Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айдаров асқан асулар

Айдаров асқан асулар
Автор
1984 жыл. Күн ыстық. Талас аудандық мәдениет бөлімі екінші қабатта орналасқан, кондиционер қосып, кезекті іс-шараларды жоспарлап отырғанмын. Телефон шырылдаған соң тыңдайтын тетігін көтерсем, хатшы қыз атқару комитетіне келуімді сұранды. Бардым.

Ол кезде мен, мәдениет бөлімінде инспектормын. Қазіргі бас маман ғой. Сонымен бірге әйгілі әнші Алтынбек Оразбеков өзінің орынбасарлығы мен кадр бөлімінің жұмысын да маған жүктеп қойған.

Хатшы қыз «сізді күтіп отыр» деген соң, есікті қағып ішке кірдім. Төрде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Б. Оразбекова, аудандық кино жүйесінің төрайымы А. Сайыпова және аудандық білім бөлімінің бастығы Ш. Шоңов ағай отыр.

–  Кел, жақын отыр, саған бір шаруаны бітіруді тапсырғалы отырмыз, - деді.

«Не айтар екен?» деген ой мазалай бастады.

–  Мына газетке шыққан Шорабек Айдаровтың «Лотерея билеті» деген өлеңіне риза болып отырмыз. Осы жігітті тауып, осында алып кел, сөйлесейік. Келесі жылы Жеңістің 40 жылдығына орай облыста ақындар айтысы өтеді. Мүмкіндігі болса, Талас ауданының абыройы үшін соған қатысуы керек. Өзің де білетін шығарсың? Амангелді ауылынан екен ғой...

– Неге білмеймін, Шорабек өзімнің бауырым ғой,  – дедім.

– Онда Шорабекті ертең осында ертіп кел.

Бөлімге келіп, ақ «УАЗ»-ға отыра салып, Амангелді ауылына тарттық.  Батей көкемнің үйін білем. Барсақ бәрі үйінде екен. «Сабақты ине сәтімен» деп, үйде болғанына қуанып, апама мән-жайды түсіндіріп, Шөкең болса ертесіне автобуспен ауданға келетін болды. Апам да ақ батасын берді.

Ертесіне уәде бойынша Шорабек екеуміз аудандық атқару комитетіне бірге бардық. Кешегі басшылар қарсы алды. Басшылардың әңгімесін ой елегінен өткізген Шөкең айтысқа қатысуға уәде берді.

 – Ал, Төрехан сен енді Шорабекке жұмыс тауып бер. Айлық алып, күн көруі керек, сахна мәдениетін де меңгерсін. Ана автоклубтың біріне меңгеруші немесе мәдениет үйіне жұмысқа орналастыр,  – деді.

Штатты қарай келіп автоклубтың меңгерушілігіне орналастырдым. Шөкеңнің мәдениет саласындағы қызметі осылай басталды.

***

Арада біраз уақыт өтпей-ақ Шөкең жаңа ортаға бейімделе бастады. Сол жылдары халық театрларының репертуарына жаңару, классикалық шығармаларға қол созу үрдісі басталды. Айдаровтар әулетінде табиғат берген талант бар.

1984 жылы жазушы-драматург Оралхан Бөкеевтің «Қайдасың, қасқа, құлыным» атты пьесасын (режиссері Г. Байбекова) сахналадық. Бұл спектакліміз облыстық қазақ драма театры мамандарының тарапынан өте жақсы бағаға ие болды. Әртістеріміз Шорабек Айдаров –Қаражан, мен -  Бозтайлақ, Шөкеңнің туған інісі А. Айдаров – Жан, бәрі өз рөлдерін жарқырата ойнап шықты.

1985 жылы, Жеңістің 40 жылдығына орай жазушы Ш. Айтматовтың «Бетпе-бет» повесін сахнаға (режиссері Г. Байбекова) шығардық. Оны сахнаға бейімдеп жазған Қазақстан киномотографисттер одағының мүшесі, облыстық қазақ драма театрының директоры Тұрар Дүйсебаев ағаның өзі. Бұл спектакліміз алдымен ауданда, одан кейін облыстық қазақ драма театрында қойылды. Республикадан сахна майталмандары, театр сыншылары келіп Тұрар ағамен бірге тамашалады. Белгілі мәдениет қызметкерлері Тәкен Молдақынов, Пернебек Оспанов та комиссия құрамында. Осы спектакльде ана болып Р. Абдрахманова, оның келіні болып Г. Байбекова, Сымайл (қашқын) болып мен ойнадым. Ал бүгінде жетпіс жасын тойлап отырған ақын Шорабек Айдаров Мырзағұл атаның бейнесін сомдады. Сөйтіп, Шөкең театр труппасымен бірге облыстық, республикалық, бүкілодақтық байқаулардың лауреаты атанды.

***

Мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне дамыл жоқ. Әсіресе, алты ай жаз мезгілінде Сарыарқаға барып, аудандағы малшылар қауымымен бірге болады. Репертуарларымызды алдымен бөлімде жоспарлап, талдап, содан соң аудандық партия комитетіне апарып рұқсат алып, халыққа дұрыс деген дүниелерді ұсынатынбыз. Шөкең бұл кезде сценарий жазуға әбден төселіп алған.

Толық есімде қалмапты, бірде Сарыарқадағы кезекті іссапардан келіп, енді демалып жатқам. Терезені біреулер қағып тұр. Сыртқа шықсам есіктің алдында мәдениет қызметкерлері М. Ысқақова,  Шокең және болашақ жеңгем Ләззат тұр.

– Келіңдер, үйге кіріңдер, - деп, Гүлжамал екеуіміз жік-жаппар болып жатырмыз. Сол кезде Шөкең:

– Төрехан, мен мына Ләзатты ауылға алып бара жатырмын. Соған көлік керек, - дегені.

Бірден түсіне қойдым. Бірақ шопыр жолдан шаршап келіп, үйінде демалып  жатқан. Сөйтіп абдырап тұрғанымда бір әппақ «Жигули» келіп тоқтай қалғаны. Қарасам, туған інім Уалихан. «Комхоздың бастығы Әбдіраш Әбдібаевтың машинасын «обкаткадан» шығарып жүрмін» дейді.

– О-о, онда іздегенге сұраған. Мына кісілерді ауылға апарып сал, - дедім.

Осылайша Ләззат жеңгемнің Амангелді ауылына келін болып түсуіне де куә болып едім.

***

Шөкең тың бастамалардың адамы еді. Жеке ғимаратқа орналасқан мұражайды жоғарғы орындарға айтып жүріп, аудандық мәдениет үйіне көшіруге, оның экспонаттарын толықтыруға, безендірілуіне көп атсалысты.

Сонымен менің түйгенім:  Шорабек – жазба ақын, Шорабек - айтыскер ақын, Шорабек – халық театрының актері, Шорабек – сценарий жазудың шебері, Шорабек – мұражай қамқоршысы.

Аз ба? Аз емес!

Шөке, 70 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын!

 

Төрехан Жұмабеков,

Қазақстан Республикасы мәдениет ісінің үздігі,

Талас ауданының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар