
Кешті Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония және Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесе отырып өткізді.
Салтанатты шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылып, одан әрі әдеби-сазды кешке ұласты. Шараның басты мақсаты Абай мұрасын жас ұрпаққа тереңінен таныту, даналыққа толы өлеңдері мен қара сөздері арқылы ұлттық рухты жаңғырту, әдебиет пен тілдің қадір-қасиетін дәріптеу болды.
Кеш барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары Ерболсын Қасымбеков, Дидар Басықараев, Әсел Уашева, Әлібек Малдыбаев Абайдың «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» әндерін шырқап, «Торжорға» күйі мен «Абайға арнау» музыкалық шығармаларын орындады. Ал «Желсіз түнде жарық ай» әні саксафонда шеберлікпен орындалып, тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкерлері ұлы ақынның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Есіңде бар ма жас күнің» сынды жауһар жырларын тебірене оқып, шараға әдеби тыныс қосты. Рухани кешке ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің сарбаздары да қатысып, Абай өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Тағылымды шара соңында Абай атындағы орталық кітапхана қызметкерлері ұлы ойшылдың қара сөздерінен үзінділер ұсынып, тыңдарманды терең ойға жетеледі. Осылайша, кеш рухани мазмұнмен түйінделіп, Абай мұрасының мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Гүлден Асубаева,
облыстық Ш.Уалиханов атындағы амбебап
ғылыми кітапханасының мерзімді
басылымдар секторының меңгерушісі