да еңбектерінің нәтижесі мен жемісі.

Бірақ, қашан және қай тақырыпта түсірілген фильмдер болсын ғұмырларының ұзақ не қысқа болатыны уақыттың еншісінде.

Өзіміз көріп жүргендей мән-мағынасы тақырыпқа сай келіп, картинаның ажарын аша түсетін әндер орындалатын кинолар аз емес. Сондай тұщымды туындылардың бірі – қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың  «Ине» («Игла»)  фильмі. Оның жарыққа шыққанына биыл 37 жыл болыпты. Яғни, 1988 жылы тұсауы кесілген. Бұл фильмде басты рөлді шеберлікпен сомдаған белгілі рок-музыкант, «Кино» тобының жетекшісі Виктор Цойдың «Звезда по имени Солнце», «Группа крови» деген екі әні шырқалып, көркем фильмді көркейте түседі. Содан да болар бұл фильмнің бірден көпшіліктің көңіліне жол тартып, бүгінге дейін көгілдір экраннан түспей келе жатқаны.

Орыс тілінде түсірілген бұл триллер-драма кинотеатрлар мен теледидардан алдымен орыс тілінде, сосын қазақ тіліне аударылып көрсетіле бастады. Жақсы әрі танымал кинолардың тізіміне енген аталмыш фильмді көрмеген жан жоқ шығар. Сондықтан оқырманды жалықтырып алмау үшін фильмге толығырақ тоқталғым келмеді.

Менің негізгі айтқым келгені осы кинодағы жоғарыда аталған екі әннің де мәтінін қазақша аударған өз өңірімізден шыққан белгілі ақын Күләш Ахметова екен. Яғни бұл киноға жамбылдықтардың да үлесі бар деген сөз. Себебі, тума таланттардың туындылары халықтың ортақ қазынасы.

Мен осы жөнінде көпшіліктен сұрап көріп едім, қарапайым халықтың да, үлкенді-кішілі режиссерлар мен актерлардың да 99 пайызы бейхабар екен. Сондықтан мен Күләш Ахметованың еңбегі тасада қалып кетпеу үшін әрі кейінгі ұрпақ та біліп жүрсін деген ниетпен қолыма қалам алдым. Және бұл көптен бері көкейімде жүрген тақырып еді.

Дегенмен, осыны тағы бір анықтап алу үшін аталған дүниенің авторы Күләш апаға арнайы жолықтым. Ол кісі мәтінді қазақша тәржімалау жөнінде таңдау қалай түскенін әңгімелеп берді. «Ол жолдасым,  ақын Қайырбек Асанов екеуіміз бала-шағамызбен Алматыда тұрып, сонда жұмыс істеп жүрген кезіміз еді. Жасым 43-те болатын. Сонда маған «Қазақфильм»  киностудиясынан бір кісі (аты қазір есіме түспеді) хабарласып, Виктор Цойдың «Ине» фильмінде орындалатын екі әнінің мәтінін қазақша аударып беруіме өтініш жасады. «Лажы болса жылдамырақ, дәлірек айтқанда бір-екі күнде. Себебі үш-төрт күннен кейін қазақша дыбыс жазамыз» деді. Маған дейін екі-үш ақынға айтқан екен. Бірақ олардың уақыттары болмады ма, әлде аудару қиынға соқты ма, әйтеуір жауапсыз қалыпты. Оның үстіне ол кезде ақындар көп емес еді ғой.

Сосын мен барымды салып, айтқан уақытында аударып бердім. Еңбегіме ақы да сұраған жоқпын. Олар мәтінді алуға келгенде көңілдерінен шыққандарын айтып, ризашылықтарын білдірді де кішігірім сый-сияпаттарын жасады.

Мен қазір сексеннің сеңгіріне шығып отырмын. Міне, содан бері аз жыл өтпепті. Зымырап өтіп жатқан өмір-ай...» деп Күләш апа сол шақтарды тағы  бір есіне  алды да, сәл үнсіз отырып қалды. Сосын маған екінің бірі біле бермейтін бұл мәселені ескеріп, көпшілікке жария еткенім үшін ризашылығы мен  алғысын білдірді де, сәттілік пен толағай табыстар тіледі. Сексен деген аз жас болмаса да, мен де «Күллі қазақтың Күләші» атанған ақын апамызға рахмет айтып, Жамбылдың жасын тіледім. 

Міне, бұл шығарма иелерінің біз біле бермейтін бір ғана дүниесі. Ал өнердің қай саласында болсын еңбектерін білгенімен есімдерін де,  өздерін де ел біле бермейтін авторлар қаншама. Сондықтан арзан дүниелер мен өресіз өнерпаздарды жарнамалап, ертелі-кеш солардың ғана аты-жөндерін  хабарлай бергенше алдымен солардан биік тұратын авторларды біліп жүрсек, кейінгі ұрпақтың алдында ұятқа қалмасымыз анық.

Бақытжан Әліқұлов,

ақын-журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар