
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдама аясында өңірдегі нарықтық тәртіпті қамтамасыз ету және экономикалық заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында тұрақты түрде кешенді талдау жұмыстарын жүргізуде. Бұл іс-шаралар ең алдымен заңсыз монополиялық әрекеттердің, бәсекелестікті шектеу фактілерінің алдын алуға, сондай-ақ нарық субъектілері арасындағы әділ және тең бәсекелестік жағдайын қалыптастыруға бағытталған.
Жыл басынан бері аталған департамент тарапынан жүргізілген сараптамалық-талдамалық жұмыстар көлік және байланыс салаларын, агроөнеркәсіп кешенін, отын-энергетика секторын және өзге де маңызды тауар нарықтарын қамтыған. Нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша жауапты нарық субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылданып, 18 миллион теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына өндірілген.
–Тергеп-тексеру нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижелерін бұрмалау бөлігінде бәсекелестікке қарсы картельдік келісім белгілеріне негізделген бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін «Берікболсын Жолдары» және «Көпбосын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты 2 әкімшілік іс қозғалды. Қозғалған істер бойынша 15 092 575 теңге көлемінде монополиялық кіріс тәркіленіп, 3 333 924 теңге сомасына айыппұл салынды. Жалпы сомасы 18 426 499 теңгені құрады, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жандос Әзімов.
Аталған департамент басшысының айтуынша, монополияға қарсы заңнаманың талаптарын сақтау – нарықтағы әділ бәсекелестік ортасын қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі. Осы орайда, өңірлік департамент заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар нарық субъектілеріне алдын ала ескерту сипатындағы хабарламалар жолдаған. Бұл шаралардың мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінің әрекеттерін құқықтық алаңға түсіру және болашақта туындауы мүмкін заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу.
– Хабарлама алған кәсіпорындардың қатарында өңірлік экономикада салмақты орны бар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы, сонымен қатар көлік және логистика, газбен қамту, автомобиль сату сынды салаларда қызмет ететін «Nomadcar», «Авто Прайм Тараз», «Лекс-Авто», «KGT Group» және «Alan Gaz Terminal» ЖШС секілді бірқатар ірі бизнес субъектілері бар. Аталған компанияларға қатысты жүргізілген алдын ала талдау нәтижелері олардың іс-әрекеттерінде монополияға қарсы заңнамаға қайшы келуі ықтимал жайттардың барын көрсеткен. Қазақстан Республикасы Президентінің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын және Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тапсырмасын орындау шеңберінде квазимемлекеттік секторлардың қызметін жекешелендіру жолымен бәсекелестік ортаға беру мақсатында біздің департамент нарыққа талдау жүргізіп, қорытындысы бойынша нарықтың 91 субъектісін анықтады. Жалпы алғанда, бәсекелестік қағидаларын бұзған кәсіпорындарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес монополияға қарсы орган тарапынан бірқатар ден қою шаралары қабылданады. Олардың қатарына ресми хабарламалар мен ескертулер жолдау, сондай-ақ нақты фактілерге сүйене отырып тергеп-тексеру шараларын жүргізу жатады. Егер тергеу нәтижесінде заңбұзушылықтар нақты дәлелденсе, тиісті субъектілерге заңнамада көзделген тәртіппен санкциялар қолданылады. Атап айтқанда, алынған заңсыз кірістің 3–5 пайызы мөлшерінде айыппұл салынып, монополиялық кірістер тәркіленеді,– деді Жандос Қуатбекұлы.
Бұл – мемлекеттің нарықтағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету жолындағы дәйекті әрі жүйелі саясатының бір көрінісі. Бәсекелестікті қорғау агенттігі алдағы уақытта да кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ