Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Меркіде өндіріс өркендеп келеді

Меркіде өндіріс өркендеп келеді
Автор
Бүгінде Меркі ауданы дамудың жаңа сатысына көтеріліп, күн өткен сайын көркейіп келеді. Сырт көзге тұмса табиғатымен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен де ерекшеленетін бұл өңірде өндіріс орындары жұмыс қарқынын жетілдіру үстінде. Аталған аудандағы іргелі істерге біз облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік.

                               ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ЗЕРІКПЕС ҮШІН...

Баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алғашқы сапарын «Белсенді ұзақ өмір» орталығының жұмысымен танысудан бастады. Егде жастағы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік белсенділігін сақтау қағидатына негізделген бұл мекеме 2024 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде орталықта ауданның әртүрлі елді мекендерінен келген бірнеше зейнеткер түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысып, бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік алған.

Мекеме қызметімен танысу барысында журналистер  орталыққа келуші азаматтармен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың өмірлік тәжірибесіне зер салды. Ұзақ әрі сапалы өмір сүру салтын берік ұстанған ардагерлер денсаулықты нығайтатын жаттығулармен шұғылданып, рухани-мәдени және әлеуметтік бағыттағы түрлі үйірмелерге қатысуда. Орталық директоры Қалдыбай Алмабаевтың айтуынша, мекеменің негізгі мақсаты – зейнет жасындағы азаматтардың күнделікті өмір сапасын жақсарту, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жол ашу және жан-жақты психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсету.

– «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қазіргі таңда зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік қолдау мен өмір сапасын арттыруға бағытталған жеті түрлі қызмет түрін ұсынады. Ең алдымен әлеуметтік-сауықтыру қызметі арқылы егде жастағы азаматтарға қызмет көрсетеміз. Бұл бағыт аясында орталыққа келушілер дене белсенділігін арттыруға арналған арнайы жаттығуларға қатысады. Атап айтқанда, егде жастағы азаматтар үшін арнайы бейімделген йога, скандинавиялық серуендеу және жалпы денешынықтыру жаттығулары өткізіледі. Екінші бағыт егде жастағы азаматтардың бойындағы түрлі сырқаттардың алдын алуға және олардың әл-ауқатын жақсартуға арналған әлеуметтік-медициналық қызметтермен байланысты. Бұл жерде орталық мамандары дәрігердің ұсынысына сәйкес түрлі массаж түрлерін жасайды. Үшінші бағыт ретінде әлеуметтік-психологиялық қызметтер көрсетіледі. Орталықта жұмыс істейтін білікті психолог мамандар зейнеткерлермен тұрақты түрде жеке және топтық жұмыстар жүргізеді. Келесі бағыт- әлеуметтік-педагогикалық қызмет. Мұнда қазіргі заман талабына сай цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында зейнеткерлерге смартфонның негізгі функцияларын, түрлі мобильді қосымшаларды, оның ішінде «eGov mobile» платформасы, банктік және әлеуметтік қызметтерге арналған қолданбаларды пайдалану дағдыларын үйретеді. Сонымен қатар орталықта әлеуметтік-мәдени демалыс қызметі де қолға алынған. Бұл бағыт зейнеткерлердің бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне арналған. Шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ секілді ойын түрлерімен, қолөнермен айналысуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек хор, вокал, домбыра секілді өнер үйірмелері, жаттығу және би залдары жұмыс істейді. Орталық күніне 60-қа жуық азаматты қабылдайды. Оларға 23 қызметкер бағыт-бағдар беріп, өз жұмыстарын атқаруда. Мұндай орталық облысымызда екеу болса, соның бірі осы Меркі ауданында ашылған. Бастысы барлық қызмет түрі тегін, – дейді орталық директоры.

Ғимарат ашылғалы бері аталған орталықта зейнеткерлерге домбыра үйретіп, өнерге жетелеп жүрген келушілер де бар. Мәселен, 73 жастағы Сейдана Сабырбекова білгенімен бөлісуден анып қалған емес.

– Ақкөл музыка мектебінде 26 жыл жұмыс істедім. Меркі ауданына келгелі 30 жыл бойы сахнадан түскен емеспін. Әлі де сахнадан кеткіміз келмейді. «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылғалы бері зейнеткерлерге домбырадан сабақ беріп, бірнеше концерттерге дайындалып жатырмыз. Бір-бірімізбен танысып, кімнің қандай өнерге бейім екенін анықтап, одан әрі шыңдау үстіндеміз. «Жасымыз ұлғайды» деп жатқан ешкім жоқ. Осында бірі би билесе, бірі ән салып, түрлі ойындар бойынша бәсекелестік танытып, тіпті йогамен де айналысып жатыр. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізілген байқауда өнерпаз апалар үш-ақ күн дайындалғанына қарамастан бірінші орынды жеңіп алды. Бұл деген үлкен жетістік. Сонымен қатар жақында он төрт оқушыны Париж қаласына алып бардым. Шәкірттерім 7 нөмір бойынша дайындалып, жетеуінен де бірінші орынды иеленді, – дейді зейнеткер.

 

СҮТ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Мұнан соң БАҚ өкілдері «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде куә болды. Өндіріс ошағы 1936 жылы өз жұмысын бастап, 1954 жылы жаңа ғимараты салынған. Кеңестік дәуірде зауыт тәулігіне 100 тонна сүт өңдесе, бүгінде 12-15 тонна сүт өңделеді. Айта кету керек, қазіргі таңда  республика көлемінде кеңінен танылып, сұранысқа ие болып отырған «Меркі айраны» осы зауытта өндіріледі.

– Зауытта өндірілген өнімдерді кеңінен таныстыру және оларды халыққа қолжетімді бағада ұсыну мақсатында арнайы әлеуметтік дүкен іске қосылды. Аталмыш сауда нүктесінде кәсіпорында дайындалатын ірімшік, йогурт, сыр және құрт өнімдері сатылады. Атап айтқанда, құрттың негізгі бөлігі сүтті өңдеу барысында бөлінетін іркіттен, яғни сарысудан өндіріледі. Қазіргі таңда жаһандық деңгейде жаңа өндіріс орнын іске қосу барысында экологиялық талаптарға баса назар аударылуда. Себебі сүт өнімдерін өңдеу кезінде шикізаттың шамамен 50 пайызына жуығы пайдаланылмай, кәріз құбырына  тасталады. Осы түйткілді шешу үшін біздің зауытта арнайы сүзгілеу жүйелері орнатылып, қалдық сүт құрамындағы пайдалы заттар, дәрумендер мен микроэлементтер қайта өндіріске қосылады. Мұндай жаңашыл шешім біздің кәсіпорында кездейсоқ пайда болған жоқ. Бұл бастаманың іргетасы кәсіпорынның аға лаборанты мен тағы бір маманның Ресейге екі апталық іссапары барысында қаланды. Онда олар сүт өнімдерін қалдықсыз өңдеудің заманауи әдістерін зерттеп, сарысуды құнды тағамдық өнім – құрт жасауға пайдалануға болатынын нақты дәлелдеді. Қазіргі таңда бұл жаңалықты заңдық тұрғыда тіркеу, яғни патенттеу жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік қауіпсіздікке де жіті көңіл бөлінеді.  Зауыт аумағы толықтай бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұған қоса өрт қауіпсіздігі талаптарына сай, арнайы ішкі өрт сөндіру бригадасы құрылған. Кәсіпорынның кеңестік кезеңдегі қуаттылығын қайтару үшін зауытқа технологиялық жаңғырту жүргізу қажет. Сонымен қатар сырттан инвестиция тарту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Тағы бір өзекті түйткіл – шикізат тапшылығы. Бұрын сүт жеткілікті мөлшерде болғанымен, биыл табиғи-климаттық ахуалдың, атап айтқанда қуаңшылықтың салдарынан сүт көлемі күрт азайып кетті. Осы тығырықтан шығу мақсатында кәсіпкерлермен белсенді келіссөздер жүргізілуде, – дейді серіктестік директоры Дастан Айтуленов.

Зауыт аумағы үлкен болса да әрбір өндіріс аймағы мұнтаздай таза. Мұнда 92 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында ірімшіктің 30-дан аса түрі жасалады және өнімдер еліміздің 4 қаласы мен өңіріміздегі басқа да аудандарға жеткізіледі. Сырдың дайын болу уақыты 45 күн. Зауыт былтыр 90 тонна ірімшік, 65 тонна май өнімдерін шығарған.

 

«ҰШҚЫН»-ның ҰТЫМДЫ ІСТЕРІ

2021 жылы ашылған «Ұшқын» жастар денсаулық орталығы жастардың өмір сүру қөзқарасын жақсартуға бағытталған. Мамандар қоғамдағы келеңсіз жәйттардың алдын алуға басымдық бере отырып, еңбек етуде.

– Орталық 50 келушіге арналған. Мекеме арнайы бекітілген жоспарлы күнтізбе негізінде қызмет көрсетеді.  Мамандар әр жасқа жеке көңіл бөліп, олардың ішкі жан дүниесіне терең бойлауды мақсат етеді. Мекеменің негізгі мақсаты – жастар арасындағы психологиялық тұрақсыздық пен оның салдарынан туындайтын жағымсыз әрекеттердің, оның ішінде өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының алдын алу. Осы бағытта орталық ұжымы аудан аумағындағы мектептер мен колледждерде, басқа да білім беру мекемелерінде дәрістер мен семинарлар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Жастардың жан-дүниесін зерттеу барысында психолог мамандар түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, терең талдау жүргізеді. Әңгімелесу барысында жасырын сауалнамалар арқылы оқушылардың ішкі күйзелісі мен көңіл-күйіндегі ауытқуларды анықтап, қажетті бағытта жұмыс істейді.  Бұл жерде сауалнамалар толығымен анонимді түрде өткізіледі. Ал орталыққа тікелей келетін жастармен жеке жұмыс бастамас бұрын, мамандар олардың жазбаша келісімін алады. Орталық жастардың зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауы үшін де сан түрлі әдістемелерді қолданады. Атап айтқанда, темекі мен ішімдіктің адам ағзасына, әсіресе болашақ ұрпаққа тигізер зиянын көзбен көруге мүмкіндік беретін көрнекі құралдар әзірленген. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. Ғимараттың ішінде әр бағытқа маманданған бөлмелер орналасқан. Қызметкерлер де өз саласының білікті мамандары. Олардың қатарында уролог, гинеколог, психолог сынды мамандар бар. Әр маманға жеке жұмыс кабинеті берілген. Сонымен қатар орталықта демалыс бөлмесі және кеңес алу алаңдары арқылы қызмет ұсынылады. Мекеменің жүйелі жұмысының нәтижесінде оң көрсеткіштер байқалуда. Мәселен, 2024 жылы аудан аумағында жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау бойынша алты оқиға тіркелсе, биыл мұндай бірде-бір жағдай орын алмаған,– деді «Ұшқын» жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Минурия Оспанбекова.

 

СУ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ САЛЫНУДА

Әлеуметтік-кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысқаннан кейін журналистер тауға көтеріліп, жаңадан салынып жатқан су электр стансасына бет алды. Табиғаты көз тартар тау ортасында орналасқан су электр стансасының құрылысы енді басталыпты. «Тараз Гринпаэр Дженко» ЖШС өкілі Ғалымжан Сұраншиевтің сөзіне сүйенсек, жобаның мақсаты – жаңартылған энергия көздерін қолдау мүмкіндіктеріне  сәйкес,  Меркі өзенінің энергиялық әлеуетін  пайдалану.

– Меркі ауданының аумағында жүзеге асып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – өзен бойында салынатын су электр стансаларынан тұратын каскадты жүйенің құрылысы. Аталмыш жоба аясында өзен арнасының бойына жалпы қуаттылығы 18 мегаваттты құрайтын үш бірдей су электр стансасының құрылысы басталды. Барлық үш су электр стансасы толық қуатында іске қосылған жағдайда, жылына 84 мың МВт/сағат көлемінде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Бұл жоба бірнеше елді мекеннің электр энергиясына деген сұранысын толықтай өтейді. Қазіргі таңда нысан құрылысының алғашқы кезеңіне дайындық жұмыстары басталды. Мысалы, көпірлер мен автожолдарды жаңғырту, қазан-шұңқырлар мен техникалық құрылымдарға арналған алаңдарды әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі – «Тараз Грин Пауэр Дженко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған компания бұған дейін мұндай ауқымды энергетикалық жобаларды жүзеге асырып көрмегенімен, жоба барлық қажетті техникалық, экологиялық және құрылыс нормаларына сай сараптамалардан толықтай өтті. Мемлекеттік және тәуелсіз сараптама органдары тарапынан жобаға оң қорытындылар берілді. Құрылысты 2027 жылы толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 14 миллиард 800 миллион теңгені құрайды. Құрылыс кезеңінде шамамен 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі уақытта 60-қа жуық жұмысшы құрылыс алаңында еңбек етуде. Жұмыс күшінің негізгі бөлігі жергілікті тұрғындардан іріктеліп алынуда, дейді Ғалымжан Сұраншиев.

Меркі ауданында туризм саласын дамыту бойынша арнайы жоспар әзірленіп, жұмыс кестесі бекітілген. Қазіргі таңда туризм инфрақұрылымын дамыту мен жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарын салу бойынша жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы Алматы-Ташкент республикалық автомагистралі бойында сервистік нысанның құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Меркі» шипажайының аумағында жобалық құны 50 миллион теңге болатын «Визит-орталықтың» құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысанда ауданда өндірілетін өнімдер сатылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 8 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Меркі тау шатқалында демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 300 миллион теңге. Нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 10 адам жұмыспен қамтылады. Тау шатқалы аумағында екі бірдей форель шаруашылығының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Жалпы жоба құны – 700 миллион теңге. Оның да құрылысы биыл аяқталады. Нысан іске қосылған соң 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Сұрат ауылы маңындағы тау шатқалында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкер 1,3 миллиард теңге көлеміндегі жоба аясында 2028 жылға дейін демалыс аймағын салуды қолға алған. Жоба аясында форель шаруашылығы, глемпинг, жазғы бассейн, монша мен жылқы баптау орындарын ашу көзделген. Сонымен қатар келер жылы инвесторлар 12 миллиард теңгеге шаңғы курортының құрылысын бастамақ. Нысан іске қосылған соң 50 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар