Қазақ «Отан отбасынан басталады» деп текке айтпаса керек. Менің түсінігімде, жанұямыз үлкен бір әлемнің іргетасы іспетті. Себебі іргетасы берік болмаса, үй де, кез келген ғимарат та табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай, қирап қалады. Дегенмен баршамызға ортақ ғаламның ең үлкен құндылығы – Отан.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өзінің «Үш бақытым» атты өлеңінде:
«Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай-ақ кел дағы, от ал менен!» – деп тебірене, өрлікпен жырлайды. Бұл өлең жолдары осы ойымызды қуаттай түседі.
Осы тұста: «Отан дегеннің қастерлі де киелі ұғым екенін түсінген адам қандай болады?» немесе «Оны қалай қадірлей аламыз?» деген сауалдар көкейіңізге келуі ғажап емес. Меніңше, Отанды сүю – оны қорғау. Ал Отанды қорғау – оның тілін, ділін, дінін көздің қарашығындай сақтап, аялай білу. Әрі ол үшін бәріне дайын болу.
Мен де өзімнің ер-азамат ретіндегі борышымды өтеген уақытта осы бір саланың тыныс-тіршілігіне куә болдым. Жамбыл ауданының тумасы болғаныммен, Отанға деген махаббатым мені Абай облысына сапар шектірді. Аягөз қаласында орналасқан №10810 әскери бөлімде 12 ай сарбаз болдым. Шынымды айтсам, бойымда мақтаныш пен қуаныш сезімдерімен қатар қорқынышта болды. Себебі әлеуметтік желідегі кей жаңалықтар жүрегіңді тырмалайтыны рас. Бірақ мерзімді қызметтегі алғашқы сәттерден-ақ бойыма күш бітіп, жігерленіп, қайраттанып жүрдім. Өйткені «Отан қорғауға аттандым» деген ойдың өзі бойыңа рух ұялатып, күш дарытады.
Тарихты оқу барысында біз ата-бабамыздың қандай батыр болғанын түсініп, көбіне таңдай қағып жатамыз. Атам қазақ білектің күші, найзаның ұшымен ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етіп қалдырды. Әр бұрышын кірпік қақпай күзетіп, қызғыштай қорыды. Қобыланды, Алпамыс, Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Кейкі мерген сынды батырлардан бастап, Ұлы Отан соғысындағы Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтардың, одан кейінгі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде көзге түскен Қайрат Рысқұлбековтердің есімін естігенде қазақ болғаныңа марқаясың.
Мұқағали Мақатаев өзінің «Арнау» атты өлеңінде:
«Отан деген – маған да, саған да Ана,
Алдымен Отанымды ырза етейін,
Бер мені Отаныма, алаңдама!», – деген жолдар кездеседі.
Меніңше, бұл – әр қазақтың, әр ер жігіттің ойында болуы керек сөздер. Себебі Отанды қорғау өзіңді қорғау. Отанды сүю – өзіңді сүю.
Ақын тағы бір өлеңінде:
«Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды,
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды,
Тірі адамға сол қайғы», – дейді.
Демек, балық сусыз, құс аспансыз өмір сүре алмайтыны секілді, адам да Отансыз күн көре алмайды.
Отан алдындағы борышымды өтеу – өмірімдегі есею кезеңі болды. Туған жерден, қара шаңырақтан жырақта жүріп, өзімнің өткен өмірімді, болашағымды талай мәрте ой елегінен өткіздім. Мінезімнің өзгеріп, ойымның салмақты болуына дәл сол 365 күн қатты әсер етті. Қарулас достарым, сержанттар мен офицерлер сынды түрлі әскери қызметшілермен жақын танысып, тілдескен уақытта журналистік дағдыларымның септігі де тиді. Әрі сол бір сұхбаттар маған өзім бұрын байқамаған дүниелерді көрсетіп, өмірді жаңа қырынан танытты. Адам баласы үшін отбасының, Отанның қаншалықты маңызды ұғым екенін де дәл сол уақытта ұғындым. Таңмен таласып оянып, жаттығу жасап, түрлі қызметтік міндеттерді орындадық. Әскери ұрыс өнері мен техникалармен, қару-жарақ түрлерімен таныс болдық. Оларды қолдануды үйрендік. Бұрын соғысты тек атыс-шабыс ретінде түсінетін едім, ал білім алу барысында оның да өз алдына ғылым, өнер екенін ұқтым. Әрі ақылдың озықтығы мен шешімнің салдарын, маңызын түсіндім.
Көптеген адам үшін әскер – тек қатаң қағидалар мен темірдей тәртіптің ордасы сияқты. Бірақ онда да өмір бар. Онда да күлкі, онда да сан алуан сезім бар. Әскердегі болмашы бір қуаныш сол уақытқа дейінгі бар шаттығыңнан артық секілді.
2012 жылдан бері елімізде 7 мамыр ресми түрде Отан қорғаушы күні ретінде аталып өтіледі. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені 1992 жылы дәл осы күні Қазақстанда Қарулы Күштер құрылымы құрылған болатын. Бұл – ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешімдердің бірі. Бүгінде Мемлекет басшысына бағынышты құрылым қауіпсіздік үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Тәуелсіз әрі жас мемлекет үшін өз бостандығы қаншалықты орасан мәнге ие екенін бізге адамзат тарихы көрсетіп бергендей.
Тәуелсіздік, бостандық, егемендік сынды ұғымдардың құны қаншалықты биік болса, Отан сөзінің бағасы да, беделі де соншама ұлы. Меніңше, бұл ұғымдарды бөліп-жаруға болмайды. Ал осы жолға мен секілді жылын арнаған азаматтарды есептемегенде, бар ғұмырын қорғаныс саласымен байланыстырған тұлғалар да лайықты түрде бағалануы керек. Оларға әрдайым құрмет көрсетіп, мақтан тұтуымыз қажет.
Отан қорғаушы күні қарсаңында соғыс ардагерлерін, әскерилерді айрықша еске алып, құрметтеп келеміз. Десе де олар мұндай құрметке әр күн сайын лайықты. Өйткені «елім» деп соққан жүректің әр қағысы әлемдегі ең ұлы әуен саналуы керек.
Отанды сүю – даңғазамен, жылтыр жарнамамен емес, әсте оның тарихын, болмысын, әрбір перзентін, тау мен тасын танып-білу, риясыз ғашық болу шығар...
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ




