
Алдымен Елдос Бекболатұлы Шу қаласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, моноқаладағы 313 көшенің 39 пайызы биылға дейін асфальтталмағанын, 2023-2024 жылдары небәрі 62 көшеге асфальт жабындысы төселгенін сөз етті. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 2023 жылмен салыстырғанда былтыр 52 пайыздан 61 пайызға жеткен екен.
– 2025 жылы 44 көшеге асфальт төсеу жұмыстары қолға алынып, осы шаруаны қазан айына дейін толығымен аяқтау жоспарланды. Ауызсу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. «Қант зауыты» шағынауданында жүріп жатқан ауызсудың құрылыс жұмысы толық аяқталды. Ал «Жанкулиев», «Жайсан» және «Горгаз» аудандарында жұмыстар 60 пайызға орындалды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталса, қала тұрғындары ауызсумен толық қамтылатын болады.
Қаланы абаттандыруға қатысты жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, қазан айында ашылады. Қант зауытындағы Қасымхан көшесіндегі саябақ та жаңартылады. Шу қаласының кіреберісіндегі стелла заманауи келбетке ие болды. Сонымен қатар 5 мың түп ағаш егілетін жасыл аймақ қалыптастыру басталды.
Елді мекеннің басты нысаны – 1989 жылы салынған Шу теміржол вокзалы. Жобалық құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен бірге вокзал алдындағы аумақты абаттандыруға 524 миллион теңге қарастырылған, – деді Елдос Бекболатұлы.
Шу қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару «Төле би» кәсіпорнына жүктелген екен. Қазіргі таңда 2 900 үймен келісімшарт жасалған. 2024 жылы қоқыс алаңдарының 10 орны жаңартылыпты. Алдағы жылы тағы 5 орын ретке келтірілмек. Бей-берекет қоқыс тастаудың алдын алу мақсатында қала аумағына 23 бейнебақылау камерасы орнатылыпты.
Спикердің айтуынша, Шу қаласында бюджеттен тыс демеушілер есебінен де ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Кәсіпкерлердің қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға азық-түлік, көмір мен ет өнімдері таратылған. Қала тазалығын арттыруға арналған «Таза қала» байқауында жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталыпты.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ