Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында өткен іс-шараның мақсаты – Жамбыл шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық болмысты, ана тілінің көркемдік қуаты мен бай сөздік қорын насихаттау, сондай-ақ ақынның мол мұрасын жас ұрпаққа танытып, рухани құндылықтарды дәріптеу.
Марафон аясында бір ай бойы облыстың әр өңірінен қатысушылар Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқып, бейнероликтерін әлеуметтік желілерде жариялады. Байқауға 20-дан аса үміткер қатысып, қазылар алқасының шешімімен олардың арасынан үздік 11 қатысушы марапаттау кезеңіне өтті.
Іс-шара барысында көрерменге Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының үйірме қатысушысы Даниал Сұлтанхан арнауын орындаса, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры «Халық – менің шын атым» атты сахналық қойылым ұсынды. Жыршы әрі термеші, дәстүрлі әнші Бекарыс Көштаев ақын шығармаларынан жыр төкті.
Марапаттау рәсіміне облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысып, ізгі тілегін арнады.
– Облысымызға есімі берілген жырау, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған поэзия марафоны өлең сөздің мәнерін ұғындырды деп ойлаймын. Жамбыл атамыз – халық поэзиясының алыбы. Қазақ пен қырғыз арасында шебер айтыскерлігімен, ұшқыр ойымен кеңінен танылып, кезінде 15 республиканың астанасы болған Мәскеудің төріне шыққан ақын бабамыздың есімі әлемге танылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қайғы құшқан көпшілікті «Ленинградтық өренім» өлеңімен жұбатты, жүректерге үміт сыйлап, күш-жігер берді. Сол ақынның жүрегінен туған өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыған бүгінгі марафонға қатысушыларға алғыс айтамын, – деген басқарма басшысы марафон жеңімпаздарын марапаттады.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы Камила Абдуалиева жеңіп алды. Ал екінші орынды Жамбыл ауданының Айша бибі орта мектебінен қатысқан Мерей Жамалбек олжалады. Жүлделі үшінші орынды Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Әлия Отарбаева мен Жуалы ауданынан келген Т.Әкімов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Кристина Чакова иеленді. Өзге қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.
Айжан ӨЗБЕКОВА



