
Осы игі бастаманың айқын үлгісін Жамбыл ауданының Ащыбұлақ ауылынан шыққан жас кәсіпкер Ерболат Тұрсынбектің өмір жолынан көруге болады.
Балалық шағы ауыл табиғатымен үндесіп, көл жағасында өскен Ерболаттың жүрегінде ерте бастан туған жерге деген ыстық сезім орнықты. Әрбір баланың арманға қол созып, алға ұмтылатыны белгілі. Ал Ерболаттың бала арманы ерекше болды. «Ауылымның ажарын ашсам, елге қуаныш сыйласам» деген арманы көңілінің түкпіріне сақталып, уақыт өте келе мақсатқа айналды. «Армансыз адам алысқа бармайды» деген халық даналығын ескерген ол жастайынан еңбекке ден қойып, туған жердің төрінде «Сеңгірбай» ресурстық демалыс орталығын ашты.
Әрбір игі істің басында қиындық тұратыны анық. Жас кәсіпкер де бұл жолда талай сыннан өтті. Қаржылық тапшылық, жабдықтың жетіспеуі, инфрақұрылымның жоқтығы – бәрі де табандылықты талап етті. Сол сәтті ол бізге бүкпесіз баяндады.
– Мен кәсіпке кіріскенде қолымда ештеңе болған жоқ. Кейде «Қаржысыз ештеңе де болмайды» дегендер де кездесті. Бірақ мен өз ойымнан қайтпадым. Өйткені бала күнімнен армандаған ісімді тастау өзіме жасаған қиянат болар еді. Егер жүрегіңде сенім болса, еңбегің ешқашан далаға кетпейді. Қиындық – уақытша, ал нәтиже – мәңгі. Сондықтан бастаған істі соңына дейін жеткізу керек. Бұл жер тек табыс табудың көзі емес. Бұл – халқымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін, жастарды спортқа, еңбекке баулитын мәдени ошақ. Әрбір келген қонақ туған жердің сұлулығын тамашалап қана қоймай, қазақтың рухани құндылықтарымен де сусындаса екен деймін, – дейді Ерболат Ержанұлы.
Шынында да еңбекқорлық пен төзімділіктің арқасында ол діттеген мақсатына жетті. Бүгінде демалыс орталығы ауыл тұрғындары мен қонақтарға қызмет етіп қана қоймай, жастарға үлгі болып отыр. Мұнда келген қонақтар садақ атып, атқа мініп, алтыбақан теуіп, су велосипедімен серуендеп, қазақы киіз үйлерде қонақ бола алады. Балаларға спорт алаңында ойнап, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта демалыс орталығын кеңейтіп, көл бетінде катамаран қайықтарын іске қосуды жоспарлауы жас кәсіпкердің алға ұмтылған жігерін көрсетеді.
Оның өмірлік тәжірибесінен түйген басты ойы – жастарға өнеге боларлық іс жасау. Ол жастарға әрқашан табандылық пен адалдықты серік етуге кеңес береді.
–Әр істің өз қиындығы бар. Бірақ оған мойымау керек. Алғашқы қадам жасаудан қорықпаңыздар. Еңбектен қашпаңыздар. Адал еңбек ешқашан далада қалмайды. Бірден жеңіл жол іздесеңіздер, алысқа бармайсыздар. Ал шыдамдылық танытсаңыздар, бәрі де қолжетімді. Ең бастысы – адалдық. Жалған жолмен келген табыс баянды болмайды. Маңдай термен келген әр жетістік – шынайы қуаныш. Сондықтан ұялмай еңбек етіңіздер. Ауылдан шыққан әр жас еліне қызмет етуді арман етсе, туған жеріміздің еңсесі көтеріледі», – дейді жас кесіпкер.
Оның бұл ойы жастардың жүрегіне тікелей жететіні шындық. Өйткені өмірдің өзі дәлелдеген «Еңбек еткеннің еңсесі биік», «Жігерлі адамды жол да, жоба да табады» деген нақыл сөз бар. Ерболаттың өмір жолы – бүгінгі жас буынға үлгі боларлық. Ол туған ауылында жүріп-ақ үлкен істі қолға алып, елге қызмет етуге болатынын дәлелдеп берді.
Аружан КҮНТУБАЙ,
журналист