Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сана саулығы- қоғам қауіпсіздігі

Сана саулығы- қоғам қауіпсіздігі
Автор
Денсаулығында ауытқуы бар адамдардың сан қырлы әлемін түсіну оңай емес. Олардың жүйкесі мен жанының үздіксіз шайқасы соғыс алаңы іспетті. Расында олардың ішкі дауысы не деп жатқанын біз, яғни сау адамдар естімейміз. Сондықтан олар көп жағдайда өз бойындағы күйзелісі мен үрейін сыртқа білдірмей, қалыпты кейіппен өмір сүруге тырысады екен. Олар неліктен кейде өзгеге қауіп төндіреді? Ерекше адамдарды қылмысқа, қатігездікке не итермелейді? Көп нәрсені түсіне қоймайтын, моп-момақан кейіпте жүрген жандардың, аяқ астынан агрессия танытып, түрлі қылмысқа барып, қауіп төндіретіні неліктен?

Медицина тұрғысынан алғанда, психикалық ауытқуы бар адамдардың қылмысқа баруы күрделі әрі көп факторлы мәселе болып қаралады. Мұндай жағдайға жауап та сан алуан, бір өлшемге салуға болмайды. Сондықтан медицина бірнеше негізгі себептерді алға тартады. Мәселен, шизофрения, биполярлы бұзылыс, паранойялық бұзылыстар, психоз сияқты кейбір ауыр диагноздар кезінде адамның шындықты қабылдау қабілеті бұзылады екен.

– Ақыл-ойында кемістігі бар науқастың ашуға бой алдырып, қылмысқа баруына олардың галлюцинация (естілмейтін дауыстар есту) немесе сандырақ ойлары арқылы әрекет етуі себеп болуы мүмкін. Кейде сондай елестер оларды зорлыққа итермелейді. Осындай диагнозы бар адамдар ем қабылдамаса немесе дәрі-дәрмегін ішпей жүрсе, жағдайы нашарлап, агрессиялық әрекеттерге бейімделуі ықтимал. Дәрігерлердің айтуынша, көптеген ауыр диагноз кезінде психоздық эпизод сәттерінде адам өз әрекетіне толық жауап бере алмайды. Одан бөлек, егер ауру адам алкоголь мен есірткі қолданса, қауіп төндіру күші екі еселенеді. Мұндай келеңсіздік олардың жағдайын ушықтырып, тежелу механизмдерін әлсіретіп, агрессияларын күшейтеді. Кедейлік, әлеуметтік оқшаулану да адамды күйзеліске ұшыратып, қауіпті әрекеттерге итермелейді. Психиатрлар мен психологтар науқасты бақылауда ұстауы қажет.

Сананың тереңінде жатқан шешілмеген ішкі дағдарыстар, уақыт өте келе, агрессия немесе күтпеген әрекет түрінде шығады. Мұндай жағдайлар көбіне психологиялық қолдаудың, уақтылы диагностика мен әлеуметтік қамқорлықтың жоқтығынан орын алады. Сол себепті бұл мәселені жеке адамның әлсіздігі емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыру керек. Сырттай қарағанда момақан, үндемес, тіпті еш ойсыз көрінетіндердің де бойында кейде «дауыл» тұрып жатады. Мұның жауабы - олар да пенде деген уәж. Сондықтан қуанышқа, түсіністікке, жылылыққа мұқтаж болып жүреді. Бірақ тағдырдың соққысы олардың жанын жаралап, кейбірінің ішкі әлемін күйретіп жіберген. Сөйтіп олар өз болмысына өзі жат болып кеткен. Сыртқы дүние мен ішкі күйзелістің арасындағы шекаралары жойылған. Сондай қиын кездерде адам өз-өзіне ие бола алмай қалады. Ішіндегі дауыс сыбырлайды. Оған ішкі мені «Қорған! Қарсы шық!» деп дабыл қағады. Содан кейін олар қарсылық танытады. Бірақ бұл қарсыласу кейде қатыгездікке, тіпті қылмысқа ұласып кетеді. Себебі олар өзінің қорғансыздығының орнын күшпен толтырғысы келеді. Олар өзіне қажет кезінде айналасынан мейірім көрмеген. Керісінше, мазақ көрген болуы мүмкін. Содан олар бір сәтте ашуға булығып, әрекет ете салады. Ал қоғам олардың іштей бірдеңе қажет еткенін пайымдай бермейді. Ең соңғы салдарын ғана көріп шошынады.

Олардың жүрегін жібіту үшін жақын тартатын бір сөз айтып, жылы көзқарас танытуың қажет. Дәл солай жан жылуыңды сыйласаң, талай трагедияның алдын алар еді. Бірақ біз көбіне мұндай жандарды «қауіпті» деп сырттай сызып тастаймыз. Олардың ішіндегі болып жатқан күрес біздің көзімізге көрінбейді. Кейде дәл солардың соғысынан өздері жеңілсе, олардың адамдығы да бірге жеңіледі. Жақындарының сатқындығы, қоғамның шеттетуі, жанайқайын ешкімнің естімеуі олардың ішкі әлемін тоздырады. Адам өмірден үміт үзсе, ертеңінен де бас тартады. Мұндай жандарға ең алдымен мейірім керек. Жанын жылытар сөз естіп, демеу болар адам тапса, бәрі оңынан тууға мүмкіндік көп. Уақытылы психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау – олардың тағдырын басқа арнаға бұруға себеп болады. Оларды жек көріп емес, түсініп көре алсақ, көп қасіретке тосқауыл болар едік. Адамдар өз болмысынан ауытқып кеткенде емес, мейірімнен алыстағанда адасатынын ұмытпайық, – дейді клиникалық псиохолог Айткүл Елемес.

 

Ауруы асқынғандар айналаға қауіпті

Бүгінде адам біткеннің бәрінің қолында телефон. Әп-сәтте кез-келген жаңалық әлемді шарлап кетеді. Сондықтан барлық оқыс оқиға тез арада тарап кетіп жүр. Әлеуметтік желіде ауытқуы бар жандардың қолымен жасалған түрлі жантүршігерлік қылмыстар бүгінде бірінен кейін бірі жаға ұстатуда.

Бірде дүкен ішіндегі бейнебақылау камерасында еңгезердей ер адам жас келіншекті тоқтатып, әлденеге көмектесуін өтінгендей қол бұлғайды. Әйел бөгде еркектің «бір өтініші бар шығар» деген оймен қасына барғанда, жеңіне тыққан пышағымен бұрышқа тақап, бейәдеп сөздер айтады. Сосын өзімен бірге сыртқа шығуын талап етеді. Бір таңқаларлығы ол мұның барлығын әлдекім естіп қоймасын деген сақтықпен, сыбырлап айтып тұрады. Бұл бейнебақылауда анық көрінеді. Кейін белгілі болғандай бұл ер адамның ақыл-ойында ауытқуы бар болып шықты.

Тағы бірде дүкенде кезекте тұрған ер адамның алған затын толық төлеуге қаражаты жетпей қалады. Сонда ол артында тұрған әйелге бұрылып, тиын сұрайды. Ол әйел артық тиыны жоқ екенін айтқанда, әлгі қарыз сұраған кісі қалтасындағы бәкісін шығарып, әйелге екі-үш мәрте сұққылап алып, қаша жөнеледі. Бұл оқиғада да ер адамның денсаулығында ауытқу бар болып шықты. Сол секілді жасырын бір бейнекамераға түсіп қалған бейтаныс еркектің жас қызға қарсы жасаған әрекеті тіпті жантүршігерлік. Қыздың қасына келіп отырған әлгі адам жан-жағына қарағыштап, басқа ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң қалтасынан өткір зат шығарып, қыздың тамағын орып жібереді. Күре тамырынан шапшыған қанға қарамастан қалтасын тексеріп, ыржалаңдай күліп, ақшасын алып кетіп бара жатады. Бұл көріністе де егде адамның ақыл-ойында кемістігі бар екендігі анықталды.

Тағы бірде бір жасөспірім жігіт таяғына сүйеніп, әрең жүріп бара жатқан кәрі әжейді теуіп құлатып, өзі қарқылдап күледі. Әжей әзер қозғалып, орнынан тұра бергенде әлгі бала өрескел қылығын тағы қайталап, әженің артынан теуіп құлата береді. Сәлден кейін ғана осы аймақтан өтіп бара жатқан бір азамат көмекке келеді. Қарап тұрсаңыз әлгі жасөспірімнің ісі де сау адамның тірлігі емес. Бұл қоғамның қорғансыз мүшелерінің қолымен жасалған қылмыстық әрекеттердің бір парасы ғана. Әлеуметтік желілерде желдей ескен мұндай көріністер адамгершілік пен парасаттың құлдырағанының ащы дәлелі іспетті өріп жүр. Айналамызда мейірім мен ізгілік азайып, қатыгездікке бой үйретіп бара жатқандай күй кештік. Психикалық ауытқуы бар адамдардың қылмыс жасауы қоғамдық, медициналық, құқықтық жүйелер арасындағы үйлесімсіздіктен, бақылаудың болмауынан туындап отыр.

Мәселен, бойында ауытқуы бар адамды кім бақылауы керек? Олардың қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін екенін біле тұра, жалғыз жіберуге бола ма? Негізінен науқас ресми түрде тіркеуде тұрса, оны психиатр мамандар тұрақты бақылап, ем-домын жүргізуі керек емес пе? Жағдайы нашарлағанын байқаса, ерікті немесе мәжбүрлі түрде емханаға жатқызуы тиіс. Алайда көп жағдайда науқастың ауыратынын туыстарының жасырып жүруі де кездеседі. Ал негізінен олар дәрігерлермен бірге жағдайды бақылап, күдікті өзгерістерді ерте байқауы керек. Ондай жандар жалғыз немесе қолдаусыз қалғанда, әлеуметтік қызметкерлер оларды қоғамға бейімдеуге, материалдық көмек көрсетуге міндетті. Науқас қауіпті қылықтар көрсете бастаса, бұл учаскелік полиция инспекторының назарында болуы қажет. Кейде медициналық бақылаудан қашып, агрессорлық белгілері байқалса, құқық қорғаушылар әрекет етуі тиіс. Мысалы, биыл 11 ақпан күні бір ер адамның кішкентай бүлдіршінді лифтіде пышақтаған бейнежазбасы әлеуметтік желіде лезде тарады. Жантүршігерлік жағдай көпқабатты үйлердің біріндегі лифтіде орын алған. Қанды оқиғаның видеосы бақылау камераларына түсіп қалып, мессенджерлерге таралып кеткен. Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстап алған болатын. Бүлдіршінді жарақаттаған жасөспірімнің жасы 14-те болып шықты. Психоневрологиялық есепте тұрады екен.

Ал 23 тамыз күні сағат 20:15 шамасында Алматы қаласында 13 жастағы бір бала аулада ойнап жүрген екі жасар баланы көтеріп, артынша бар күшімен жоғарыға қарай лақтырып жіберген. Одан кейін ол құлағын жауып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы Зарина Сапар әлеуметтік желіде жазды. Заринаның айтуынша, дереу жедел жәрдем шақырылып, бала №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер тек рентгенге түсіріп, қолына дәке байлап берумен шектелген. Анасы толық тексеріс жасауды сұрағанда, «балаңыз құспаса, талмаса, басына зақым түскен жоқ» деген жауап алыпты. Ол: «Оқиға орын алған уақыттан бастап арада 3 күн өтсе де, бірде-бір полиция қызметкері хабарласпады. Ал дүйсенбі күні барсам, арызым қабылданбайтынын айтты. Себебі 13 жасар баланың үстінен сот ісі жүргізілмейді екен. Сонда егер ол менің баламды өлтіріп қойса да, ешкім жауап бермей ме? Әділет қайда?», – дейді.

Оқиға орын алған күні кешке 13 жасар баланың ата-анасы кешірім сұраған. Олар «Балаңыздың еміне өзіміз көмектесеміз» деп уәде берген. Алайда келесі күні сөзінен тайқып, «Баланы тек қалалық аурухана қарайды, МРТ түсіруге болмайды» деумен шектелген екен.

– Неге ата-анасы өз баласына қарамайды? Жағдайын біле тұра, көшеге жалғыз жібереді? Ал ойнап жүрген кішкентай баланы лақтырып кетсе, біз үндемей отыра беруіміз керек пе? Әрбір баланың құқығы қорғалуы тиіс. Ерекше қажеттілігі бар бала болсын, сау бала болсын – ешкімнің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі керек, – дейді Зарина.

Аталған дерек бойынша бүгінде Алматы қаласындағы Әуезов аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалған.

 

Дертке дауа қайткенде қонады?

Біз көбіне қылмысты қасақана жасалған немесе айқын жоспарланған әрекет деп түсінеміз. Алайда психикалық ауытқуы бар жандардың кейбірі өз әрекетіне есеп бере алмай, қоғамдық қауіп тудыруы мүмкін. Денсаулығында ауытқуы бар адамдардың мұндай әрекетке не үшін баратынын психолог Мира Аспандиярдан сұраған едік.

– Мысалы, шизофрения, психоз, ауыр депрессия сынды психикалық ауытқулар кей сәтте адамның шындықты қабылдау қабілетін бұзады. Ол «өзін-өзі қорғаймын» деп кейде айналасына шабуыл жасауы мүмкін. Олар көбіне елес көріп, шындық пен қиялды ажырата алмай қалады. Сөйтіп бейтаныс адамдарға зиян келтіру ықтималдығы артады. Бұл әрине, қорқынышты жағдай. Бірақ олардың жағдайындағы ащы шындық осындай. Сондай сәттерде бойында ауытқуы бар адамдардан зиян шеккен бейкүнә жандар арамызда бар. Қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға сәйкес адамдар тек нәтиже мен салдарға үңіледі. Ал оның себебі көбінесе көлеңкеде қалады. Ешкім ол адамның бұрын психиатрда есепте тұрған-тұрмағанына мән бермейді. Ол бір-ақ ауыз сөзбен «қауіпті адам» болып танылады. Бірақ осы жағдайға кім кінәлі? Тек сол адам ба? Әрине, жоқ. Бұл -тұтас жүйенің, бүкіл қоғамның, отбасылық ортаның  жауапкершілігі. Себебі бір адам психикалық ауытқуға ұшырағанда, ол аяқ астынан, яғни кенеттен пайда болмайды. Оның осындай әрекетке баруы балалық шақтан қалыптасады емес пе? Ол жай ғана бала бойында білінбей бүршік жарып, жасырын түрде өсіп, уақыт өте бақылаусыз қалыптасып шыға келеді.

Түрлі ауытқудың салдарынан бұзақы саналған адамдар көбінесе емделмейді. Олар жай ғана қоғамнан шеттетіледі, мазаққа айналып, ұмытылады. Бұл енді  үлкен трагедия. Әлеуметтік қызметкерлер де кейде өз ісіне терең бойламастан, формалды тексерумен шектеледі. Медицина мекемелерінде психикалық ауруларды бақылау жүйесі де толыққанды жүргізілсе дейсің. Жалпы денсаулығында ауытқуы бар адамдар үнемі бақылауда болуы шарт. Олардың ашуланшақ екенін, әлденеге тез көтеріліп кететінін біліп тұрып, сыртқа жалғыз жіберу – ең үлкен қателік.

Кейбір отбасылар кейде баласының немесе туысының бойында ауытқуы бар, ауру екенін жасырып, көмек алудан бас тартады. Себебі ұялады, намыстанады. Мұндай көрініс қоғамның мүгедектікке, психикалық денсаулыққа деген көзқарасының әлі де ескі дәрежеде екенін білдіреді. «Психикалық ауытқуы бар адам – қауіпті» деген ұғымды санасына сіңіріп алған. Негізі қылмыстың алдын алу – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның міндеті. Осыған орай білім беру орындарында ерте диагностика жүргізу қажет. Психологиялық көмек орталықтарын кеңейту керек. Ал жергілікті деңгейде барынша әлеуметтік бақылауды жиі жүргізу шарт. Ең маңызды қадамдардың бірі осылар. Бұл адами міндет емес, парызға жатады.

Психикалық ауытқуы бар адамға жай ғана диагноз қойып, одан кейін оны қараусыз қалдырсаң, бұл қылмыстың алдын алу емес, керісінше оның өсуіне жағдай жасау болып есептеледі. Әсіресе, агрессия мен паранойя сияқты симптомдары бар адамдар үнемі бақылауды қажет етеді. Бірақ бұл бақылау тек медициналық қадағалау емес, сонымен қатар адамдық қатынас, жанашырлық, тыңдау мен қолдау болуы тиіс екенін ұмытпауымыз керек.

Түрлі ауытқуы бар жандардың қылмысын,  әрекеттерін әрине ақтап алуға болмайды. Бірақ оны түсінуге тырыссаң, адамгершіліктің ұлысы да сол болмақ. Себебі тек түсінген кезде ғана біз барлық нәрсенің алдын алу жолдарын табуға тырысамыз. Тек жанашырлық пен жүйелі әрекет арқылы ғана адамдар болашақтағы қайғылы оқиғалардың алдын алатынын ұмытпауымыз керек, – дейді ол.

Мұндай жағдайда жазалай салу әрине, оңай. Ал ең алдымен себеппен күресу қажеттігін ескеру керек. Психологтың айтуынша, әр мектепте, әр аудандық емханада, әр ауылда ерте диагностикалау мен оңалту жүйесі болуы тиіс. Психологтар мен психиатрлардың қызметі қолжетімді әрі тегін болғаны жөн. Міне, кінәлі тек бір адам ғана емес дегеніміз сол. Кінә бейқамдықта, селқостықта, жүйесіздік пен қатыгездікте жатыр. Сондықтан кінәні табудан бұрын, шешім іздеген дұрыс. Себебі әрбір ауытқуы бар жанның артында бейкүнә адам тұрғанын ұмытпаңыз. Ал кез келген адамға егер қол ұшын берсең өзгеруге, емделуге, өмір сүруге ұмтылатыны анық.

 

Ауру аяқ астынан қозады

Осы орайда психоневралогиялық орталықта ем алған бір әйелмен тілдесудің сәті түсті. Ол өзінің ем қабылдаған сәтте ғана жаны тыныштық табатынын жасырмады. Екі ұлы мен бір қызы бар келіншек бүгінде өзін жақсы сезінетінін жеткізді.

– Мен суретшімін. Сурет салғанды жанымдай сүйемін. Мектеп бітірген соң сурет салып табыс тауып жүрдім. Есепші мамандығы бойынша оқуға түстім. Бірде сурет салдыруға келген бір жігітті  қатты ұнатып қалдым. Мен де оған ұнаған сияқтымын. Ол анасының суретін салдырған еді. Сурет салып болған соң, алып кетуге келгенде қатты қуанды. Сурет көңілінен шыққанына мен де мәз болдым. Ол мені келесі күні кешке киноға шақырды. Біздің таныстығымыз солай үлкен махаббатқа ұласты. Кейін екеуміз отбасын құрдық. Бізде бәрі жақсы болды. Екі ұлдан кейін қызыма аяғым ауыр кезде, өзімді жайсыз сезініп жүрдім. Алайда елемедім, емделмедім. Түрлі түстер көріп шошынып оянатынмын. Жүйкем сыр беріп, ұрысып, жиі ашулана беретін болдым. Бұрынғы сабырлығымнан түк қалмады. Мені танитындардың барлығы өзгергенімді байқап жүрді. Бойымда жер-көкке сыймайтын бір жеңілдік пайда болғандай ұшып-қонып жүретін болдым.

Бірде екі баламды балабақшадан алып келіп, қызымды емізуге отырдым. Сонда өзімнен өзім ашуым келіп, екі балама ұрсып далаға шығарып жібердім. Олар да менің соңғы кездегі мінезімді байқаса керек, мен ашуланғаннан жылай бастайтын. Сөйтіп ашуланып жүріп, терезенің қасына бардым да, екі айлық қызды терезеден сыртқа лақтырып жібердім. Оған дейін де балаларды ұрып, түрлі қылықтар жасаған едім. Бұл жолы тым артық кеткенімді сезсем де, өзімді ұстай алмай шыңғыра бердім.

Қызды жедел жәрдем не біреулер ауруханаға алып кетіпті. Мені де дәрігерлер тексере бастады. Алайда мен сол оқиғадан кейін ерекше агрессия танытып, айқайлай беретін болдым. Күйеуім мені солай үш жыл үйде қарады. Балалардың бет-жүзін көгертіп, қызымның шашына дейін жұлып тастай берген соң, ақыры арнайы орталыққа жатқызды. Бірнеше жыл емделіп, бүгінде бәрі өз орнына келді. Бірақ жылына екі-үш рет қаралып, емханаға жатып, ем-дом қабылдап тұрамын. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Ауру аяқ астынан келеді екен. Менің басымнан осындай оқиға өтеді деп үш ұйықтасам да түсіме кірген емес, – деді өзін Айгүл деп таныстырған әлгі келіншек.

Ал қолына домбырасын алып, үнемі күй шертіп отыратын Әділет есімді ағай ұзақ ойланды. Іштей «Күй шерткен саусақтары қандай сүйрік, күйді қалай әсем шертеді?» деп ойладым. Тәттімбет, Дина, Нұрғиса секілді өнер иелерінің шығармаларын шертіп отырып, әңгімені әріден бастады. Ол өзінің мектепті жақсы оқығанын, университетті қызыл дипломмен бітіргенін сөз етті. Бала күнінен домбыраға қызығып, домбыра үйірмесіне барғанын әңгімеледі.– Барлық жерде үздік, белсенді болып көзге түсе беретінмін. Содан көз тиді ме, сөз тиді ме, әйтеуір көшеде жігіттермен ерегісіп қалдым. Олар менің басымнан ауыр темірмен ұрып кетті. Содан кейін бас ауруына душар болдым. Қажет кезде ем-дом жүргізсең ғана жағдай уақытша болса да жақсарып, бәрі орнына келеді. Әйтпесе қиын. Ауырған уақытта өзіме есеп бере алмаймын, не істеп, не қойғанымды білмей қаламын. Әке-шешем мен жұбайым қасымнан бір елі шықпайды. Әлі күнге сол. Бүгінде бойында ауытқуы бар адамдардың қолымен жасалған, қоғамда болып жатқан түрлі қылмыстық оқиғалар дертті адамның қараусыз қалғанының салдарынан орын алады деп ойлаймын. Жақындары, жанашырлары қасында бақылап жүрсе, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді ғой.

Қазір мені де ешкім ауруы ұстап қалады деп ойламайды. Ақыл-есім орнында, бір қарағанда бәрі дұрыс көрінеді. Тек анда-санда өзім де түсінбейтін күйге түсіп, ауруым асқынып кетеді. Жақындарымыздың қадағалауымен жүргендіктен ұятқа қалмай, түк сездірмей өмір сүріп жатқан жайымыз бар, – деді ол.

Психикалық ауытқуы бар адамдардың жасаған қылмысы туралы ислам діні не дейді? Дін ауытқуы бар жандардың әрбір ісіне терең мейірім мен әділдік қағидаттарына сүйеніп қарайды екен. Мұндай адамдардың әрекеті мен жауапкершілігі ақыл мен ниетке, яғни «қасақаналық» пен «ақыл-естің есебі» арқылы бағаланады. Шариғатта «Ақыл-есі дұрыс емес адамға Алла- Тағала жауапкершілік жүктемейді. Егер адам психикалық сырқатпен ауырса, шариғат оған күнә жазбайды, өйткені ол өзінің не істеп жатқанын білмейді» деп түйсінген.

– Егер адам біреуге әдейі зиян тигізсе бұл күнә мен қылмысқа жатады. Ал бойында ауытқуы бар адамның әрекетінде саналы ниет жоқ болса, онда ол күнәға және шариғи жауапкершілікке тартылмайды. Дін ондай адамдарға қамқор болуды, қауіпсіздік шараларын сақтауды, оларды емдеуге көмектесуді талап етеді.

Исламда мұндай адамдарды қараусыз қалдыру – қоғамның күнәсі ретінде де қаралуы мүмкін. Себебі, Құран мен сүннеттің мазмұны бойынша «Әлсізге көмек – мүміннің борышы». Исламда мұндай жағдайда тек дұға жасап қоймай, ем қабылдау, дәрігерге қаралу, қоғамдық қолдау көрсету міндетті амал ретінде қаралады. Бұл – рухани ғана емес, практикалық жауапкершілік. Қорыта айтқанда, психикалық ауытқуы бар адамның жасаған қылмысына исламда толық жауапкершілік жүктелмейді. Себебі ол ақыл-естің толық иесі емес. Жауапкершілік қоғам мен қамқоршыға өтеді. Ислам бұл мәселені мейіріммен, әділетпен және жүйелі көмек көрсету арқылы шешуге үндейді, – дейді Талас ауданы, Майтөбе ауылының имамы Мұхтар Шәдіманұлы.

Расымен де ерекше қажеттілігі бар адамдардың қылмысына кінәні тек науқастың өзінен емес, оны бақылаусыз қалдырған қоғамнан, отбасынан және жүйеден іздеу орынды екені дінде де айтылып тұр. Қараусыз қалып, ем қабылдамай жүрген, бақылауға алынбаған науқас қауіп көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан да мұндай жағдайдың алдын алу үшін мемлекет тарапынан жүйелі бақылау, амбулаториялық есепке алу, үнемі тексеру мен ем-дом жүргізу ісі жүйеленуі тиіс. Сонымен қатар отбасы мүшелері де науқастың жай-күйіне бей-жай қарамай, дәрігерлермен тығыз байланыста болуы керек. Құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер де осындай осал топтағы адамдарға мониторинг жасап тұрса, құба-құп. Қоғам ондай адамдарды оқшауламай, керісінше қорғап, бейімдеуге күш салуы керек.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар