Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Испания елінен стартап ашқан

Испания елінен стартап ашқан
Автор
Қазіргі заман – ғылым мен технологияның қарқынды дамыған дәуірі. Әулиеата өңірі де бұл үрдістен қалыс қалмай, ақпараттық технология мен IT саласында елеулі жетістіктерге жетіп келеді. Бүгінгі жас өрендеріміз халықаралық бәсекелерде топ жарып, ел мерейін үстем етуде. Сонымен қатар алыс-жақын шетелде өз ізін қалдырып үлгерген Тараздан шыққан талантты жерлестерімізбен де мақтана аламыз. Сол білімді жастардың бірі – Диас Жұмағалиев. Оның табандылығы мен таланты жас буынға үлгі болып, туған өңірінің абыройын асқақтатуда.

Отыз екі жастағы Диас Жұмағалиев бала кезінен қоныс аударуға үйренген. Кейіпкеріміз 13 жасында отбасымен бірге туған қаласы Тараздан Астанаға көшіп барған. Жастайынан туған өңірінен жырақтауға тура келгенімен, ұшқан ұясын ұмытқан емес. Әрдайым Әулиеата топырағына деген құрметі мен сағынышын жүрегінде сақтап келеді.

Астанаға қоныс аударғаннан кейін бір жыл өткен соң ата-анасы Диасты Канадаға оқуға жіберді. Ол жерде мектепті аяқтап, елге оралды. Алайда көп ұзамай тағы да жолға шығып, бұл жолы Малайзияға аттанды. Екі жылдық тәжірибеден кейін қайтадан Қазақстанға келіп, кәсіпкерлікке бет бұрды. Нәтижесінде хостел, типография және тіл мектебін ашып үлгерді. Дегенмен үш жылдан соң жаңа белеске қадам жасап, Испанияға қоныс аударды. Осы елде ол ІТ саласымен жақынырақ танысып, стартапта тестілеуші ретінде еңбек жолын бастады. 2020 жылы туған еліне оралуға шешім қабылдаған Диас бүгінде жасанды интеллектті оқытатын офлайн мектептің негізін қалаушы атанды.

Кейіпкеріміз бізге Канададағы оқу жүйесі, Малайзияда өткен күндері және Астанадағы бизнесінің неге жүрмей қалғаны жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол Барселонадағы өмірге қанша қаражат жұмсағанын, ІТ тәжірибесі болмаса да стартапқа қалай қабылданғанын және не себепті Қазақстанға қайтуды ұйғарғаны жөнінде ой бөлісті.

– 2008 жылы 14 жасымда ата-анам ағамды оқуға Канадаға жіберді. Арада жарты жыл өткен соң мен де оның қасына бардым. Шынын айтқанда, мектепте ешқашан озат атанған емеспін. Бірақ барған соң бірден байқағаным, Канададағы оқу жүйесі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жеңіл екен. Кейде «екі» алып жүрген оқушының өзі үздікке айналып кете баратын. Бұл олардың ерекше ынтасынан емес, білім беру жүйесінің өзгешелігінен еді. Канадаға келіп білімге шабытым ашылды. Өйткені қызық пәндерді таңдап, соларға көбірек көңіл бөлу мүмкіндігі болды. Сонымен қатар ағылшын тілін де біршама меңгеріп алдым.

Біз Торонтодан бір сағаттық жерде орналасқан Гамильтон қаласында тұрдық. Ол жақтағы өмірдің кейбір ерекшеліктері есімде ерекше сақталды. Мәселен, көшеде кездесетін қаңғыбастардың ақша емес, тамақ сұрауы. Кейде бір тілім пицца жеткілікті еді. Бұл жағдай мен үшін күтпеген, таңсық дүние болатын.

Мектепті аяқтаған соң IELTS емтиханынан қажетті балды жинай алмай қалдым. Сөйтіп, Қазақстанға оралуыма тура келді. Негізі басты арманым Назарбаев университетіне түсіп, медицина факультетінде оқу еді. Сол мақсатпен бір жыл бойы репетитормен дайындалдым. Бірақ өкінішке қарай емтихан кезінде бар болғаны бір ғана балл жетпей, студент атану бақыты бұйырмады, – дейді Д.Жұмағалиев.

Сөйтіп, ол 2013 жылы Малайзиядағы Кота-Дамансара қаласындағы медицина университетіне қабылданып осында көшіп келеді. Алғашқы жылы бар ынтасымен оқып, оқу бағдарламасын қиындықсыз меңгеріп кетеді. Дегенмен ұстаздары оның тапсырмаларды Қазақстанда қалыптасқан тәсілмен орындағанына наразы болды. Жауабы дұрыс болғанымен, міндетті түрде өз әдістемелерін қолдануды талап ететін.

Малайзиядағы өмір оған қызықсыз көрінді. Сол себепті Нигериядан келген курстас досымен бірге сауда орталықтарына барып, уақытты көңілді өткізуге тырысатын.

Екінші курсқа ауысқанда оқуға деген ынтасы мүлде жоғалып, саудамен шұғылдана бастады. Үйде алма бәліш пісіріп, оны араб мейрамханаларына өткізіп жүрді. Сұранысқа ие болған бәліші бір-екі сағаттың ішінде түгел сатылып кететін. Сонымен қатар қытайлықтарға ағылшын тілінен сабақ беріп, табысын арттырды. Ал өзі бизнеске бой ұрып, университеттегі сабақтарына қатысуды қояды. Мұны естіген ата-анасы алаңдап, дереу елге қайтуын талап етеді.

– 2015 жылы Қазақстанға оралып, саудамен айналыса бастадым. Көп ұзамай Алматы қаласынан хостел ашып бағымды сынап көрдім. Бірақ бар-жоғы төрт айдан соң кәсібімді жабуға тура келді. Себебі бизнесімді жарнамалауды, клиент тартуды жете білмейтінмін. Хостелдің жиһазын сатып, түскен қаржыға типографияға қажетті құрал-жабдық алып, Астанаға аттандым. Елордада жаңадан іс бастап, бір жыл бойы тынымсыз еңбектендім. Қиындықтар сағымды сындыра алмайтын, себебі жұмыс сәті ерекше ләззат сыйлайтын.

Кейін «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорына өтініш беріп, толыққанды кеңсе ашуға субсидия алдым. Алынған қаражатқа ғимарат жалдап, бір бөлмесіне типографияны, екінші бөлмесіне ағылшын тілі мектебін орналастырдым. Сол кездері бүкіл уақытымды осы шағын кеңседе өткізетінмін. Күндіз визитка басып, кешке сабақ жүргізіп, ара-арасында әкімшілік жұмыстарға да уақыт бөлетінмін. Алайда қаржылық сауаттың аздығы мен тәжірибенің жетіспеуі табысқа қолбайлау болды. Әсіресе жаз мезгілінде курстардан пайда түспей қалды. Ал типографияға деген қызығушылығым біржола басылып, жабдықтарын сатып жібердім де, назарымды мектепке аудардым. Сәтсіздігімді көрген ағам қасыма келіп, орталықты бірге дамытуды ұсынды. Бірақ ортақ жұмыс істеу қолайсыз болған соң, бизнесті соған қалдырып, өзім жаңа жол іздеуге бекіндім, – деп қосып өтті кейіпкеріміз.

Өз орнын таба алмай, іштей тынымсыз күй кешкен Диас көшуге лайық ел іздей бастады. Әуелі Кубаны таңдағанымен, 2017 жылы ол елге виза ала алмады. Содан кейін ойын өзгертіп, Испанияға тоқтады. Барселонада тіл курсына жазылып, небәрі бірнеше күнде мектеп тауып, құжаттарын дайындап, бір айдың ішінде жолға шықты. Бұл сапарға шамамен төрт мың еуро жұмсалды.

Диас өзін үнемі полиглотпын деп санайтын. Бірақ Испанияға келгенде бұл ойының асығыс екеніне көзі жетті. Алғашында «испан тілі орыс тіліне ұқсайды, екі-үш айда үйреніп аламын» деп ойлаған. Алайда бастысы тіл емес, жұмыс табу екенін түсінді. Жұмыс іздеуге бір жылдай уақыт кетті. Осы аралықта әртүрлі жалдамалы іспен күн көрді, кейде фотограф болды, кейде клубтарға адам шақырды, тіпті құрылысқа барып еңбек етті.

Бір күні ол жергілікті стартаптың тестілеуші маман іздеп жатқанын көзі шалады. ІТ саласынан еш хабарсыз болса да, YouTube-тан қарап, өз бетімен үйрене бастайды. Түйіндемесінде тәжірибесі бар деп көрсетіп, бос орынға өтініш береді.

Сұхбат кезеңдерінен сүрінбей өткенмен, басшысы оның нақты тәжірибесінің аз екенін байқайды. Бірақ қуып жіберудің орнына, оған Manual QA курсын өзі төлеп беріп, білім алуына себепкер болады. Бұл компанияда алғашқы айда тек оқуға уақыт бөлсе де, басшылық жалақы тағайындайды. Ізденімпаздағыны бағалағаны анық. Диас тестілеуші ретінде бағдарламаның қателерін тауып, қолданушыға ыңғайлы ма, жоқ па, осыны тексеріп, түрлі жағдайларда жұмысын сынап, табылған ақауларды реттеп, олар түзетілген соң қайта тексеріп отырады. Дәл осы кезде оған турфирмадан жоғары жалақы ұсынады, бірақ ІТ саласы оған әлдеқайда қызық әрі тартымды көрінеді.

Стартаптағы жұмыс өзіне ұнайтын. Күніне екі-ақ сағат еңбек етіп, қалған уақытын демалысқа не әріптестерімен әңгіме-дүкенге арнайтын. Айына 800 еуро табатын, ал ең аз шығыны 700 еуро болатын. Шамамен 400 еуро тамаққа, 200 еуро бөлме жалдауға, 100 еуро жолақыға кететін.

Көп көшуге үйренгендіктен Испанияға тез бейімделіп, достар тапты. Бірақ ол елдің менталитеті, адамдардың іс-әрекеті қазақ жігітін таң қалдыратын.

– Испаниялықтардың бір ерекшелігі – ұзақ сөйлескенді ұнатады. Бірде кафеде бар-жоғы бес адамнан тұратын кезекте жарты сағаттап тұрып қалдым. Олардың өздері үшін бұл – қалыпты жағдай. Үйге қайтар жолда дүкенге соғып, әдеттегідей «Қайырлы таң, көңіл-күйіңіз қалай?» деп сәлем берсем, ешкім мән де бермеді. Өзінше тосын көрінді.

Әсіресе зейнет жасындағы испандар өте әңгімешіл келеді. Мәселен, көрші қарт ерлі-зайыпты бірде пәтерін көруге қонаққа шақырды. Шай да қоймады, дастарқан да жаймады, не үшін барғанымды өзім де түсінбей қалдым. Ал қарсы пәтерде тұратын қария күн сайын дерлік мені көрсе болды, темекі шегуге шақырып, ұзақ әңгімеге тартып, пәлсәфа соғатын. Бірақ жас буынға келсек, жағдай мүлдем бөлек. Жасы 20 мен 50 аралығындағы тұрғындар ешқашан темекімен бөліспейді, тіпті келген-кеткендерді онша жақтыра қоймайтын сияқты әсер қалдыратын.

COVID-19 пандемиясына дейін Испанияда цифрландыру деңгейі өте төмен болды. Мемлекеттік құрылымдар арасында байланыс жоқ, ортақ жүйе жасалмаған. Сол себептен Испанияда қалып қоюдың жолдары көп еді. Егер қолыңда жергілікті жеке нөміріңнің мерзімі өткенімен де визаң болса, еркін жүріп-тұрып, түрлі шаруаны тындыра беруге болатын. Сол мүмкіндікті пайдаланып, жеке кәсіпкерлігімді тіркеп, несие картасын рәсімдеп алдым. Осылайша клиенттер аударған ақша заңды саналатын, – дейді Д.Жұмағалиев,

Ал карантин кезінде кейпкеріміз жарты жылдай өз-өзіне жұмыс жасап (фриланс), күнін көрді.

2017-2020 жылдары Испанияда eGov секілді бірыңғай жүйе болған жоқ. Дәрігерге жазылуға арналған онлайн платформа бар еді, бірақ тым баяу жұмыс істейтін. Қабылдауға кіру үшін кейде екі-үш ай күтуге тура келетін. Айтуынша, қазір жағдай өзгерген болар, дегенмен ол кезде Испания цифрландыру жағынан Қазақстаннан едәуір артта қалған көрінеді. Мәселен, жуырда Астанада төлқұжатын ауыстыруға барған кезде бар жұмысты өзі орындады. Компьютерге отырып анкета толтырды, суретке түсті, төлем жасады. Ең қызығы, кезек те болған жоқ.

Пандемия басталғанда оның жұмыс істеп жүрген стартапы жабылып қалды. Кейде күнкөріс үшін құрылыс алаңына шықты, қалған уақытта ноутбук алдында отырып сайт жасауды үйренді. Бірде жеке тіл мектебінің иесінен тапсырыс түсіп, оған сайт құрып берді. Осы жұмысы үшін 2000 еуро тапты. Бірақ одан кейін тұрақты клиент табылмай, ақыры елге қайтуға шешім қабылдады.

Астанаға оралғанда қаланың қатты өзгергенін байқады. Сол кезде «Kaspi Gold» картасы шығып, ол да бірден сол картаны ашып алды. Әуелде қайтадан шетел асамын деген ойы болғанымен, 2022 жылдың ақпанында орын алған оқиғалардан кейін Қазақстанда қалуды түбегейлі ұйғарады.

– Қазір менің сайттар, мобильді қосымшалар және жасанды интеллект агенттерін жасайтын аутсорс-компаниям бар. Сонымен қатар жасанды интеллектті үйрететін офлайн мектеп аштым. Сұраныс жоғары, тіпті оқушыларымызды жұмысқа аламыз.

Одан бөлек, Малайзияда стартап-студияға айналдыруды жоспарлап отырған компанияның тең құрылтайшысы саналамын. Дегенмен ол жақтағы жұмыс әзірге баяу жүріп жатыр. Сондай-ақ Канадада ІТ саласының мамандықтарына баулитын орталықты да бірге құрып, оның серіктесі атандым. Бұл орталық тестілеудің жаңа үлгілерін әзірлеп, халықаралық сертификаттау жүйесін дамытумен айналысады.

Елге оралғаныма ешқашан өкінген емеспін. Бүгінгі жетістіктеріме Қазақстанның ішкі жүйесі мен қасымдағы достарымның қолдауы себеп болды. Бұл жер маған ерекше дем берді, жаңа серпін сыйлады. Әсіресе «Astana Hub»-та өткізген уақытымның пайдасы зор болды. Үш жыл бойы сонда жүріп, стартаптарымды жолға қойдым, кәсіби дағдыларымды шыңдадым, – дейді кәсіпкер.

Диастың жары Арна Қайратқызы да IT саласындағы танымал жандардың бірі. Арна – ақпарат талдаушысы, «Data Analytics» курсының авторы. Қазақ-Британ технологиялық университетін «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша тәмамдаған. Университеттен кейін үш квазимемлекеттік компанияда, атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» және «Қазақтелеком»-да жұмыс істеген. Кейін «Tele2» компаниясына ауысып, осы күнге дейін ақпарат талдаушысы болып еңбек етіп келеді.

Ал ол болашақ жолдасы Диаспен «Digital Bridge» форумында танысқан екен. Қазір жас отбасы онлайн түрде түрлі елдерде жұмыс істеп, отбасы мен ІТ саласындағы мансапты қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп келеді.

 Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар