
Көлік логистикасының көші ілгері
Осындай жоспарлы жұмыстардың арқасында өңір экономикасының дамуына тың серпін беріліп отыр. Одан бөлек, қазіргі таңда кез келген елді мекенде тақтайдай тегіс жолдар мен жарықтандырылған көшелердің де қатары көбейген. Елді мекендердің ішкі көшелерінің жөнделіп, жарықшамдардың орнатылуы ауыл тұрғындары үшін ең негізгі қажеттіліктің бірі екені анық.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, аймақ бойынша жалпы пайдаланымда ұзындығы 10 084 шақырым болатын автомобиль жолдары бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1204 шақырымды, облыстық маңызы бар жолдар – 1697, аудандық маңызы бар жолдар 1451 шақырымды құрайды. Ал елді мекен көшелерінің ұзындығы 5732 шақырымға жеткен.
– Жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар осы жылы да қарқынды жүргізілуде. Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы республикалық, жергілікті бюджеттер мен ұлттық қор есебінен қарастырылған. Қаралған қаражаттың нәтижесінде ауылдық аумақтар мен қала маңындағы аймақтарда кешенді жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе Тараз қаласында ұзындығы 17,7 шақырымды құрайтын жаңа жол құрылыстарын салу қолға алынды. Мәселен, «Бурыл – А», «Бурыл – Б», «Бурыл – В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында асфальт жол төсемдері төселіп жатыр. Сонымен қатар биылғы жоспарға жеті көпір мен жол өткелінің құрылысы енгізілген. Айталық, Тараз қаласындағы Абай көшесі мен теміржол үстінен жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатса, Меркі ауданының Ойтал ауылында теміржолдың үстімен өтетін жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланды. Бұл оқушылар мен егде жастағы тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы үшін аса қажетті болғандықтан көптен бері жергілікті тұрғындардың шешімін күткен басты мәселесінің бірі еді. Сондай-ақ Тараз қаласы, Асқаров көшесіндегі Қапал каналының үстінен автокөлік көпірі, Жуалы ауданының Боранды стансасы маңында темірбетон құбыр жанынан автокөлік өткелі салынуда. Осындай жұмыстардың қатарында Қордай ауданы, Соғанды ауылындағы Қақпатас өзені арқылы өтетін көпір, Шарбақты ауылындағы Ырғайты өзенінен өтетін өткел, Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар жолдағы көпір құрылысы бар. Бұл көпірлер су тасқыны кезінде тұрғындардың оқшаулануын болдырмауға, ауылшаруашылығы өнімдерін тасымалдауда қолайлы жағдай жасауға сеп болады. Құрылысы қызу жүргізіліп жатқан Тараз қаласының орталық көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары ішінде Қойгелді, Рысбек батыр және Асқаров көшелерінің маңызы зор. Сонымен қатар Қаратау қаласының Арбатас, Панфилов және Тамды-Әулие көшелері де толықтай жаңартылуда. Осы тектес жөндеуді қажет ететін ұзындығы 456,1 шақырым жол орта жөндеумен қамтылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Міне, осындай ауқымды жобалар облыста жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Негізінде облыс аумағында 183 жол инфрақұрылымы жобасы қолға алынған. Соның нәтижесінде жыл аяғына дейін барлығы 481,8 шақырым жол әртүрлі деңгейде жөндеуден өтеді. Бұл құрылыс, қайта жаңғырту мен орта жөндеу жұмыстарын қамтиды. Оның ішінде облыстық маңызы бар жол – 62,1 шақырымды, аудандық деңгейдегісі – 50 шақырымды, ал ауылішілік көшелердің ұзындығы 344 шақырымды құрап отыр. Аталған жобалар түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асуда. Мәселен, «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту» тұжырымдамасы аясында 112 шақырым жолды қамтитын 23 жоба іске асып жатса, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 80 жоба қолға алынып, 206,1 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 28,1 шақырымды қамтитын 6 жоба іске асып, «Моноқалаларды дамыту» арқылы 5,4 шақырым жол жөнделмек. Ал жергілікті бюджет есебінен 71 жоба жүзеге асырылып, 130,2 шақырым жол жаңартылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде шалғай ауылдар мен аудан орталықтары да жаңарып, халыққа сапалы жолмен жүруге мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар көлік логистикасы да жанданып, ауыл мен қала арасындағы қатынас одан әрі жақсара түсетін болады, – дейді Мұрат Құттыбайұлы.
Сапаға баса мән берілуде
Облыста жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар жолдың қауіпсіздігі мен сапасына да ерекше назар аударылып отырғанын айта кетуіміз керек. Осы жылы жергілікті жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына 4 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол жамылғыларын жөндеуге, жол белгілерін жаңартуға және жол сапасын қадағалауға бағытталған. Атап айтқанда, жалпы көлемі 50 870 шаршы метр шұңқырлар қалпына келтірілсе, жол бойына 1 572 жаңа белгі орнатылып, 440-ы жаңартылған. Сонымен қатар 170 белгі беру бағандары қойылып, 301,5 шаршы метр жасанды тегіссіздік жасалған. Көлік ағыны тығыз учаскелерге 2 641 шақырым жол таңбасы сызылып, қауіпсіздікті арттыруға бағытталған 30 шаршы метр шулы жолақтар да орнатылыпты. Бұған қоса, жол жиегін автогрейдермен тегістеу жұмыстары 15 267,9 шақырымды қамтыған. Жол жабындысындағы 130 текше метр көлеміндегі ісінген жерлер, 770 шаршы метр көлеміндегі тапталған жол табандары ретке келтіріліпті. Шағалды жолдарды тегістеу 116 шақырымды, ал өртке қарсы минералданған жолақтарды жырту жұмыстары 474,3 гектар алқапты құраған.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы тарапынан 257,7 миллион теңгенің жұмысына сараптама жасалып, 51 нысан бойынша 88 мәрте тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 375 сынама алынып, материал сапасы мен жұмыс деңгейіне баға берілген екен. Жыл соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың 99,5 пайызы, елді мекен көшелерінің 89 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйге жеткізіледі деген жоспар бар, қазір осы межеге қол жеткізуге күш салынуда.
Жалпы жол сапасын арттыру үшін қоғамда адам сенімін нығайтатын жүйелі әрі ашық бақылау болуы қажет. Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысы бойынша департаментімен бірлесіп, «Жамбыл – сапалы жол» жобасы бекітілгенін айта кетуіміз керек. Аталған жоба өңірдегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары барысында орын алуы мүмкін заңсыз әрекеттердің жолын кесуге және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бағытталған. Жоба аясында ең алдымен жол сапасын бақылау тетігі күшейтіледі. Мердігер ұйым мен техникалық қадағалаушы мекеменің жауапкершілігі арттырылып, кепілдік мерзіміндегі жолдардың жағдайы тұрақты қадағалауға алынады. Жөндеу барысында орын алған ақауларды мердігер өз есебінен қайта қалпына келтіретін болады. Бұған қоса, кепілдік мерзімі 2 жылдан 3 жылға ұзартылып, жол сапасына тоқсан сайын мониторинг жүргізу көзделпті. Сондай-ақ жөндеуден өткізу жоспарланған жолдар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала жариялау тәжірибесі енгізілмек.
Автомобиль жолдары ұзақ мерзімге шыдас беруі үшін алдымен жол сапалы салынып, одан кейін жолды күтіп ұстау мен шамадан тыс ауыр жүк көліктерінің жүктемесінің артуын болдырмау аса қажетті істің бірі. Осыған орай, өңірдегі автожолдарды мерзімінен бұрын бүлінуден сақтау мақсатында бүгінде облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімдерімен бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастырылып келеді екен. Бақылау іс-шараларының барысында ауыр жүк көліктерінің салмақтық және өлшемдік параметрлерге сәйкестігі тексерілуде. 2025 жылдың алғашқы 5 айында жылжымалы көліктік бақылау постарында 274 автокөлік құралы тексерістен өтіпті. Нәтижесінде 430 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталып, жалпы сомасы 60,2 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 35,6 миллион теңгесі, яғни 59,2 пайызы мемлекет пайдасына өндіріліпті.
– Жолаушылар тасымалы – тұрғындардың күнделікті тіршілігі мен тұрмыстық жайлылығы үшін аса маңызды сала. Облыс аумағында бүгінде жолаушыларға арналған 155 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде 13-і облысаралық бағыт болса, 27-сі ауданаралық, 72 бағыт ауданішілік және ауылішілік елді мекендерді қамтиды. Ал облыс орталығы – Тараз қаласы бойынша 43 қалалық бағыт жүйелі жұмыс істеуде. Осы жылы тұрғындардың жүріп-тұру қажеттілігіне деген мүмкіндікті арттырып, әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қолдау мақсатында 117 бағытқа жалпы 6,8 ммиллиард теңге субсидия қарастырылды. Осы арқылы халық тұрақты, сапалы және қолжетімді көлік қызметін пайдалануға мүмкіндік алды. Басқарма тарапынан 13 облысаралық және 27 ауданаралық бағыт жолға қойылса, оның ішінде 8 бағыт әлеуметтік маңызы бар бағыттар қатарына енген. Сонымен қатар, 3 темір жол бағыты да халық үшін маңызды әлеуметтік қатынас тізіміне енгізілді. Ал аудан әкімдіктері өз тарапынан 16 тасымалдаушы мекемемен бірлесіп, 72 ауданішілік және ауылішілік бағыттар бойынша тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде шалғай ауыл тұрғындарының аудан орталықтарымен қатынасын жақсартып, тұрмыс сапасына оң әсер етуде. Облыс тұрғындарының жүріп-тұруын жеңілдету үшін ұйымдастырылып жатқан көлік қатынасы жүйелі түрде дамып келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 63 әлеуметтік маңызы бар бағыт халыққа қолжетімді көлік қызметін ұсынып отыр. Бұл бағыттар шалғай ауылдар мен елді мекен тұрғындарының аудан орталықтарымен және Тараз қаласымен байланысын жақсартуға бағытталған. Тараз қаласы бойынша жолаушы тасымалдау қызметін 8 тасымалдаушы мекеме атқарып отыр. Қала аумағында 43 бағытқа 437 автобус тартылса, күн сайын желіде 360-қа жуық көлік қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 371 елді мекеннің ішінде, халық саны 100 адамнан асатын 354 ауыл бар. Оның 320-сы немесе 90,4 пайызы қоғамдық көлікпен қамтылған. Биыл Тараз қаласы мен екі аудан әкімдігі тарапынан 10 жаңа автобус бағыты іске қосылды. Оның сегізі ауданішілік, екеуі қалалық бағыттар. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы да 8 елді мекенді қамтитын 4 ауданішілік және 3 қалалық бағыт ашу жоспарланып отыр. Автопарктердегі жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері Тараз қаласына 35 жаңа автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін тағы 72 заманауи көлік қызмет көрсету қатарына қосылады деп күтілуде. Сонымен бірге, «Әулие-ата» халықаралық әуежайынан Астана, Алматы және Атырау бағыттарына әуе рейстері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Әуе билеттерінің бағасы – Алматы бағытына 20 мың теңге, Атырауға – 30 мың теңге шамасында. Тараз – Астана бағыты коммерциялық бағыт ретінде жұмыс істейді, – дейді М.Саурықов.
Елді мекендердің еңсесі биік
Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ербол Жайлаубековтің сөзіне сүйенсек, жол жөндеу, көше жарықтандыру секілді істерді атқаруда аталған ауданда да оңды іс көп. Әрбір елді мекендегі көшелер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңғыртылып, жарықтандырылуда. Аудан бойынша биыл автомобиль жолдарын 1,2 миллиард теңгеге жөндеу және қалыпты жағдайда ұстап тұру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Оның ішінде аудандық мәндегі 22,1 шақырым жол жөнделуде. Атап айтқанда, «Алмалы Ресорт», «Таскөл» туристік нысандарыың кіреберіс жолы, Қызылқайнар, Қапал ауылдарының кіреберіс жолы, «Айшабибі-Қаратау бөлімшесінің» жолы 584,5 миллион теңгеге қалпына келтіріліп жатыр екен.
– 2025 жылы ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 627,1 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 15 жоба іске асырылуда, осы арқылы 14 көше, 5 бұрылыс жөндеуден өтуде. Оның ішінде, аудандық бюджет есебінен 6 жобаға 68,5 миллион теңге, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 9 жобаға 558,6 миллион теңге бөлінген. 2025 жылы жөнделетін аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының сапалы болуын және мерзімінде аяқталуын тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшілері басты назарда ұстап, қатаң бақылауға алған. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта келесі жылдың бюджетіне енгізуге ұсынылатын ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша сметалық құжаттамалары мен мемлекеттік сараптамаларын мерзімінде әзірлеу жұмыстары ұйымдастырылуда, – дейді ол.
Осы аудандағы Қарасу ауылдық округінде екі елді мекен бар болса, ондағы жолдардың жағдайы жақсы деуге тұрарлық. Бұл жөнінде Қарасу ауылдық округінің әкімі Айдын Масатов айтып берді.
– Өткен 2024 жылы атқарылған жұмыстарды атап өтсек, Ащыбұлақ, Шайдана ауылдарындағы Жамбыл, И.Елубаев, Ә.Әлімбаев, Ә.Үкібаев, Ә.Жылқыбайұлы, Ә.Нұрбаев, С.Көпбергенов көшелерінің бұрылыстарына және Ә.Әлімбаев көшесінің жаяу жүргіншілер жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 86,818 миллион теңге жұмсалды. Ащыбұлақ ауылы Қ.Тубаев және Қапал көшесі 3,441 миллион теңгеге, Шайдана ауылындағы Ә.Жылқыбайұлы көшесі 1,489 миллион теңгеге жарықтандырылды. Ащыбұлақ және Шайдана ауылдарының кіреберісіне әр түрлі қылмыстардың алдын алу бағытында қосымша бейнебақылау камералары 2,160 миллион теңгеге орнатылды. Сонымен қатар 3,360 миллион теңгеге ауызсу мұнарасына бейнебақылау камерасы қойылды және ауызсу мұнарасындағы бактерицидтік лампалары да 1,2 миллион теңгеге жаңасына алмастырылды. Шайдана ауылына 150 орындық орта мектеп салу жоспарланған. Бұл мақсатта республикалық «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан» 6 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурс жеңімпазы болып мердігер «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Осы жылы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Аса-Мырзатай бағытындағы аудандық маңызы бар 6 шақырым жолға орта жөндеу жұмысы үшін 265 миллион теңге бөлініп, іс толық атқарылса, Тастөбе бұрылысынан Ащыбұлақ ауылына дейінгі 2,5 шақырым жолға 95 миллион теңге қаралып, орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратына газдандыру жұмыстары жүргізілді. Шайдана ауылының шыға берісіндегі аудандық маңызы бар жолға көпір салынды. Шайдана ауылының аулаларындағы қора-қопсыларға түрлі мал аурулары мен кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Ащыбұлақ ауылындағы И.Елубаев, Ә.Үкібаев, Т.Жапаров көшелерін жарықтандыру үшін 13 миллион 916 мың теңге қаржы бөлініп, мақсатты игерілді. Ащыбұлақ ауылындағы Ә.Әлімбаев көшесін орта жөндеу жұмыстарына 72 миллион 829 мың теңге қаражат қаралып, жол жөндеуден өткізілді. Ащыбұлақ ауылының ауызсу мұнарасын ағымды жөндеуге 14 миллион 308 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыс атқарылды. Шайдана ауылына мал дәрілеу жұмыстары үшін раскол салуға 2 миллион 960 мың теңге қаржы бөлініп, ол нысан да дер кезінде пайдалануға берілді. Шайдана ауылындағы С.Көпбергенов көшесі мен Ә.Нұрбаев көшесінің бұрылысын жарықтандыруға 3 миллион 324 мың теңге қаржы қаралып, көшелер жарықтандырылды. Шайдана ауылының кіре берісіне қоршау жасалып, жасыл желек отырғызылды. Ащыбұлақ ауылындағы Ә.Әлімбаев көшесін жарықтандыруға, «Пионер» дренажын және «Марқабай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына, сонымен қатар Ащыбұлақ және Шайдана ауылдарындағы кіші футбол алаңының жасанды төсенішін тозығы жетуіне байланысты ауыстыру үшін жобалық сметалық құжаттамалары дайындалды. Жобалар қаржыландырылған жағдайда іске асырылатын болады, – дейді Айдын Әділханұлы.
Қарасу ауылдық округінде барлығы 352 үй, 2049 тұрғын бар. Екі ауылға да газ, ауызсу құбыры тартылған, көшелері түгел жөндеуден өткен. Аталған елді мекендерде «Шешімін таппаса болмайды» дейтіндей алып бара жатқан мәселе жоқ көрінеді. Десе де екі ауылдағы 11 көшенің 10-ы жарықтандырылғанымен, тек Ащыбұлақ ауылындағы Ә.Әлімбаев көшесі әзірге қараңғылық құшағында. Осы көшенің тұрғыны Серік Қыбыраев бұл мәселенің де өз шешімін табатынына сенімді.
– Қазір мемлекет тарапынан ауылдық жерлерді дамытуға баса көңіл бөлініп отыр ғой. Облыс бойынша ауызсумен, газбен қамтылмаған ауыл бүгінде кем де кем. Біздің ауылдық округ әкімі 2023 жылы сайланғаннан бері екі ауылда да бірқатар өзекті мәселелер өз шешімін кезең-кезеңімен тауып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы Шайдана және Ашыбұлақ ауылдарының көшелерін жөндеу жұмыстары басталып, негізгі жұмыстар толықтай 2024 жылы аяқталған болатын. Ауылдағы екі көшенің арасына асфальт төселіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген егіншаруашылығына қажетті көпір құрылысы да былтыр басталып, биыл толық пайдалануға берілді. Одан бөлек, Шайдана ауылында 11 жылдық орта мектептің іргетасы қаланып, қазір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл да бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі еді. Мектептің бой көтеруі ауыл халқы үшін үлкен жаңалық болды. Ауылдық округ бойынша халықтың талап-тілегі сәтімен орындалуда. Ауыл көшелерін жарықтандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. 2024 жылы Шайдана ауылындағы Жылқыбайұлы көшесі, Ашыбұлақ ауылындағы Қапал және тағы бір көше жарықпен қамтылған болатын. Биылғы жұмыстарды қосқанда ауылішілік көшелердің 90 пайызына жарық тартылды. Жалпы 11 көшенің 10-ы жарықтандырылған. Тек біз тұратын осы көше жарықтандырылса деген тілегіміз бар. Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалған, алдағы уақытта оған да қаржы бөлінетінінен үміттіміз, – дейді С.Қыбыраев.
Бұл ауылдық округтен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 172 аула 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген екен. Осы орайда «Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы тарапынан аталған 172 аула үшін ұсынылған несиенің көлемі 1 миллиард 95 ммиллион теңгені құрапты.
«Жомарт түлек» жобасы бойынша 2024 жылға Қ.Сартбаев атындағы орта мектебінің алдына 1 миллион теңге тұратын «Менің сүйікті мектебім» тақтайшасы орнатылыпты. Аталған ауылдық округте тұрғындардың ауызбіршілігі негіз болған осы тектес елге қажетті игі істер де көрініс табуда.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ