
Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Әбдірәсілованың айтуынша, аталған ауданда 53 білім беру мекемесі бар болса, оның 30-ының жетеуі бастауыш, біреуі негізгі, 22-сі жалпыға бірдей білім беретін мектеп көрінеді. Сонымен қатар мұнда өнер мектебі, техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы, педагогикалық - психологиялық түзету кабинеті, екі жекеменшік мектеп пен 10 мемлекеттік, 8 жекеменшік балабақша бар екен.
– Қазақстанның заманауи білім беру жүйесінің маңызды мақсаттарының бірі – әлеуметтік немесе экономикалық жағдайына және тұрғылықты мекеніне қарамастан, балалардың барлығына бірдей мүмкіндік жасау. Елімізде ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлінуде. Жамбыл ауданының білім бөлімі тарапынан жергілікті атқарушы билікпен келісім арқылы барлық бала үшін парасатты тәрбие мен сапалы білім алуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы мемлекет саясатын жүзеге асыру мақсатында ауқымды істер атқарылуда. Жоспарға сай жаңа мектеп салудың 7 жобасы, 7 білім беру мекемесін модернизациялау, 43 білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру және заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, білім беру ортасын жақсарту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру шамамен 10 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба заманауи білім беру стандарттарына сай тоғыз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау және аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру көзделген. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең жағдайда білім алу және жан-жақты даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта да сапалы білім беруге жағдай жасалып, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Аудан бойынша 30 мектептің жетеуі ыңғайласқан ғимаратта орналасқан болатын. Бүгінгі уақытта 2 мектеп жаңа құрылыс есебінен шешімін тапты. Бір мектептің құрылысы жүргізілуде, 3 мектеп 2026-2028 жылдары жаңа құрылыс есебінен шешімін табады. Өкінішке қарай бір мектеп 2026 жылы жабылады деп жоспарлап отырмыз. Анығын айтсақ, Жұма бастауыш мектебі ынғайласқан ғимаратта орналасқан. Онда 24 бала білім алуда, жобалық сыйымдылығы 30 орын. Демографиялық өсім төмен болуына байланысты экономикалық тұрғыдан мектеп салу тиімсіз болып отыр. Бұрнағы жылы Шоқай ауылында 150 орындық білім ошағы пайдалануға берілген болатын. Осы жылдың мамыр айында 2 мектептің құрылысы қолға алынды. Атап айтсақ, Шайдана ауылындағы 150 орындық мектеп 1, 495 миллиард теңгеге салынса, Бәйтерек ауылындағы 100 орындық мектептің құны 1, 216 миллиард теңгеге бағаланып, құрылыс жұұмыстары толық аяқталды. 2025 жылы Қостөбе ауылында 100 орындық мектеп құрылысы басталды, жоба құны – 1, 249 миллиард теңге. Алдағы 2026-2028 жылдары Қызылдиханда 150, Қапалда 80, Рахатта 80 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшуге бағытталған ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Аудан бойынша 18 білім беру мекемелері кешенді реновациядан өтеді. Жоспар бойынша 7 білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. 2024 жылдың маусым айында облыстық бюджеттен № 2, Абай, Төле би, Б.Кейкиев, Еңбек, Ә.Тарази және «Балдырған» балабақшасының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттен 42 миллион 266 мың теңге қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. 2026 жылға Төле би, Тарази, Абай және №2 орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. 10 білім беру мекемесіне ағымды жөндеу және кешенді материалдық жабдықтау жүргізіледі. Олар – М.Әуезов, Ә.Ысмайлұлы, Б.Момышұлы, Қ.Сартбаев, Б.Тайшапұлы, Т.Рысқұлов, Б.Еңбек, Еңбек, Жасөркен, Гродеково мектептері. Бір мектепке – реконструкциялау, яғни қосымша жапсарлас құрылыс жүргізілуде. Тоғызтарау ауылында Т.Тоқтаров атындағы орта мектепке жапсарлас құрылыс салу, атап айтқанда, мектепті спорт зал, асхана және 4 оқу кабинетімен жабдықтау және негізгі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Осы жылы аталған мектепке мердігер ретінде «АКМ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып, бүгінгі уақытта келісімшарт жасалды. Облыстық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады, – дейді З.Әбдірасілова.
Биыл ағымды жөндеуге ауданда 106 миллион теңге бөлініп, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің ғимараты ағымды жөндеуден өткізіліпті. 2 мектепті газдандыру, 2 мектепте жылыжай зертханасын іске қосу, 2 мектепке ауызсу жүргізу және басқа да қажетті нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген екен. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 1957 жылы салынғандықтан, бұл ұйым ескі ғимаратта 2006 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқанын айта кетуіміз керек.
Қазіргі уақытта Абай көшесі, №67 мекенжайында орналасқан кірпіштен салынған әкімшілік ғимаратқа да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жақында пайдалануға берілетін көрінеді. Аудан аумағындағы газдандырылған елді мекендердегі орналасқан білім беру мекемелерінің жылыту жүйесін газға ауыстыру бойынша жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатса керек.
– Осы сәтті пайдаланып, мектептерді жылумен қамтамасыз ету, қазандығын, жылу жүйесін жөндеу мәселесін де айта кеткенді жөн көріп отырмын. Ауданда 43 білім беру мекемесінің 38-і газбен, 15-і көмірмен жылытылуда. Өткен оқу жылында 3 білім беру мекемесі, яғни Төле би, №2 және «Гүлдер» балабақшасының жылу қазандығы газға ауыстырылса, биылғы оқу жылында 2 мектепті газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Негізінде ауданда білім саласына тиесілі 25 жылу қазандығы бар. Олар 22 орта мектеп пен бір негізгі, 8 балабақша және өнер мектебіне тиесілі. Автономды пеш арқылы жылыту түрімен 17, яғни Жұма, Рахат, Қостөбе, №4, №5, Алтынсарин, Шайдана, Қапал бастауыш мектептері, «Жасқанат», «Жәнібек», «Гүлдер», «Жауқазын», «Жұлдыз» секілді балабақша, екі мектептен тыс мекеме қамтамасыз етілген. 25 мектептің 18-і газбен, сегізі көмірмен жылытылады. 10 балабақшаның екеуі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, төртеуіне газ, қалғанына қатты отын пайдаланылады. 3 мектептен тыс білім беру мекемесі, яғни шығармашылық орталық орталықтандырылған жылу жүйесіне, өнер мектебі мен педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті газға қосылған. 2025-2026 жылғы жылыту маусымына 1215 тонна қатты отын қажет. Оның 115 тоннасын білім бөлімі, 1100 тоннасын «Жамбыл-Жылу» мекемесі қамтамасыз етеді. Осы жылға пешпен жылытылатын Жұма, Рахат, Қостөбе, Қапал бастауыш мектептеріне 115 тонна көмір сатып алу үшін білім бөлімі тарапынан 2 миллион 500 мың теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу порталына баға ұсыну тәсілімен 2 рет хабарлама беріліп, көмір сатып алу құнының төмен болуына байланысты мердігер анықталмады. 8 мектептің, 2 балабақшаның жылу қазандықтары «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының теңгеріміне берілген. Олар – Абай, Айша бибі, Гродеково, Жасөркен, Б.Момышұлы, №1, Ә.Ысмайылұлы, М.Әуезов атындағы орта мектептер мен «Сәуле», «Балдырған» балабақшасы. Жамбыл аудандық білім бөлімінің теңгеріміндегі 17 мектептің жылу қазандығына техникалық қызмет көрсету бойынша «Жамбыл-Жылу» мекемесімен келісімшарт жасалып, олар 17 мектептің жылу қазандығының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуде. Жалпы 17 мектептің 8-і көмірмен жылытылатын болғандықтан «Жамбыл-Жылу» мекемесі жылу қазандығын 1100 тонна қатты отынмен қамтамасыз етуге міндеттелген. Қазіргі таңда «Жамбыл- Жылу» мекемесінің қоймасында 600 тонна көмір бар. 500 тонна көмірге тауар биржасы арқылы хабарлама беріліп, бұл қажеттілік қыркүйек айында қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 45 білім беру мекемелерінің 2,6 шақырым жылу құбырларын заңдастыруға 16 миллион 453 мың теңге облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Құжаттар толық рәсімделіп біткеннен кейін жылу қазандығы «Жамбыл-Жылу» мекемесіне беріледі. Жылумен қамтамасыз етуді қадағалау және талапқа сай төлем жүргізу үшін 22 орта мектепке жылу есептегіш құралдары орнатылған. Электр жарығы сөніп қалған жағдайда пайдалану үшін 21 мектеп электрогенератор қондырғысымен қамтамасыз етілген. Биыл К.Сартбаев, Т.Рысқұлов орта мектептерінің жылу құбырын ауыстыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 6 миллион 200 мың теңге қарастырылып, игерілді. Өткен жылы К.Сартбаев атындағы орта мектептің 80 метр, Еңбек орта мектебінің 120 метр, Төле би орта мектебінің 80 метр жылу желілері ауыстырылды. Осы жылы аудандағы 2 білім беру мекемесіне газ жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, «Жамбыл-Жылу» мекемесімен бірлесе отырып газ жүргізу және қазандық орнату жұмыстары жоспарланып отыр. Ол үшін білім бөлімі керекті қазандық және газ құбырын сатып алу үшін ішкі үнемделген қаржы арқылы шешімін табатын болса, «Жамбыл-Жылу» мекемесі газды тарту, қазандық орнату жұмыстарын жүргізетін болады. Білім нысандарын газдандыру бойынша 2022-2026 жылдарға арналған жол картасына сәйкес былтыр 19 миллион 058 мың теңге бөлініп Қаратау ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы және Еңбек ауылындағы Еңбек орта мектептерінің жылу қазандығына газ құбыры жүргізіліп, қазандық орнатылды. Сонымен қатар биыл Аса ауылындағы «Балдырған» бөбекжай -балабақшасына газ жүргізу арқылы модулді автономды жылыу қазандығын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Құмтиын ауылындағы №2 орта мектебінің жылу қазандығына газ құбырын жүргізу және қазандығын орнатуға 9 миллион 529 мың теңге, нақ осындай жұмыс үшін Қаракемер ауылындағы Төле би орта мектебіне де осыншама қаржы жұмсалды, – дейді Зәуре Сәдуақасқызы.
Биыл аудандағы білім беру мекемелері 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Абай және Гродеково орта мектептеріне ауызсу құбырын жүргізу жұмыстары толық аяқталған екен. Жылыту маусымына дайындық бойынша 43 білім беру мекемелеріндегі электр желілері, өрт сөндіру құралдары қайта тексеруден өткізіліп, оқу кабинеттеріне жылу өлшеуіш термометр орнатылыпты. «Балдырған» бөбекжай бақшасы ғимаратын ағымды жөндеуден өткізу арқылы жеке модульді автономды қазандық қою жұмыстары жоспарға сай жүргізілмек. Білім бөлімі тарапынан оқушылардың дамуына ықпал ететін кітапхана, асхана, спортзал, акт зал сынды маңызды нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады екен.
– Биыл 3 мектепке футбол алаңы салынды. Тарқата айтсақ, № 1 орта мектеп пен Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның, Ю.Гагарин атындағы метеп-лицейдің оқушылары үшін футбол алаңының мәселесі шешімін тапты. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия мен Жасөркен орта мектебінің акт залы мен асханасы жөндеуден өткізіліп, Айша бибі, №1, Тоқтаров атындағы орта мектебінің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Еңбек және Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің жылыжайын ағымды жөндеуден өткізіп, іске қосу жоспарда бар. Аудандағы білім беру ұйымдарын жаңа үлгідегі пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 79 пайызға жетті. Оның ішінде 20 лингафонды-мультимедиалық, 22 физика, 23 химия және 22 биология кабинеті толық жасақталып, оқушылардың игілігіне берілді. 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 233 миллион теңге есебінен 29 жаңа үлгідегі кабинетке қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде бес кабинет химия пәніне, алты кабинет физика пәніне, жеті кабинет биология пәніне арналды. Сонымен қатар бір кабинет STEM бағыты бойынша, бір кабинет робототехникаға, ал тоғыз кабинет ұлдар мен қыздардың технология пәніне толық жарақтандырылды. Өткен оқу жылында аудан мектептерінде тағы да 20 жаңа үлгідегі кабинетке құрал-жабдықтар қажеттілігі туындады. Атап айтқанда, үш кабинет химияға, үш кабинет физикаға, үш кабинет биологияға, үш кабинет STEM бағытына, үш кабинет робототехникаға және бес кабинет технология пәніне жабдықталуы тиіс. Осы мақсатта облыстық бюджетке 186 миллион теңге көлемінде өтінім беріліп, қаржы бөлінуі күтілуде. Мектеп жиһаздарын жаңартуға жыл сайын көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 18 мектепке 23 миллион теңгеге 27 сынып жиһазы, Биыл 23 мектепке 11 миллион теңгеге 23 сынып жиһазы сатып алынып, пайдалануға берілді. Аудандағы 53 білім беру нысандарының 29-ы бірінші және екінші санатқа жатады, ал 14-і террористік тұрғыдан осал емес нысандар болып есептеледі. Осылайша барлығы екі топқа бөлініп, толықтай қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, аудандағы 30 мектептің сегізі террористік тұрғыдан осал емес саналады. Ал қалғандарының ішінде 14 мектеп бірінші топқа енгізілген. Бұл – оқушы саны 100-ден 300-ге дейінгі білім ошақтары. Тағы сегіз мектеп екінші топқа жатады. Мұнда оқушылар саны 300-ден асады. Сондай-ақ аудандағы 10 балабақшаның төртеуі террористік тұрғыдан осал емес санатқа кірсе, төртеуі бірінші топқа, екеуі екінші топқа жатқызылған. Қосымша білім беру ұйымдары да толық қамтылған. Олардың қатарында М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебі, техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы, сондай-ақ педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті бар. Осы үш мекеменің екеуі террористік тұрғыдан осал емес деп танылса, біреуі екінші топқа енгізілген. Аудандағы білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда тұр. Бұл бағытта оқу орындарын бейнебақылау камераларымен, мамандандырылған күзет қызметімен, дабыл түймесімен және турникеттермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымдары толықтай бейнебақылау жүйесімен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Нақтырақ айтқанда, 22 мектепке 220 бейнекамера орнатылған. Бұдан бөлек, 6 балабақшада 64 бейнекамера, 2 қосымша білім беру мекемесінде 18 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 302 бейнебақылау камерасы орталық жүйеге интеграцияланған. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы «Білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» №117 бұйрығын іске асыру мақсатында ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған құжатқа сәйкес білім беру ұйымдары екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа оқушы саны 300-ден 700-ге дейінгі мектептер кіреді. Олар бейнебақылау камераларымен, орталықтандырылған бақылау пунктіне қосылған жүйемен, дыбыстық құлақтандыру құрылғысымен, интернет желісімен және дабыл түймесімен қамтамасыз етілуі тиіс. Екінші топқа оқушы саны 700-ден асатын ұйымдар жатады. Мұндай нысандарда бейнебақылау камерасы, орталықтандырылған бақылау жүйесі, дыбыстық құлақтандыру, интернет, дабыл түймесімен қатар турникеттер мен мамандандырылған күзет қызметі қарастырылған, – дейді Зауре Әбдірасілова.
Бүгінгі таңда аудандағы білім беру ұйымдарында оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалуда. Соның ішінде интернетке қолжетімділік мәселесі басты назарда тұр. Өйткені қазіргі заманның білім беру жүйесі ақпараттық технологияларсыз, онлайн платформалар мен цифрлық құралдарсыз толыққанды жүзеге аспайтыны белгілі. аталған білім бөлімінің басшысы аудандағы жалпы саны 30 білім беру мекемесінің барлығы интернет желісіне қосылғанын айтады. Әр мектепте Wi-Fi құрылғылары орнатылып, ұстаздар мен оқушыларға еркін пайдалану мүмкіндігі жасалыпты. Мектептердің интернетпен қамтылуы бүгінгі таңда 100 пайызды құрап отыр. Бұл – аудан мектептерінің түгелдей дерлік интернетке қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
Айта кету керек, шалғай ауылдардағы мектептер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Жамбыл ауданы бойынша үш білім ордасы – №2 орта мектеп, Жамбыл орта мектебі және Матросов атындағы негізгі мектеп – Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылыпты. Аталған жылдам әрі тұрақты интернет шалғайдағы ауылдарға үлкен мүмкіндік беріп отырған көрінеді. Жаңа жүйенің арқасында ауыл оқушылары да қаладағы замандастарымен бірдей деңгейде білім ресурстарына қол жеткізіп отыр. Онлайн сабақтарға қатысу, цифрлық кітапханалар мен түрлі білім беру платформаларын пайдалану мүмкіндігі кеңейе түскен. Жалпы, аудан мектептерінің түгелдей интернетпен қамтылуы білім сапасын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартуға, оқушылардың ақпараттық сауаттылығын дамытуға зор ықпал етуде.
Мектеп инфрақұрылымын мемлекет тарапынан жаңарту жұмыстарымен қатар, жергілікті ата-аналар мен түлектер тарапынан да қолдау көрсетіліп, білім мекемелерін дамытуға өз үлестерін қосып жатқанын айта кетуіміз керек. Мысалы мектепті 20,30,40 жыл бұрын бітірген түлектер өздерінің білім ошақтарына 5 968 000 теңгеге 30-ға жуық сыйлық тарту етіпті. Атап айтсақ, шатер, теледидар, сағаттар, киіз үйдің қанаттары ұсынылып, субұрқақты жөндеу және мектеп ішін безендіру жұмыстары жүргізіліпті.
– Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға түлектер де өз үлестерін қосып келеді. Соңғы жылдары білім ордаларына жасалған қомақты демеушіліктер соның айғағы. Мәселен, Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке түлектер 250 мың теңгеге теледидар сыйлады. Төле би атындағы орта мектептің түлектері 600 мың теңгеге «Түлектер аллеясын» жасақтап берді. Ал Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияға 800 мың теңгеге ботаникалық бақ салынды. Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке 350 мың теңгеге су сүзгісі орнатылып, қосымша 800 мың теңгеге мектеп ғимаратын безендіру жұмыстары жүргізілді. Бірлесу-Еңбек орта мектебінің түлектері де қалыс қалған жоқ, олар 950 мың теңгеге мектеп ауласын көркейтіп берді. Т.Тоқтаров атындағы орта мектепке 800 мың теңгеге «Ұстаздар аллеясы» тарту етілді. Осы секілді игі істер біріншіден, түлектердің туған жерге, білім берген ұстаздарына деген құрметінің айқын көрінісі. Екіншіден, ауыл мектептерінің инфрақұрылымдық әлеуетінің артуына қосылған зор үлес, – дейді Зәуре Сәдуақасқызы.
Қорыта айтқанда, Жамбыл ауданы мектептерінің инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып, нығайып келеді. Заманауи пәндік кабинеттердің жасақталуы, сапалы интернеттің қолжетімді болуы оқушылардың қамы үшін жасалған игілік. Қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі мен түлектердің қамқорлығы да жас ұрпаққа лайықты білім беру ісіне қызмет етіп отыр. Осындай жетістіктер ауданның білім беру саласының әлеуетімен қоса абыройын да асқақтата беретіні сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ