
– Біз бұрын Кеңес одағы тұсында азаматтық борышымызды атқардық. Мысалы, менің жауынгерлік жолым Балтық теңізінің жағалауында өтті. Ол кездегі тәртіп солай еді. Қайда жібереді, сол жақта парызыңды өтейсің. Ал қазір еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет. Халықаралық нормаларға сай шегенделген шекарамыз бар. Қарулы Күштеріміз қалыптасқан. Біздің қай-қайсымыз үшін де ата-бабамыздан аманат болып қалған осы қасиетті мекенді қызғыштай қору басты міндет болу керек. Өйткені, бұл-біздің Отанымыз. Сондықтан да әскерге барудан жалтару деген әңгіме мүлде айтылмауы керек. Тиісті медициналық талапқа сай келіп тұрсың да, аянып қалмау керек. Әскер - жігерсізді жігерліге, әлсізді мықтыға, тәртіпсізді тәртіпке бағынған нағыз азаматқа айналдыратын орта. Егер соған өз-өзін өзгертіп, бойына адамдықтың асыл қасиеттерін дарытуды шын ниетпен қаласа, онда әскери орта соған бастар сара жол, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Болат Смаилов.
Бұл ойды кейінгі толқын жастар да құптап отыр. Өткен жылы ғана азаматтық борышын өтеп келген Санжар Серіков әскерден үйренгені көп екенін жеткізді.
– Қатаң тәртіпке бағынған күн тәртібі таңғы сағат алтыдан басталып, кешкі тынығу сәтіне дейін бір минуттық кідіріссіз, жүйелі жоспармен өрбиді. Әскерге келмес бұрын еркін жүріп-тұрған жас азамат үшін бұл күнтізбе басында тосын әрі ауыр болуы мүмкін. Өйткені мұнда әрбір сағаттың, тіпті әр минуттың да нақты міндеті мен мақсаты бар. Алайда осы тәртіпке шыдаммен төтеп берген жан үшін бұл орта өзін-өзі қайта тәрбиелеудің таптырмас мүмкіндігі. Әскери борышын өтеп жүрген әрбір сарбаз тек адами асыл қасиеттерді бойына сіңіріп қана қоймай, сонымен қатар заманауи әскери техника мен қару-жарақ түрлерінің құрылымын, жұмыс істеу қағидаттарын терең меңгере бастайды. Жауынгерлік міндеттерді орындау барысында әр сарбазға арнайы тіркеліп, нөмірленген қару сеніп тапсырылады. Осы сәттен бастап ол қару жауынгердің сенімді серігіне, әрі оған жүктелген жауапкершіліктің белгісіне айналады. Қару-жарақты ұқыпты сақтау, оны дұрыс қолдану мен әрдайым жарамды күйде ұстау сарбаздың күнделікті міндетіне кіреді. Сонымен қатар, әскери өмірде кез келген күтпеген жағдай немесе туындаған мәселе командирлердің басшылығымен, ортақ келісім мен ақылдасу арқылы шешіледі. Осы тәртіптің нәтижесінде сарбаздардың өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге жол берілмейді, – дейді Санжар Серіков.
Расында да, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы тікелей қорғаныс саласының қуаттылығымен өлшенеді. Келешекте еліміздің қарыштап дамуы, бірлігіміздің бекем болуы әскеріміздің нығая түсуімен де тығыз байланысты. Сондықтан да азат елдің ертеңі үшін азаматтық борышымызды адал атқара білейік.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ