
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті әдіснама департаментінің директоры Ораз Абдрахмановтің сөзіне сүйенсек, жаңа Салық кодексі келер жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
– Ең әуелі корпоративтік табыс салығын төлеушілерден бастайын. Мәселен, бұл салық түрін төлеушілерге Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар, мысалы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам секілді мекемелер мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар (бейрезиденттер) жатады. Ал төлемейтіндердің қатарында мемлекеттік мекемелер, яғни әкімдіктер, мемлекеттік органдар бар. Бұрын жалпыға бірдей орта білім беретін мектептер де корпоративтік табыс салығын төлемейтіндердің қатарында еді. Алайда жаңа өзгеріс бойынша олар бұл жеңілдіктен шығарылып, осы салық түрін төлеуге міндеттелді.
Салықтың арнайы мөлшерлері салаларға қарай өзгеріп отыр. Барлық бизнеске қатысты негізгі мөлшерлеме жалпы табыстың 20 пайызы болса, банктік қызмет (бизнеске кредит беруден басқа) пен ойын бизнесіндегі жалпы мөлшерлеме 25 пайызды құрайды. Ауылшаруашылығы және балық шаруашылығы бойынша салықтық мөлшер 3 пайызға жетіп отыр. Егер кәсіпорын ауылшаруашылығы өнімін өндірсе, балық өсірсе және өз өнімін өңдеп, қайта өңделген өнімін сатса салықты төлеуге міндетті.
Салық кодексіндегі өзгерістердің бірі – инвестициялық салықтық жеңілдіктердің артуы. Бұл – кәсіпкерлерге инвестиция (жобаға ақша салу, жаңа құрал-жабдық алу, ғимарат тұрғызу, тағы басқа) жасаған кезде мемлекет беретін салықтық жеңілдіктер. Яғни, кәсіпкер салықты бірден төлей салмай, кейбір шығындарын есептен шығарып, салықты азайта алады. Жеңілдікті қолдану екі тәсіл бойынша жүзеге асады. Оны кәсіпкердің өзі таңдайды.
Бірінші жеңілдік мүлік ресми тіркелгеннен кейін іске қосылады. Екіншісі шығын шыққан сәттен бастап жүзеге асады. Яғни, тіркелуін күтпей, ақшаны жұмсағаннан кейін бірден есептен шығара алады. Ал енді негізгі өзгерістерге тоқтала кетейін. Енді жеңілдік берілетін нысандар қатарына бағдарламалық қамтамасыз ету де (софт) қосылды. Мысалы, компания жаңа ERP жүйесін, бухгалтерлік софт немесе өндірістік бағдарламаны сатып алса, ол да инвестиция болып саналады.
Бұрын жеңілдік алу үшін «инвестиция Қазақстанда алғаш рет енгізілуі тиіс» деген талап бар еді. Енді ол жойылды. Сондай-ақ ғимарат пен құрылыстар тек өндірістік мақсатта болуы керек еді. Бұл шектеу де алынып тасталды.
Сонымен қатар «Бақылау кезеңі» деген жаңа шарт енгізілді. Бұл кезеңде мемлекет инвестицияның дұрыс қолданылып жатқанын тексеріп отырады. Егер кәсіпкер алған активті, яғни құрал, техника, ғимаратты жалға берсе де жеңілдікті қолдануға болады.
Индексация немесе валюта бағамына байланысты түзетудің енгізілгені де жаңа Салық кодексінде көрсетілген. Мысалы, компания шетелден техника әкелу үшін 100,000 АҚШ долларын қарызға алды делік. Бұл қарыз теңгемен есептеледі. Бірақ доллар бағамы өссе, қарыз сомасы да артады немесе керісінше, бағам төмендесе қарыз азаяды. Осындай айырмашылық кіріс (табысы артса) немесе шығын (қарызы көбейсе) ретінде есепке алынатын болды. Бірақ бұл индексация сыйақы (пайыздық өсім) болып саналмайды. Яғни, бұл жай ғана валюталық бағамның өзгеруіне байланысты техникалық түзету деп айтылады,– деді Ораз Аманұлы.
Жаңа Салық кодексінде корпоративтік табыс салығы бойынша бірнеше жеңілдіктер алынып тасталған. Мәселен, мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мекемеден мүлік алған кезде құнға түзету енгізу мен банктің қарыздар бойынша міндеттемесін тоқтату кезіндегі табысқа түзету жасау жойылған. Сондай-ақ ұлттық компаниялар үшін бас және еншілес ұйымдар арасындағы мәмілелер бойынша сыйақыны шегерімге жатқызу жеңілдігі мен қаржы ұйымдарына төленетін сыйақылар бойынша өз қаражатынан төленген көзінен ұсталған салықты шегерімге жатқызу құқығы енді жоқ. Қайта ұйымдастыру кезінде инвестициялық салықтық преференцияларды қолдану жеңілдігі де алынған.
Тағы бір айта кетерлігі, қосылған құн салығын төлеушілерге де өзгерістер енгізілген. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап айналымдар мен импортқа салынатын қосылған құн салығы 16 пайыз болады. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу түрлері үшке бөлінеді. Біріншісі, ерікті тіркеу, бұл барлық тұлғалар үшін қолжетімді. Екіншісі – міндетті тіркеу. Күнтізбелік жыл ішінде айналым белгіленген шекті мөлшерден асып кеткеніне қарамастан сенімгерлік басқарушы үшін қолданылады. Ал үшінші түрге жататын шартты тіркеу шетелдік компаниялар үшін енгізіледі. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегі 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Қосылған құн салығы бойынша 2026 жылдан бастап медициналық қызметтерге, дәрілік заттарға және медициналық бұйымдарға (ҚҚС-тан босатылғандардан басқа) төмендетілген салық мөлшерлемесі 5 пайыз болып белгіленсе, 2027 жылдан бастап бұл 10 пайызды құрайтын болады. Мұнымен қоса, келер жылы тұрғын үй (пәтерді) сатылса немесе жалға берілсе бұл бойынша да қосылған құн салығынан босатылмайды. Ораз Аманұлының айтуынша, бұрын пәтерді сатқанда немесе жалға бергенде қосылған құн салығы салынбайтын. Сондай-ақ салық органдары тұрғын үй құрылысына кеткен шығындарды (тауар, жұмыс, қызмет) бөлек есептеуді талап ететін.
– Жеңілдікті алып тастау есепті жеңілдетеді. Үкімет тұрғын үй нарығы үшін мұндай салықтық жеңілдіктің пайдасы жоқ, тиімсіз деп танып отыр. Бірақ ауысу кезеңі (жеңілдік сақталатын жағдайлар) бар екендігін де айтып өту керек. Егер үйдің құрылысы 2026 жылға дейін басталып қойса немесе 2026 жылға дейін пайдалануға қабылдау актісі (құрылысты бітіру туралы құжат) алынса, ондай тұрғын үйді құрылыс компаниясы сатқан кезде ҚҚС төленбейді. Яғни, тек құрылыс компаниясына жеңілдік бар. Және де егер азамат пен құрылысшы, жалдаушы арасында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзақ мерзімге жалға беру және кейін сатып алу құқығы бар келісімшарт жасалса, ол келісім бойынша алынған тұрғын үй де қосымша құн салығынан босатылады.
Жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету мақсатында жеке табыс салығының жаңа құрылымы енгізілді. Онда табыстар салық салынбайтын, жеке өзі салық салынатын, төлем көзі арқылы салық салынатын табыстар болып бөлек көрсетіледі. Сонымен қатар табыс түріне қарай дифференциалды жеке табыс салығы мөлшерлемелері қарастырылған. Мәселен, қарапайым азаматтардың жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейін (шамамен 35 миллион теңге) болса, 10 пайыз салық қаралған. Ал жылдық табыс 8 500 АЕК-тен асса 8 500 АЕК-ке дейінгі бөлігіне 10 пайыз, асқан бөлігіне 15 пайыз салық бекітілген. Жеке практикамен (жеке нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар) айналысатындарға бір ғана ставка қолданылады. Яғни барлық түріне 9 пайыз салық мөлшері қарастырылған. Мысалы, адвокаттың жылдық табысы 20 миллион теңге болса 1,8 миллион теңге жеке табыс салығы болып есептеледі. Бұрын дивидендтер үшін жеңілдік бар еді (30 000 АЕК-ке дейін мүлдем салық салынбайтын), енді ол жойылады. Оларға прогрессивті салық салынады. Яғни жылдық табыс 230 000 АЕК-ке дейін (шамамен 949,7 миллион теңге) болса, 5 пайыз салық мөлшерлемесі тағайындалуда. Ал егер табыс 230 000 АЕК-тен асса оған дейінгі бөлігіне 5 пайыз, асқан бөлігіне 15 пайыз салық салынады.
Қосылған құн салығын қайтару тәртібіндегі өзгерістер де жаңа Салық кодексінде бекітілді. Барлық салық төлеушілер үшін жеңілдетілген тәртіппен ҚҚС қайтару мүмкіндігі беріледі. Ол үшін жалпы айналымдағы түсімнің кемінде 50 пайызы «0» ставка бойынша болып, салық органдары жіберген орындалмаған хабарлама (қарыз, міндеттеме) болмауы тиіс. Сонымен қатар талап берілген күнге дейінгі соңғы 12 ай ішінде салықтық тексерулер нәтижесі бойынша қайтарылуға жататын ҚҚС сомасы расталған болуы керек. Жалпы тәртіп бойынша (тексеру арқылы) ҚҚС қайтару мерзімі қысқартылды. Енді ол 55 жұмыс күні ішінде қайтарылады. Бұрын есептілікті тапсыруды кейінге қалдыруға мүмкіндік бар еді, қазір ол жеңілдік алынып тасталды. Соған сәйкес бұрынғыдай 55-75 жұмыс күніне қосымша 30 күн емес, тек 55 жұмыс күні ішінде қайтару жұмысы жүреді. Сонымен қатар құрылыс саласындағы ҚҚС қайтару мерзімі де қысқарды. Енді құрылыс-монтаж жұмыстары (СМР) аяқталып, актіге қол қойылып, сәулет-құрылыс бақылау органдарына хабар берілгеннен кейін 55 жұмыс күні ішінде ҚҚС қайтарылады. Бұл талап 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін жасалған және құны 150 000 000 АЕК-тен асатын жобаларға қолданылады.
Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша ҚҚС тек нысан пайдалануға берілгеннен кейін, яғни 20 салықтық кезеңнен соң қайтарылатын еді.
Егер бюджеттегі бақылау шотында (қазынадағы арнайы есепте) қаражат жеткіліксіз болғандықтан ҚҚС артық төленген сомасы уақытында қайтарылмаса, ол үшін өсімпұл есептелмейді.
Ал енді декларация тапсыру мәселесіне тоқталайын. Жаңа Салық кодексі бойынша тек белгілі бір табыс шегінен асқандар ғана декларация тапсырады. Егер жылдық табыс 8 500 АЕК-тен асса міндетті түрде декларация тапсырады. Мұнымен қоса Қазақстанда немесе шетелде алған дивиденд табысы 230 000 АЕК-тен көп болса да декларация тапсыруға құқылы. Бірақ адам салық органына салықтық шегерім қолдану туралы өтініш берсе, онда ол декларация тапсырудан босатылады. Егер ЖТС (жеке табыс салығы) артық төленсе азамат сол соманы мемлекеттен қайтарып ала алады немесе басқа төлемдерге (мысалы, мүлік салығына) есепке жатқыза алады. Ол үшін артық сома декларацияда көрсетілуі тиіс. Декларация тапсырылған кезде автоматты түрде салыстыру жасалады. Мәселен, азаматтың жылдық табысы – 10 000 АЕК. Ол 8 500 АЕК-тен асып тұрғаны үшін декларация тапсыруға міндетті. Осы тұста азамат жұмыс берушісіне «салықтық шегерім қолданыңыз» деп өтініш берген болса, 2025 жылы декларация тапсыру керек. Егер салық артық төленсе (мысалы, жұмыста табыстан салықты көп ұстап қалған болса), азамат декларация арқылы сол ақшаны қайтарып ала алады.
Құжат шетел тілінде болса, оны міндетті түрде нотариалды куәландырылған қазақша немесе орысша аудармасымен тапсыру қажет.
Шығындарды растайтын құжаттарға банктік төлем құжаты, карта арқылы төлем жасалғанда берілген чек, банктік шот бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді жатады. Мұндай сәтте құжаттар уақытылы тапсырылмаса немесе түпнұсқа расталмаса артық төленген салық сомасы расталмаған болып саналады. Декларация уақтылы тапсырылса (15 қыркүйекке дейін), 2026 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей артық салық қайтарылады немесе есепке алынады. Декларация кеш тапсырылса салық артық төлемін қайтару немесе есепке алу декларациясы тапсырылған күннен бастап 12 ай ішінде жүргізіледі,– дейді О.Аманұлы.
Сондай-ақ департамент директоры жеңіл автокөліктің пайдаланылған мерзіміне қарай салық есептеу тәртібінің де өзгергенін тілге тиек етті. Оның мәліметінше, 10 жылдан асқан көліктерге салықты есептеу 0,7 коэффициенті арқылы, 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті арқылы қолданылады. Шаруа немесе фермер қожалығы бір пикап көлігі үшін (жүк платформасы бар, жүргізуші кабинасы бөлек) көлік салығын төлеуден босатылады. Енді көлікті пикап, джип, лимузин, фургон деп бөлу тоқтатылады екен. Көлік санаты жүргізуші куәлігінің категориясына (A, B, C, D) сәйкес анықталады.
Сондай-ақ қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл көліктерге арналған арнайы салық мөлшерлемелері де алынып тасталады (егер олар 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін Қазақстанда шығарылса немесе елге әкелінсе). Жер салығы бойынша да заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер енді ағымдағы төлемдер бойынша есеп бермейді. Тек жыл соңында декларация тапсырып, салық төлейді. Елдімекен шекарасына кірген ауылшаруашылығы жерлері ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылса, сол санаттағы салық мөлшерлемесі қолданылады. Егер ауылшаруашылық жерлері мақсатына сай пайдаланылмаса немесе заңды бұза отырып қолданылса, базалық салық мөлшерлемесі 40 есеге көбейеді. Бұл ереже жер иесіне немесе пайдаланушыға ескерту берілген күннен бастап күшіне енеді.
Осы тұста жауапты маман мүлік салығы бойынша да өзгерістер енгізілгенін мәлім етті. Оның дерегінше мүлік салығы бойынша салық сомасы 300 АЕК-тен аспаса тиісті төлемдер бойынша есеп тапсырудың қажеті жоқ. Салық төлеуші тек жыл соңында бір рет декларация тапсырады екен. Мүлікті қайта бағалау кемінде әр 3 жыл сайын бір рет жүргізілуі тиіс.
– Жаңа Салық кодексінде төтенше жағдай енгізілген кезде салықты әкімшілендірудің ерекшеліктері де қарастырылған. Мұндай кезеңде өсімпұл есептелмейді, шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдер күшін жояды. Мұнымен қоса қамтамасыз ету шаралары қолданылмайды және салықтық есептілікті (ФНО) тапсыру міндеті тоқтатылады. Салықтық тексеру жүргізу мерзімдері де тоқтайды. Сондай-ақ жаңа Кодексте тәуекелдерді басқару жүйесіне қатысты жаңа тәсілдер де енгізілді. Бұрынғыдай салық төлеушілерді «тәуекел деңгейіне қарай» (жоғары, орташа, төмен) бөлу жойылады. Енді салық органдарының жұмысы бизнеске қысым жасауға емес, тәуекелдердің алдын алуға бағытталады. Яғни, адал кәсіпкерге салық міндеттемелерін орындауды барынша ыңғайлы ету көзделген. Ал салық міндеттемесін орындамаған жағдайда тәуекелдер бизнестің өзіне тиімсіз әрі шығынды болатындай жүйе құрылады.
Салық режимдерін оңтайландыру мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеңілдетілген декларация негізінде және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған 3 түрлі арнайы салықтық режим енгізілді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар қолдана алады. Аталған режимде ең көп табыс шегі айына 300 АЕК (шамамен 1,3 млн теңге), жылына 15 миллион теңгеге дейін табыс табатындар енеді. Ал жеңілдетілген декларация негізіндегі режимге жылдық табыс шегі 600 000 АЕК (шамамен 2,5 миллиард теңгеге дейін) болатын тұлғалар жатады. Мүнда жұмысшылар санына шектеу жоқ, ҚҚС төлемейді. Салық есептілігі (ФНО) жарты жылда бір рет тапсырылады.
Сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған салықтық режимде бұрынғы тәртіп сақталады, бірақ бірыңғай жер салығы жойылады, салық жеке табыс салығы (ЖТС) түрінде төленеді. Олар ҚҚС, әлеуметтік салық, мүлік және көлік салықтарын төлемейді (егер ол мүлік ауылшаруашылығында қолданылса). Аталған режим бойынша міндетті түрде жер телімі болуы керек.
Салық кодексінде салық қарызын өндіріп алу бойынша да өзгерістер орын алып отыр. Мәселен, салық өтеушінің 20 АЕК-ке дейін қарызы болса шағын қарыз түріне жатады. Мұндай жағдайда салық органы тек хабарлама жіберіп, қарызы бар екенін ескертеді. Сонымен қатар қарызды уақытылы төлемегені үшін өсімпұл қосылады. Яғни, мұнда қатаң шара қолданылмайды, тек ескерту мен қосымша қарыз сомасы (өсімпұл) есептеледі. Ал егер қарыз сомасы 20 АЕК-тен көп болса салық органдарының әрекеті күшейеді. Сізге ресми ескерту келеді. Бұл міндетті түрде төлеу керек деген талап. Қарызға қосымша өсімпұл да есептеледі.
Банктегі шоттарыңыз бұғатталып, салық органы инкассо өкімін қояды. Бұл банктен сіздің қарызыңызды мәжбүрлі түрде алып қою тетігі.
Сондай-ақ 45 АЕК-тен көп болса алдыңғы шаралардың барлығы қолданылып, оған қоса пәтер, көлік сияқты мүліктерге тыйым салынады. Қарызды қарызгерлерден өндіріп алу шарасы да қолданылады. Егер басқа адамдар немесе ұйымдар сізге ақша қарыз болса (мысалы, серіктестеріңізден түсетін төлемдер), ол ақша тікелей мемлекетке түседі. Мұнымен қоса 27 000 АЕК-тен көп болып, егер қарыз 3 айдан астам уақыт өтелмесе, сот шешімімен елден шығуға тыйым салынады,– дейді Ораз Абдрахманов.
Жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер жалпылама жоғарыда айтылған ерекшеліктерге толы. Яғни заң аясында салық қарызының шекті мөлшері енгізілді. Аталған өзгеріс салық қарызы белгілі бір деңгейден асқан кезде ғана мәжбүрлі шаралар қолданылатынын білдіреді. Шекті мөлшер кемінде 20 АЕК болып белгіленеді. Сонымен қатар «Роялти» ұғымы нақты айқындалып отыр. Роялти бағдарламалық қамтамасыз етуді (бағдарламаны) пайдалану немесе оны пайдалануға құқық үшін төленетін ақы деген сөз. Бұған бағдарламаны жаңартуға арналған төлемдер де кіреді. Бірақ техникалық қателерді түзету, ақауларды жою немесе тек жөндеу үшін жасалған нұсқалар роялтиге жатпайды. Тағы да айта кетер бір жайт, жаңа заңнамада «Ноу-хау» ұғымы да енгізілген. Бұл ұғым құпия сипаттағы, кәсіпте немесе бизнесте құнды саналатын ақпарат дегенді білдіреді. Мұндай анықтама салық төлеушілермен болатын дауларды азайтуға көмектеседі.
Ақпаратты өңдеу қызметтеріне «рейтингілік қызметтер» де қосылған. Рейтингілік қызметтер дегеніміз белгілі бір объектінің немесе құбылыстың маңыздылығын сандық немесе реттік көрсеткіш арқылы бағалау және «Сыйақы» ұғымы да нақтыланған. Бұрын дау тудырған қарызды индекстеу сомалары енді сыйақыға жатқызылмайды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ