Қазіргі сәтте елімізде кезекті көктемгі әскерге шақыру науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Облысымыз да маңызды науқанды зор жауапкершілікпен өткізіп, әскер қатарын жас сарбаздармен толықтыру жұмыстары жүйелі жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда.
7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында осы бағыттағы жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанына, биылғы жаңашылдық пен өзгерістерге тоқталып өтуді жөн көрдік. Риддер қаласынан келген жас сарбаз Владимир Горявин мұндай құрметке ризашылығын білдірді.
Науқан аясында жергілікті атқарушы органдар, қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер, сондай ақ медициналық ұйымдар бірлесе шақырылушыларды іріктеу, медициналық куәландыру және әскер қатарына жөнелту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жас сарбаздармен толықтыру да қатар атқарылуда.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Нұрбол Зейнеловтің айтуынша, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес әскерге шақырудан кейінге қалдыру немесе босату нақты негіздер бойынша ғана қарастырылады екен. Атап айтқанда, білім алу, денсаулық жағдайы, отбасылық себептер және өзге де заңда белгіленген жағдайлар ескерілетін көрінеді. Мұндай шешімдер тек шақыру комиссиясының қорытындысымен қабылданып, ұсынылған құжаттар жан-жақты тексеріледі. Шақыру науқанының ашық әрі әділ өтуіне ерекше мән беріледі.
Медициналық тексеру бірнеше кезеңнен тұрады, ал қажет болған жағдайда қосымша тексерулер тағайындалады екен. Сонымен бірге үдерістің айқындылығын қамтамасыз ететін азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау тетіктері жұмыс істейді.
– Биылғы көктемгі шақыру барысында облысымыздан шамамен 1500-ге жуық азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған. Саралай айтсақ, 830 азамат Қарулы Күштер құрамына, 150-і Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 500-і Ұлттық ұлан қатарына, 20-сы Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 22 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне жолданады.
Әрбір шақырылушының жағдайы жеке қаралады. Денсаулығы, білім деңгейі, отбасылық және әлеуметтік ахуалы толық ескеріліп, тиісті шешімдер заң аясында қабылданады.
Сонымен қатар әскери қызметтен жалтарған азаматтарға заң аясында жауапкершілік көзделген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, шақыру қағазын алғанына қарамастан себепсіз келмеген азаматқа бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Ал әскерге шақырудан әдейі жалтару немесе жалған мәлімет ұсыну фактілері анықталған жағдайда Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес бір мыңнан үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жалпы көктемгі шақыру науқаны белгіленген талаптарға сай ұйымдастырылып, азаматтардың құқықтарын сақтай отырып жүргізілуде, – деген департамент басшысы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен әскери есеп үдерістерін автоматтандыруды көздейтін «Smart военкомат» жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді.
Жүйе шақырылушылар мен әскери міндеттілердің есебін, азаматтардың тұрғылықты жерін ауыстырған кезде автоматты түрде есепке қоюды, 17 жасар жасөспірімдерді тіркеуді, сондай-ақ шақырудан кейінге қалдырулар мен босатуларды автоматты түрде беруді қамтамасыз етеді. Шақыру туралы бұйрықтар электронды форматта рәсімделеді, бұл әскери қызметшілерге несиелік демалыстар беру үшін кредиттік бюроларға ақпаратты автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңашылдық – шақырылушы ларды медициналық куәландыру кезінде қолданылатын «Е-Медосмотр» медициналық жүйесінің енгізілуі. Бүгінде цифрлық медициналық куәландыру Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында қолданысқа енгізіліп үлгерген. Жүйе арқылы медициналық тексеру цифрландырылады, дәрігерлер арасында ақпарат алмасу жеделдейді және әскерге жарамдылық шешімі нақты әрі ашық болады. Бұл жаңашылдық бұрынғы ұзақ тексерулер мен қағаз құжаттарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Шақыру комиссиясының дәрігері Дөрбетхан Әбішевтің айтуынша, жастарды әскерге іріктеудегі ең басты талап – олардың денсаулық жағдайы.
– Соңғы жылдары байқағанымыз, ер балалардың әскерге деген көзқарасы мен қызығушылығы айтарлықтай артып, саналы талпыныс пайда болған. Шақырылушылардың арасында денесі мығым, спортты серік еткен және Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуді азаматтық парызы санайтын жігерлі жастардың қатары артып келеді. Бойларында асқақ рухы мен елге деген сүйіспеншілігі бар осындай азаматтарға ақ батамызды беріп, жауапты сапарларына ақ жол тілеп шығарып салуды өзіміздің асыл міндетіміз деп білеміз, – дейді Д.Әбішев.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталысымен әскери басқару органдарымен қатар әскери прокуратура өкілдері де жұмысын күшейтті. Олардың басты мақсаты – заңның қатаң сақталуын бақылау және әскерге шақырылатын жастардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу.
Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры, әділет полковнигі Сәкен Ермекбаев заңдылықты сақтау мемлекеттік органдарға ғана емес, жастардың өзіне де байланысты екенін айтады. Мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғайды, ал әрбір жас жігіт өз конституциялық міндетін ұмытпауы тиіс.
– Прокуратура өкілдері жазалау шараларынан бұрын алдын алу жұмыстарына басымдық береді.
Ел қорғау – намыс пен жауапкершіліктің белгісі. Бұл ұғым қазақ халқының тарихында әрқашан ерекше орын алған. Батыр бабаларымыз туған жерін қорғап, осы дәстүрді кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Жас жауынгерлерге осы қағидатты ұғындыруға тырысып келеміз, – дейді Сәкен Ермекбаев.
Қазір әскери прокуратура қызметкерлері шақыру комиссияларымен және дәрігерлермен кездесулер өткізіп жатыр. Бұл кездесулерде медициналық тексерулер мен шешім қабылдау кезінде заң талаптарын сақтау маңызды екені түсіндіріледі. Әсіресе әскерге шақыруды кейінге қалдыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар прокуратура әскери қызметшілердің отбасыларымен де тығыз байланыста жұмыс істейді.
Жақында Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың жеке құрамы көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздарды салтанатты жағдайда қарсы алды.
Тараз қаласындағы теміржол вокзалында өткен іс-шара барысында әскери оркестр патриоттық әндер шырқап, Отан алдындағы борышын өтеуге келген жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Риддер қаласынан келген жас сарбаз Владимир Горявин мұндай құрметке ризашылығын білдірді.
-Бізді батырлардай музыкамен, оркестрмен қарсы алғанда қатты таңғалдым. Шыны керек, бұл маған керемет шабыт беріп, бойымдағы қобалжуды бір сәтте басып тастады. Мұндай жылы қабылдау мен командирлердің ізеттілігін көргенде әскери қызметке деген құрметім арта түсті.
Енді алдағы әскери қызметіме мен де жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Осындай қамқорлықты сезінген соң Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеуге бар күшімді саламын. Бізді осылай құрметтегендеріне алғысым шексіз, – дейді сарбаз.
Ал әскери бөлімге келген сарбаздарды оңтүстіктің қонақжайлылығын айшықтайтын бауырсақтар мен ұлттық сусындар күтіп тұрды.
Кейін жас жауынгерлердің алғашқы әскери күндері басталды. Олар роталарға бөлініп, казармадағы жатын жайларға орналастырылды.
Бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Болатгерей Шекеевтің түсіндіруінше, сарбаздарды роталарға бөлгенде олардың туған өңірлерінің әртүрлі болуына мән беріледі. Бұл әр аймақтан келген жігіттердің өзара танысып, достық қарым-қатынас орнатуына және ортақ мақсатқа бірігуіне мүмкіндік береді.
Сол секілді наурыз айынан бастап облыстағы әскери бөлімдерде бір жыл бойы қызмет атқарған сарбаздарды үйлеріне шығарып салу рәсімі өтіп жатыр.
Жауынгерлерге құрмет көрсету – сарбаздар үшін де, командирлер үшін де ерекше толқынысқа толы, маңызы зор дәстүрлі шара. Мұндай сәттерде әр әскери қызметшіге мінсіз атқарған міндеті үшін алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар мен грамоталар табысталады.
Салтанатты шараның ең маңызды сәті – бригаданың жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі. Дәстүр бойынша бұл құрметті міндет үздік сарбаздардың біріне жүктеледі, ол барлық әріптесінің атынан тізе бүгіп, бригаданың қасиетті нышанымен қоштасады.
Алайда әскерде жүргенде болашағын осы саламен байланыстыруға шешім қабылдап, келісімшарт арқылы қызметте қалуды жөн көретін жауынгерлер де аз емес. Солардың бірі – спорт пен әскери қызметті қатар алып жүрген Ринат Кулыгин.
Ол Гвардейск гарнизонындағы кіші мамандарды даярлау оқу-жаттығу орталығында дайындықтан өтіп, әскери борышын танк бригадасында механик-жүргізуші лауазымында өтеген. Қазіргі уақытта келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып, аға радиотелефонист лауазымында қызмет етіп жүр.
Сонымен бірге Ринат Кулыгин – жеңіл атлетика және ұзақ қашықтыққа жүгіруден Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, сондай ақ Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері. Оның Кувейт пен Корея Республикасында өткен халықаралық жарыстарға да қатысқан тәжірибесі бар.
Ринаттың спорттық жолы Меркі ауданында басталған. Ол балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы Дмитрий Иванчуковтың жетекшілігімен спорт жолын бастаған. Әскери қызметте болғанына қарамастан спортшы бапкерімен ұдайы байланыста болып, жаттығу жоспарын орындап жүр.
Жақында ефрейтор Р.Кулыгин жеңіл атлетикадан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 10 шақырым қашықтыққа жүгіруден жеңіске жетті. Республикалық жарыс Алматы қаласында Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Сайысқа еліміздің 40-тан аса үздік спортшысы қатысты. Ринат Кулыгин мәреге бірінші болып жетіп, өзінің жеке рекордын (31 минут 13 секунд) орнатты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев әскери қызметшінің бұл жеңісі Қарулы Күштердің беделін арттыруға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Ринат Кулыгин енді биылғы жылдың шілде айында Қытайда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтетін Азия чемпионатына қатысуды, оған қоса дене дайындығы және жаттықтырушылық бағытта білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Әрине, бүгінгі қоғамда әскерден жалтаруды әдетке айналдырған жастардың кездесетіні жасырын емес. Дегенмен әскери борышын өтеуді – ерлік пен қайсарлықтың, елге деген шексіз сүйіспеншіліктің биік көрінісі деп білетін өрендеріміздің көптігі көңілге сенім ұялатады. Сондықтан бүгінде әскерге жарамды жастарды іріктеу, оларды тиісті орындарға тасымалдау және жаңа ортаға орналастыру мәселелері заңнама талаптарына сай, жоғары деңгейде әрі мұқият ұйымдастырылған.
Жүйелі жұмыс Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанған әрбір сарбаздың қауіпсіздігі мен құқығының сенімді қорғалуын қамтамасыз етіп, ел қорғаны болудың абыройын арттыра түспек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




