Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сауда платформаларын қолданушыларға салық салына ма?

Сауда платформаларын қолданушыларға салық салына ма?
Автор
Техника дамып, ақша айналымдары онлайн жүйеге ауысқалы ел экономикасында орасан өзгерістер орын алуда. Қазір сатып алу мен төлем жүйелерін үйден шықпай-ақ жүзеге асыруға болады. Яғни, барыс-келіс әрекеттері азайып, онлайн сауда арқылы керек-жарағыңды қолма-қол төлемсіз-ақ сатып ала аласың. Ол үшін тұтынушының арнайы платформаға тіркелуі міндетті.

Қазір қолға қоржын ұстап, ақша түйілген шүберекпен базар аралайтын заман емес. Бір кездері әрбір адамның қалтасында шағын әмиян, қолында қара былғары сөмке болатын. Сауда-саттықтың, тіршіліктің барлық келбеті осындай қарапайым тұрмыстық белгілермен ерекшеленетін. Ал қазір заман басқа, жаңа дәуірдің талабы мүлде өзгеше. Қазір интернетке қосулы ұялы телефоның болса, сол жеткілікті. Бүкіл қаржы үдерісін соның көмегімен жүргізіп, қалаған затыңа лезде қол жеткізесің. Ақшаны ескіше түйіп қою, көрші ауылдағы дүкенге атпен не көлікпен барып келу, үлкен кісілердің сандықтағы ақшасын жауып қою сынды тірліктер өткен күннің еншісінде қалғаны анық. Бүгінде әжелеріміздің өзі «Kaspi Gold» пен «Халық Банк»-тің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасаудың қыр-сырын бір кісідей біліп алған. Қолма-қол ақша электрондық форматқа көшіп, сандық технологиялардың заңды заңғарлығына жол ашылды. Бұл өзгерістердің түп-төркіні өркениеттің ілгерілеуі мен цифрлық жүйенің дамуы екені сөзсіз. Экономиканың цифрлық трансформациясы тек мемлекеттік жүйелерді ғана емес, күнделікті өмір салтымызды да күрт өзгертіп үлгерді. Иә, халық әлі толықтай жаңа жүйеге бейімделіп үлгермесе де, біртіндеп цифрландыру дәуіріне қадам басып жатқанымыз анық байқалады.

Бүгінде тамақ, техника, киім-кешек сынды қажеттінің барлығын интернет платформалар арқылы тапсырыс беріп, үйіңнің дәл алдына дейін алдыру қалыпты үрдіске айналған. Бұл – тек тұрмыстың жеңілдеуі емес, уақытты үнемдеу, қауіпсіздікті күшейту, экономикалық қатынастардың жаңа сатыға көтерілуі.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында цифрлық сауда қарқынды дамып, тұтынушылардың сұранысына сай жұмыс істейтін 100-ден астам онлайн сауда платформасы қызмет атқаруда. Бұл цифрлық экожүйе ішінде халықаралық беделге ие, бірнеше елдің нарығында кеңінен танылып үлгерген «Pinduoduo», «Temu», «Alibaba» сынды жаһандық платформалардың орны ерекше. Аталған платформаларды пайдаланушылар саны күннен күнге артып келеді. Себебі бұл қосымшалар заманауи логистика, жедел хабарламалар жүйесі және автоматтандырылған сауда тетіктерінің үйлесімді жұмыс істеуінің жарқын үлгісі ретінде көрініс табуда. Мәселен, шетелдік компаниялар бір уақытта мыңдаған тапсырысты қабылдап, оны өңдеуге қабілетті. Жүйе арқылы тауар туралы ақпарат тек тұтынушыға ғана емес, бір мезетте сатушы мен жеткізуші тарапқа да толыққанды жолданады. Бұл сауда процесінің ашықтығын, нақты уақыт режиміндегі әрекет ету мүмкіндігін әрі тауар қозғалысының барлық кезеңінде бақылау тетігінің іске қосылуын қамтамасыз етеді.

Аталған платформалардың басты артықшылықтарының бірі – қолжетімді баға саясаты мен логистикалық тиімділік. Тауар құнының төмендігі тұтынушының таңдауы мен сатып алу белсенділігін арттырып отыр. Сонымен қатар тапсырысты жеткізу мерзімі де айтарлықтай қысқарған. Бүгінде пайдаланушылар қалаған тауарларын 8-14 күн аралығында үйінің алдына дейін ала алады. Аталған платформаларды жиі қолданатын Тараз қаласының тұрғыны Аида Бекназарованың айтуынша, бірнеше уақыттан бері үйге керекті барлық бұйымдарды «Pinduoduo» платформасы арқылы сатып алады екен.

– «Pinduoduo» қосымшасын қолданып жүргеніме екі жыл болды. Үйге қажетті барлық заттарға тапсырыс беремін. Бағасы тиімді, жеткізу қызметі жедел жұмыс істейді. Қарапайым телефон құрылғыларынан бөлек, киім-кешекке дейін сатып аламын. Қаншама бұйымға тапсырыс берсең де шектеу жоқ. Бүгінде туған-туысқандарым, көршілерім мен ұжымдастарым да менің қосымшам арқылы тапсырыс береді. Бұл мен үшін де өз пайдасын тигізеді. Рейтингім жоғарылап, тапсырыс беру жеңілдіктері де қарастырылады,– дейді Аида Ғалымқызы.

Иә, расында қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған уақытта бағасы тиімді сауда орталықтарын таңдауды көздейтініміз анық. Қалаған дүниеңе қол жеткізу үшін қалтаңдағы қаражатыңның жеткілікті болуы көңілге қуаныш сыйлайды. Алайда ел ішінде аталған қосымшаларды қолдану үшін салық төленеді деген қауесет тарап, қолданушыларға үрей туғызды. Осы мәселе аясында жан-жақты зерделеп көрдік.

Биылдан бастап «Pinduoduo», «Temu», «Alibaba» секілді платформалар салық төлеуге міндетті болғаны жасырын емес. Егер қандайда бір платформалар салық төлемесе бұғатталуы мүмкін. Бұл жайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының шетелдік маркетплейстерге қатысты сауалына жауап беру кезінде айтып өткен болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда тауарлар мен қызметтерді онлайн көрсететін шетелдік компаниялардан алынатын қосылған құн салығы 2022 жылдан бастап енгізілген.

– Жаңа Салық кодексінің жобасында шетелдік маркетплейстерге салық салуды реттейтін нормалар бар. Сонымен қатар қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелмеген немесе камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жоймаған жағдайда маркетплейстің сайтын бұғаттау көзделіп отыр,– дейді Серік Жұманғарин.

Қаржы министрлігі 4 жыл ішінде шетелдік компаниялардан қосымша құн салығы бойынша 83 миллиард теңгеден астам түсімдер алған. Оның ішінде 2022 жылы – 10,4 миллиард теңге, 2023 жылы – 24,3 миллиард теңге, 2024 жылы – 35 миллиард теңге, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 13,3 миллиард теңге.

Сонымен қатар онлайн сауда платформаларын тұтынушы жеке тұлғаларға да салық салынуы мүмкін. Осы мәселе аясында облыстық кірістер департаментіне хабарласып, мән-жайды анықтаған едік. Аталған департамент мамандарының айтуынша, азаматтар 200 еуродан, яғни 99490 теңге сомасынан артық қаржыға тапсырыс берер болса, 5 пайыз салық төлеуі ықтимал.

– 2023 жылы желтоқсан айында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл өзгерістер трансшекаралық электрондық сауданы кешенді реттеуге бағытталған және одаққа қатысушы барлық елдерде ратификациялау рәсімдері аяқталғаннан кейін күшіне енеді. Осы өзгерістер аясында сатып алушылар үшін не өзгереді? Нақты айтар болсақ, шетелдік интернет-алаңдарда жеке тұлғалар тарапынан сатып алынған тауарлар «электрондық сауда тауарлары» жеке санатына бөлінетін болады, электрондық сауда операторы енгізіледі. Сонымен қатар электрондық сауда тауарлары үшін арнайы кедендік декларацияның жаңа түрі енгізіледі. Сондай-ақ электрондық сауда тауарлары үшін тауарлар құнының 5 пайыз мөлшерінде кедендік баждың бірыңғай ставкасы белгіленетін болады. Бұл ретте құны 200 еуро бажсыз әкелу нормасынан аспайтын тауарларға мұндай баж салынбайды. Тағы да бір айта кетерлігі, өзгеріс аясында жеткізу әдістері де екіге бөлінетін болады. Нақты айтсақ, тауарлар электрондық сауда операторы арқылы тікелей шетелдік сатушыдан сатып алушыға жеткізіледі және сатып алушы еліндегі электрондық сауда операторының қоймасынан жіберу, бұл тапсырысты рәсімдегеннен кейін жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық комиссия өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында тиісті актілер қабылдайды, олар ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа түзетулермен бір мезгілде күшіне енуі тиіс. Бұл ретте ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама және Комиссия актілері ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттер осы хаттаманы ратификациялау жөніндегі мемлекетішілік рәсімдерді өткізгеннен кейін күшіне енеді, –деп хабарлады облыстық кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Демек, жауапты органдардың мәліметінше онлайн сауда платформалары арқылы тапсырыс берушілерге арнайы сомадан асқан жағдайда салық салынады. Алайда бұл заң жоғарыда айтылғандай белгілі кезеңдерден өткеннен кейін ғана күшіне енеді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар