Ақын Серік Томанов 1956 жылы Талас ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің редакциясында бастады. Алғашқы өлеңдері де осында жарияланды. Ақынның алғашқы жыр жинағы 2000 жылы «Адасып жүрген ақбөкен едім» деген атаумен жарық көрді. Сонымен қатар «Пәруана», «Жұлдыздан терем өлеңді», «Тығырық» секілді бірнеше жыр жинағының авторы. Оның «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған» атты өлеңдеріне танымал сазгерлер ән жазған. Өлең өлкесінде өзінің соқпағын қалдырған сыршыл ақын небәрі 47 жасқа қараған шағында, яғни 2003 жылы дүниеден өтті.
Жыр кешіне ақынның өлеңдеріне ән жазып, кеңінен танытқан сазгер Сәрсенбек Бәкір мен «Талас» триосы арнайы келді. Сазгер Серік Томановпен бірлесе жұмыс атқарған бес жылда 5 ән жазғанын, ең алғашқысы «Аузынан айдың түскен қыз» екенін айтты. Әсерлі әңгіме барысында бұл әнді автордың өзі жанды дауыста орындап, жиылған көпшіліктің көңіліне нұр құйды.
Еркін форматта өткен жиында ақынның көзін көрген, жырын жаттап өскен буынның өкілі Гүлзада Қырықбаева да өз естелігін әңгімелеп берді. Ол студенттік кездің жарқын шағы дәл осы Серік Томановтың өлеңдерімен ерекше мәнге ие болғанын жеткізді.
«Тараз» мамандандырылған колледжінің студенттері де осы жиында ақынның «Жыр айна», «Ақын екем», «Тарт қолыңды», «Жырым менің жүйрігім» өлеңдерін жатқа оқыды.
Сондай-ақ орталықтың «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар ел аузында қалған ақынның студенттік кездегі емтихан тапсыру оқиғасын әңгімелеп берді.
Әнмен басталған жиынның соңы да «Талас» триосының орындауындағы «Сезімді қайтем тулаған» әнімен тәмамдалды.
«AR-AI»-ақпарат



