Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

518 жол белгісі орнатылды

518 жол белгісі орнатылды
istockphoto.com
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Болатбек Баятанов «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, биыл берілген нұсқамалар негізінде облыс жолдарында ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Атап өтер болсақ, 518 жаңа жол белгісі қойылып, 9 бағдаршам нысаны орнатылып, 11 325 шақырым жол таңбалары жаңартылыпты. Сонымен қатар 11 721 шаршы метр жол төсемі жөнделіп, 30 жол буфері жаңартылған.

– Бұдан бөлек, 3 363 белгі беру бағаны, 6 200 жарық қайтарғыш катафот қойылды. Жол бойындағы 4 102 метр қисық сызықты қоршаулар ауыстырылып, 730 метр жасанды жол бұдырлары қалпына келтірілді. Сондай-ақ 9 жол учаскесінде жыпылықтайтын шамдар, жануарлар мен патрульдік көліктердің макеттері орнатылды және 53 ауылдық жол учаскесінде шу жолағы жаңартылды.

Сондай-ақ балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың маңындағы аумақтар тексеріліп, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар жаңартылып, тиісті жол белгілері орнатылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар да өңірде жүйелі түрде жалғасуда. Әкімдік пен уәкілетті органдар, әсіресе, білім беру мекемелерінің маңында және қауіпті апатты жол учаскелерінде бақылауды күшейтуді жалғастырады.

Айта кетсек, осы жылдың басынан бастап аймақтағы автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері 2 381 жолды тексеру жұмысын жүргізді. Атқарылған жұмыстар аясында 16 386 шақырым жол жабыны тексерілді. Тексеру нәтижесінде жол-көлік инфрақұрылымына және көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты 10 579 түрлі кемшілік анықталды. Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін жол жөндеу ұйымдарының басшыларына 2 381 нұсқама берілді, – дейді Болатбек Темірханұлы.

Автомобиль жолдарын тиісті деңгейде ұстамағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 293 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың қатарында Тараз қаласы, Тұрар Рысқұлов, Шу және Меркі аудандары әкімдіктерінің өкілдері бар. Олар полиция қызметкерлерінің нұсқамаларын орындамағаны үшін жазаланған екен. Сонымен қатар Болатбек Баятанов жұртшылықтың жолда жүру ережелерімен жете таныс болуын ескертуді де ұмытпады.

 

 

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Шу вокзалы жаңартылуда
Алдыңғы мақала
Шу вокзалы жаңартылуда

Ұқсас жаңалықтар