
Жалпы өнім көлемі 3,7 пайызға өсті
Агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін және Президент тапсырмаларын жүзеге асыруда Үкіметтің жүйелі жұмысын айғақтайды. 2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,7 пайызға өсіп, 2,4 триллион теңгеге жетті. Өсім мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Қайта өңдеу саласы озық даму қарқынын көрсетіп отыр: азық-түлік өнімдерінің өндірісі 9,2 пайызға өсіп, 2,13 триллион теңгені құрады, сусындар өндірісі 6,8 пайызға (692,4 миллиард теңге) артты. Өсімдік майының өндірісі (+24 пайыз), сары май (+10,4 пайыз), шұжық өнімдері (+9 пайыз), ұн өндірісі (+6,6 пайыз) өсті.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 442,7 миллиард теңгеге (+26,5 пайыз) жетті, азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 104,2 миллиард теңгені (+48 пайыз) құрады. Бұл ресурстар саланы жаңғыртуға және заманауи технология енгізуге бағытталды.
–Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында тікелей субсидиялаудан қолжетімді несиелеуге көшудің және коммерциялық банктердің қаражатын тартудың маңызын атап өтті. Осының нәтижесінде 2024 жылдан бастап жылдық ставкасы 5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бюджет пен жеке қаражат көздерінің ресурстарын біріктіру арқылы мүмкін болды, — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Мемлекеттік қолдау жүйелі түрде сақталып келеді. 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие көлемі 700 миллиард теңгеге дейін ұлғайды (2014 жылы – 70 миллиард теңге). Алдағы жылдары бұл қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеге жеткізілмек. Егіс науқанына қаржыландыру 2024 жылдың қараша айынан басталды, бұл шаруаларға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берді.
Жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы іске қосылды. Ол жалпы құны 250 миллиард теңгені құрайтын кемінде 6 мың дана техниканы сатып алуды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, қайта өңдеушілерге айналым қаражатын қаржыландыру үшін 44 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
Негізгі тетіктермен қатар арнайы қолдау бағдарламалары да жүзеге асырылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооперативтерге, соның ішінде өнімді қайта өңдеуге, 5 жылға дейінгі мерзімге 2,5 пайыз жеңілдетілген несие беріледі. «Кең дала» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге 5 пайыз мөлшерлемемен қаржыландыру ұсынылады. «Агробизнес» бағдарламасы бюджет, Ұлттық қор және жеке инвестициялар есебінен өндірісті жаңғыртуға, құрылыс жүргізуге және айналым қаражатын толықтыруға жағдай жасайды. Мұндай кешенді шаралар ауыл шаруашылығы саласындағы әр шаруашылықтың ерекшелігіне қарай ең тиімді шарттарды таңдауға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығы: стратегиялық сала және дамудың жаңа тетіктері
Мал шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Ол агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімінің шамамен 40 пайызын құрайды. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында өндіріс көлемі 3,4 пайызға өсіп, 2 триллион теңгеге жуықтады. Ет өндірісі 2 пайызға артты, сүт өндіру көлемі 6,5 пайызға ұлғайды.
Мал мен құс саны да тұрақты көбейіп келеді. Ірі қара 8,7 миллион (+0,3 пайыз), жылқы 4,6 миллион (+6,7 пайыз), түйе 300 мың (+3,9 пайыз) басқа жетті. Осы ретте қой басының 3,7 пайызға кемігені байқалады (21,1 миллион бас).
Қазақстанның экспорттық әлеуеті нығайып келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айында сиыр еті экспорты 2,5 есеге (12,3 мың тонна), қой еті 2,6 есеге (9,2 мың тонна) көбейді. Алғаш рет 797 тонна шошқа еті сыртқа шығарылды. Бұл нәтижелер отандық өнімнің бәсекеге қабілетті және халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Сүт өндіру саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. 2023–2025 жылдары жылына 300 мың тоннадан астам өнім беретін 48 сүт тауарлы фермасы салынды. Жаңа фермалардағы орташа жылдық сауым 8,2 мың литрге жетсе, алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 11 мың литрге дейін барады. Бұл деңгей Еуропаның жетекші елдеріне сай келеді. 2024 жылы 688 мың тонна сүт өндірілді. 2025 жылы тағы 32 кешен іске қосылып, қосымша 152 мың тонна өнім алу жоспарланған.
–Етті ірі қара мал шаруашылығында несие таза 5 пайызбен беріледі. Қаржыландыру көлемі 50 миллиард теңге. Ал биыл өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу бағытына 44 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар фермерлердің кепілге қолжетімділігі мәселесін шешу үшін несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру бағдарламасы жүзеге асырылуда, – деді Айдарбек Сапаров.
2025 жылғы 1 тамыздан бастап бордақылау алаңдарын жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарламаға 50 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама өндірістік қуаттарды 60 пайыздан астам деңгейде пайдалануға және шығарылатын өнімнің кемінде жартысын ішкі нарыққа өткізуге жағдай жасайды.
Аустралиялық үлгі бойынша ет кластерлері дамып келеді. 2024 жылы 9 миллиард теңгеге төрт жоба қаржыландырылса, 2025 жылға жалпы құны 21,7 миллиард теңгені құрайтын он басым жоба айқындалды. Түркістан облысында түйіршіктелген жем өндіретін зауыт пен 15 мың басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Бұл жобалар «жемшөптен қайта өңдеуге дейінгі» толық тізбекті қалыптастырудың негізін қалайды.
Соңғы бес жылда құс еті бойынша импортқа тәуелділік 42 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеді. 2024 жылы Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жылына 15,9 мың тонна ет өндіруге қуатты алты құс фабрикасы іске қосылды. Негізгі міндет – бұл бағытта елді толықтай өз өнімімізбен қамтамасыз ету.
Осылайша, Қазақстандағы мал шаруашылығы тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр. Ішкі өндіріс көлемі артып, экспорттық әлеуеті нығайып келеді. Жаңа қолдау тетіктері енгізілуде және әлемдік деңгейдегі кластерлер құрылуда. Бұл саланы бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің басты өсім нүктелерінің біріне айналдырады.
Өсімдік шаруашылығы: егісті әртараптандыру және жаңа өнімділік стандарттары
Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы өндірістің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған жүйелі трансформациядан өтуде. Саланың негізгі міндеті – егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу. Биыл бидай алқабы 884,6 мың гектарға қысқарып, 12,3 миллион гектарды құрады. Ал майлы дақылдардың көлемі 1 миллион гектарға ұлғайып, 4 миллион гектарға жетті. Сонымен қатар қант қызылшасының егіс құрылымын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.
-Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізуді тапсырған болатын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, 158 мың гектарды құрады. Ал биыл су үнемдейтін технологиялар қазірдің өзінде 109,8 мың гектар алқапқа енгізілді. Жалпы су үнемдейтін технологиялар қолданылатын жер көлемі 580 мың гектарға ұлғайды, — деді Айдарбек Сапаров.
2024 жылы фермерлер 25,2 миллион тонна астық жинап, бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. Оның ішінде 18,6 миллион тоннасы бидай. Орташа өнімділік гектарына 14,2 центнер. Мұндай жоғары нәтижеге енгізілген тыңайтқыш көлемінің екі есеге ұлғаюы (2023 жылы 1,3 миллион тонна) айрықша ықпал етті. Биыл бұл көрсеткішті 1,9 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған.
Тұқым шаруашылығына және материалдық-техникалық базаны жаңартуға айрықша назар аударылып отыр. 2025 жылы элиталық тұқымдардың үлесін жалпы егіс көлемінің 10,5 пайызына дейін жеткізу, ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 6,5 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Тек 2023 жылдың өзінде ғана шаруалар 22 мың бірлік техника сатып алды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен жоғары.
Фермерлер үшін елеулі қолдау құралы болып субсидиялау шаралары қала береді. Мемлекет элиталық тұқымдар құнын 70 пайызға дейін, отандық өндірістегі минералды тыңайтқыштардың құнын 60 пайызға дейін өтейді, сондай-ақ пестицидтер шығынын 50 пайызға және биопрепараттар шығынын 40 пайызға өтемақылайды. 2025 жылы басым дақылдарды субсидиялауға 25,8 миллиард теңге бөлініп, бұл фермерлерге өнімділікті арттыру үшін қосымша ресурс береді.
Жүйелі шаралар 2024–2028 жылдарға арналған Жол картасында бекітілген. Онда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі еселеу көзделген. Негізгі басымдық бидайдың монокультурасын және суармалы егіншілікті көп қажет ететін күріш пен мақта сияқты дақылдарды қысқартуға берілген. Сонымен қатар майлы, көкөніс-бақша және малазықтық дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қарастырылған. Мұндай тәсіл өндірістің тиімділігін арттырып, мал шаруашылығының жем-шөп қорын нығайтуға мүмкіндік береді.
Селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы дақылдарының кемінде 109 жаңа сорты мен будандарын шығару көзделген. 2024 жылы 52,3 пайызды құраған отандық селекция тұқымдарымен егілетін алқаптардың үлесін 2028 жылға қарай 78,2 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Осы мақсатта ұсынылатын сорттардың Мемлекеттік тізілімі қалыптастырылып, ұлттық тұқымдардың генетикалық банкі құрылуда. Бұл ішкі селекция нәтижелерін бекітіп қана қоймай, сонымен қатар отандық өсімдік шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – несиеден жаңғыртудың кешенді жоспарларына дейін
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу аграрлық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға жеткізілуі тиіс. Осы мақсатта мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары іске асырылуда.
2024 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттау көлемі 5,1 миллиард АҚШ доллары болды, оның 52 пайызы қайта өңделген өнімге тиесілі. Бұл 2,6 миллиард АҚШ долларын құрайды, ал былтыр бұл көрсеткіш 43 пайыз болған. Осы көрсеткіш отандық қайта өңдеу саласының тұрақты даму қарқыны мен бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын дәлелдейді.
Қазақстанда қайта өңдеу саласында шамамен екі мың кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде сүт (18,8 пайыз), ет (18,5 пайыз), астық (17,4 пайыз) және май-шикізат (12,5 пайыз) салалары көш басында. 2024 жылы 41,5 миллиард теңге көлемінде 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
2025 жылы бизнеске қолдау көрсету мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жалғастырылды. Осы мақсаттарға 44 миллиард теңге бөлінді. 60-тан астам өтінім мақұлданып, 26 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қайта өңдеу кәсіпорындарын салу немесе жаңғырту бағытындаинвестициялық субсидиялау жұмыс істейді. Бұл мақсатта шығынның 15–50 пайызын өтеу қарастырылған. Қант саласында өтемақының көлемі 40 пайызға дейін артты, жұмыртқа өңдеуде субсидия 40 пайызға дейін енгізілді. Ал сүт саласында құрғақ сүт пен сарысу жабдықтарына шығынның 25 пайызына дейін өтемақы қарастырылған.
Кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ететін сүт фермалары, қой шаруашылығы кәсіпорындары және қабылдау пункттері желісі құрылады. Фермерлерге қолдау қайта өңдеуге тапсырылған жұқа және жартылай жұқа жүн көлеміне субсидиялау арқылы да көрсетіледі, бұл бір жағынан өндірушілердің шығындарын азайтып, екінші жағынан қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын толық пайдалануына мүмкіндік береді.
Ішкі нарықты қорғау мақсатында шикізатты экспортқа шығаруға шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, майлы дақыл тұқымдарын шығаруға баж салығы қолданылып, тірі мал экспорты квоталанған, сондай-ақ тері мен жүн шығаруға шектеулер қойылған. Бұл шаралар шикізат қорын ел ішінде сақтап, оны қайта өңдеуге бағыттап, елде қосылған құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ғылым және инновациялар: АӨК жаңғыртудың негізі
Президенттің тапсырмаларын орындаудағы маңызды бағыттардың бірі – аграрлық ғылымды дамыту және инновацияларды енгізу. Осы мақсатта Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАТО) базасында білім, ғылым және бизнесті біріктіретін вертикалды интеграцияланған агротехнологиялық хаб құрылуда. Қазіргі таңда оның құрамына 33 ұйым – университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және тәжірибелік шаруашылықтар кіреді.
Ғылыми салаға қаржылық қолдау жүйелі сипатқа ие: 2025 жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын негізгі қаржыландыру көлемі 2,6 миллиард теңгеге артты, ал 2024–2026 жылдары бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға жыл сайын 9,6 миллиард теңге бағытталады. Бұл ауыл шаруашылығы кешенінің барлық негізгі бағыттарын – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығынан бастап қайта өңдеу, ветеринария және органикалық егіншілікке дейін қамтитын ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Заманауи зерттеу зертханаларын құруға және халықаралық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бастап Қазақстанда Қытаймен бірлескен биологиялық қауіпсіздік зертханасы және дән сапасын анықтайтын зертхана жұмыс істей бастады. 2025 жылғы маусымда органикалық өнімдерді сертификаттау орталығы және халықаралық санитарлық және ветеринарлық стандарттарға сәйкес тамақ қауіпсіздігі зертханасы ашылды. Бұл орталықтар пестицид қалдықтары, микотоксиндер, ауыр металдар және антибиотиктерді талдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, «жасыл» өндіріс стандарттарын енгізуге жол ашады.
2024 жылы Ақтөбе облысында Жылқы шаруашылығы және жемөндіру институтының құрылуы маңызды оқиға болды. Оның қызметі – жылқы тұқымдарын жетілдіру және отандық жем базасын дамытуға бағытталған.
Маңызды ғылыми жобалар қатарына ауыл шаруашылығы өнімдерін генетикалық паспорттау, климатқа бейімделген егіншілік және сенсорлар, дрондар мен AI-мониторинг жүйелерін қолданатын «ақылды фермалардың» цифрлық модельдері кіреді. Қытай, Нидерланды, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және басқа елдердің ғылыми орталықтарымен халықаралық ғылыми ынтымақтастық жүргізілуде.
2027–2029 жылдарға «Agri Export» (өнімдерді генетикалық сәйкестендіру, органикалық өнім өндірісі, климатқа төзімді технологиялар) және «Agri Future» (AgriTech-инкубатор, «АӨК-тің 100 жас ғалымы» бағдарламасы, фермерлерді VR/AR арқылы оқыту, жаңа буын цифрлық фермалар) бағдарламалары әзірленген. Бұл бастамалар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін ғаламдық ғылыми желілерге интеграциялауға негіздеп, саланы технологиялық серпінге шығаруға жағдай жасайды.
Осылайша, аграрлық ғылым ауыл шаруашылығын жаңғыртудың басты құрамдас бөлігіне айналып, оның бәсекеге қабілеттілігін, инновациялық сипатын және ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
-Аталған нәтижелер – аграрлық секторды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстың тікелей нәтижесі. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау шараларын жетілдіруді, саясаттың ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуді және ең бастысы, ауыл тұрғындары мен аграрлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастырады, — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенінде жүргізіп отырған шаралары Президенттің Жолдауын іске асыруда жүйелі тәсіл қолданылып жатқанын көрсетеді. Сала негізгі бағыттар – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығынан бастап терең қайта өңдеу мен ғылыми зерттеулерге дейін тұрақты дамып отыр. Инвестициялық тартымдылық қамтамасыз етіліп, импортты алмастыру мен экспортты көбейтуге қажетті негіз жасалды.
Primeminister.kz