Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құнды құжатта тұнған сыр көп

Құнды құжатта тұнған сыр көп
ашық дереккөз
Архив қорындағы майдан құжаттары – соғыс кезіндегі жағдайдың нақты қандай болғанын айғақтайтын, ұрыс даласындағы жауынгерлердің ерлігі мен тағдырын сипаттайтын құнды тарихи дерек. Мұндай құжаттарда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сарбаздардың фотосуреттері, хаттары, марапаттау қағаздары және ресми деректері көптеп кездеседі. Сондықтан да осы құжаттар соғыс тарихын зерттеуде және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Архивтік құжаттарға көз салсаңыз, соғыстың алғашқы күндері эвакогоспитальдар екі ведомстволық басқармаға бағынысты болғанын аңғарасыз. Бірі Қызыл Әскердің әскери-санитарлық басқармасы болса, екіншісі – Денсаулық сақтау халық комитеті.

1941 жылдың 10 қазан күні Денсаулық сақтау халық комитетінің басшысы Г.А.Митерев «Эвакогоспиталь басқармасын» құру туралы бұйрық шығарады. Басқарманың басшысы болып С.И.Миловидов, бас хирургі И.Руфанов, бас терапеві А.Крюков, эпидемияға қарсы бөлімінің басшысы болып И.Рогозин бекітіледі. Аталған эвакогоспиталь одаққа мүше республикаларда, облыстарда, аудан орталықтарында қызу жұмыс жүргізді. Медицина қызметкерлері тек тылда ғана жұмыс істеп қоймай, қан майданның ортасында да жүрді. Соғыс жылдары ұрыс даласында санитартасымалдаушы медицина қызметкерлері қайтыс болғандардың қатарында саны жағынан басым болды. Мысалы, 1941 жылы 1 238 дәрігер, қатардағы медицина қызметкерлері оққа ұшқан. 3049 орта құрамдағы медицина қызметкері хабарошарсыз кеткен. Ал 1943 жылы дәрігерлердің арасынан 3 556 адам қайтыс болса, 7 637 фельдшер ауыр жарақаттан көз жұмған және із-түссіз жоғалған. Осылайша өміріне қауіп төніп тұрса да медицина қызметкерлері оқ пен оттың ортасында жаралы сарбаздарға көмек көрсетті, емдеу шараларын үздіксіз жүргізді.

 Тарихта бірінші рет соғыс кезінде әскери медицина қызметкерлерінің ерлігі ескеріліп, атақ-даңқ берілді, медальдар табысталды. Бұл сөзімізге Кеңес үкіметі халық комитетінің «Әскери санитарлар мен тасымалдаушыларды майдандағы ерлігі үшін үкіметтік наградаларға ұсыну ережелері туралы» 23.08.1941 жылғы № 281 бұйрығы дәлел бола алады. Мәселен, соғыс даласынан 15 жараланған сарбазды қару-жарағымен қоса аман алып шыққандар «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алған. Сол секілді 25 сарбазды құтқарып қалса, «Қызыл жұлдыз» орденімен, ал 40 жауынгерді аман алып қалса, «Қызыл Ту» орденімен, егер 80 жаралы әскерді бір өзі құтқарған болса, «Ленин» орденімен марапатталатын болған.

 Ұлы Отан соғысы кезінде медицина мамандары жанқиярлық еңбек етті. Олардың алдында көптеген жауапты міндеттер тұрды. Атап айтатын болсақ, ең бірінші кезекте жараланған жауынгерлерді қайтадан әскер қатарына қосу, емдеу іс-шараларының ауқымын кеңейту міндеттелген. Сондай-ақ олар басқа мемлекеттерден эвакуация жасалған ұлттардан да медицина мамандарын ортаға тартқан, кәсіпорындар мен қорғаныс саласындағы мекемелерде санитарлық-медициналық көмектерді күшейткен, тылдағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыруға күш салған.

 Сонымен қатар дәрігерлер мен қатардағы медицина қызметкерлерін дайындауды жеделдету де алда тұрған басты міндеттің бірі еді. Әскери ұрыс даласындағы хирургтардың санатын арттыру да қолға алынды. Тұрғылықты жерлерде өз-өзіне және басқаларға да медициналық көмек көрсете алатын кадрларды дайындау жұмыстары, жаппай қан тапсыруды ұйымдастыру (донор) міндеттері де қоса атқарылды.

Еліміз бойынша Ұлы Отан соғысы жылдары жалпы алғанда Қазақстанға эвакуацияланған, яғни қауіпсіз жерге көшірілгендердің саны 1 миллион 941 мың адамға жеткен. Олардың 38 пайызы қалаларда, ал 62 пайызы жергілікті жерлерге орналастырылған. Осы тұрғыда медициналық-санитарлық қызмет көрсету жұмысын жақсарту мақсатында Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің 03.01.1943 жылғы «Республикадағы эвакуацияланған тұрғындардың медициналық-санитарлық эпидемияға қарсы жағдайы туралы» шешімі қабылданған.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін 1940 жылы республикада 25 107 орны бар 617 емхана бар болатын. Дәрігерлердің саны – 2 729, ал жалпы орташа медициналық қызметкерлердің саны 11 863 адамды құраған. 1 055 амбулатория, 68 дәрігерлік, 182 фельдшерлік денсаулық пункті, 1 852 акушерлік-фельдшерлік пункт, 269 әйелдер мен балаларға арналған көмек көрсету орны болған.

Жалпы алғанда терапияға 2 384 орын, хирургияға 2 091, гинекологияға 540, туберкулезге 1 057, инфекцияға 443, балаларға 4 781, көз ауруларына 347, тері ауруларына 712, психотерапияға 1188, неврологияға 110, аяғы ауыр әйелдерге және жаңадан туған нәрестелерге арнап 3 268 орын, жалпылама ауруларға 6 529 орынды құрайтын емдеу мекемелері қызмет көрсеткен.

 Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, соғыс басталғанға дейін елімізде 2 729 дәрігер жұмыс істеген. Оларды мамандыққа бөліп қарайтын болсақ, 842 терапевт, 201 хирург, 165 акушер-гинеколог, 294 педиатр, 59 окулист, 31 отоларинголог, 36 невропотолог, 26 психиатр, 70 фтизатор, 92 дерматовенеролог, 39 рентгенолог, 169 санитарлықэпидемиолог, 51 стоматолог, 248 тіс дәрігері және басқа да дәрігер жұмыс істеген.

Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары Қазақстанда бір ғана медициналық жоғары оқу орны жұмыс істеген. Ол – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медициналық институты. Бұл оқу орнында сол уақытта 1 337 студент оқыған. Одан бөлек 20-ға жуық медициналық мектепте 3 116 білімгер медицина саласында білім алып жатты. Осы студенттердің барлығы дерлік соғыс басталғанда майданға аттанып, әскер қатарында болды деп айтуға негіз бар.

1940-1945 жылдардағы Қазақ КСР денсаулық сақтау саласын дамытудағы негізгі көрсеткіштерге қарайтын болсақ, 1940 жылы аурухана мен емхана мекемелері 617-ден 716-ға көбейген. Ал жатын орындары 25 107-ден 28 515-ге дейін өскен. Амбулаториялық пункттердің саны 1003-тен 1 209-ға жеткен. Ал дәрігер саны 1940 жылы 2 729 болса, 1943 жылы 4 165-ке жетті. Бірақ олардың кейбірі 1944-1945 жылдары соғыс кезінде жаудан азат етілген қалалар мен ауылдарға бауырластық көмек көрсету үшін сол мемлекеттерге жөнелтілген. Салдарынан 1945 жылы дәрігерлер саны айтарлықтай кеміп, барлығы 2 555-ті құраған. Қатардағы медицина саласының қызметкерлері де солай қысқарып қалды. 1940 жылы 11 863 орташа медицина қызметкері болса, 1943 жылы олардың саны 13 764-ке дейін жетті. Бірақ жоғарыда айтылғандай, басқа мемлекетке жіберіліп, 1945 жылы бар болғаны 11 706 ғана қызметкер қалып, елге қызмет еткен.

Майданға аттанған сарбаздардың әйелдері мен балалары, егде жастағы ата-аналары тылда еңбек еткенін бәріміз білеміз. Олардың көпшілігі әсіресе үлкенүлкен кәсіпорындар мен фабрикаларда тынымсыз еңбек етті. Сәйкесінше олардың көпшілігінің денсаулығында кінәрат пайда болып, ел ішінде ауру-сырқау көбейді. Осыны жедел түрде қолға алып, өндірістік кәсіпорын қызметкерлерінің денсаулығын жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау халық комитеті (Наркомздрав СССР) 1942 жылдың 29 шілдесінде «Үлкен өндірістік кәсіпорындардың жанынан медициналық-санитарлық бөлімдер ашу туралы» бұйрық шығарды. Себебі мұндай жұмыс орындарында әкесі соғысқа кеткен жасөспірімдер, күйеуі майданда қаза тапқан жесір әйелдер де, балалары мен жолдасы ұрыс даласында жүрген қарт аналар да тер төкті. Сондықтан олардың денсаулығын жақсарту, уақытылы емдеу шараларын жүргізу мемлекеттік міндеттердің бірі еді. Осындай емдеу шараларын дер кезінде ұйымдастырып, қолға алудың нәтижесінде 1944 жылы жұмысшылардың ауруға шалдығу көрсеткіші 7,1 пайызға төмендеген. Бір ғана мысал, «Карагандауголь» кәсіпорнында жұмыс істейтін шахтерлердің ауруханаға жүгінуі 1940 жылмен салыстырғанда 100 адамға шаққанда 22 пайызға төмендегенін нақты көрсетті.

Соғыстың ауыр зардабынан балаларды аман сақтап қалу мақсатында жас жеткіншектерді жаппай эвакуациялау жұмыстары қарқынды жүрді. 1941 жылдың қазан айынан бастап КСРО-ның басқа республикалары мен қалаларынан Қазақстан жеріне 19 000 тәрбиеленушісі бар 149 балалар үйі көшіріліп әкелінген. Одан басқа соғыс жүрген жылдары ата-анасыз қалған 93 153 жетім балалар үйлеріне орналастырылған. Сонымен бірге 20 балалар үйіне 1 264 жаңадан туған жетім бала орналастырылды.

Жетім балалардың денсаулығын жақсарту, тамақтану қабілетін қайта қалпына келтіру міндеті осы кезде медицина қызметкерлерінің міндетіне кірді. Қазақ КСР комитетінің 1942 жылдың 23 қаңтардағы «Ата-анасыз қалған балаларды орналастыру туралы» қаулысына сәйкес, медицина мекемелері қысқа уақыттың ішінде жетім балалардың соғыс кезінде бомба түскеннің әсерінен алған немесе ауыр жарақаттар мен психикалық травмаларын емдеу және әрбір баланың өмірін сақтап қалу міндеттерін атқарды.

Денсаулық сақтау мекемелері жетім қалған балаларды асырап алу, патронаж жұмыстарын ұйымдастыру іс-шараларын да жүргізді. 1942 жылдың ақпан айында Алматы қаласында әйелдер мен қоғамдық өкілдердің бастамасымен жалпы қалалық жиналыс өтті. Жиынды ұйымдастырушылар майданда ата-анасынан айырылған және эвакуацияланған жетім балаларды асырап алуды насихаттап, қамқорлық жасауға шақырды. Қазақстанда соғыс жылдары өзінің отбасындағы балаларына қосып 4 000 жасөспірім баланы асырап алғандар болды және 1000-нан аса 3 жасқа жетпеген баланы асырап алғандар бар. Республикамыздың басшылығы балаларға ата-аналық қамқорлық көрсеткені үшін көптеген алғыс алып жатты. Мысалы, Украинадан келген хаттарда «...Украина халқы қазақ халқының аналық мейірімі мен әкелік қамқорлығын ешқашан ұмытпайды...» деп жазған болатын.

 Осындай дер кезінде қабылданған шешімдердің нәтижесінде 1945 жылдың соңында балалар үйі 179-ға дейін көбейді, оның ішінде 14-і арнайы жасақталған балалар үйі болды. Сонымен бірге республикада аналар мен балаларды қорғау, қамқорлыққа алу мекемелері көбейді. 1940 жылдан 1945 жылдың аяғына қарай аналар мен балаларға консультациялық көмек көрсету, қамқорлық жасау ұйымдарының саны 203-тен 300-ге дейін ұлғайды. Сүт өнімдерімен қамтитын орындар 104-тен 126- ға дейін артты. Балабақшалар саны 461- ден 540-қа жетсе, ол жерде тәрбиеленуші балалардың саны 15 358-ден 24 258-ге дейін жетті.

Ең қиын кезеңдерде, соғыс жүріп жатқан уақыттарда аналар мен балалардың денсаулығына аса көп көңіл бөлініп, медициналық қызмет көрсету жұмыстарын біршама жақсарту қолға алынды. Халық комиссариатының 1942 жылғы 27 қазандағы «Балалар үйі мен балабақшаларда бала денсаулығын жақсарту және медициналық қызмет пен тамақпен қамту іс-шараларын күшейту туралы» қаулысы көп септігін тигізді.

Бұған тағы бір дәлел – сол кездегі Қазақ КСР Денсаулық сақтау комитетінің орынбасарына штат бөлініп, ол қызметке медицина ғылымының кандидаты А.Б.Бисенованың тағайындалуы. Елімізде мұндай маңызды шешімдердің қабылдау себептері де бар еді. Өйткені эвакуацияланған балалардың ішінде жұқпалы аурулардың (қызылша, т.б) таралуы көп болды. Дер кезінде кезек күттірмей 3 жасқа толған балалардың барлығын тіркеуге алып, уақытылы емханаға жатқызуды қамтамасыз етіп отырды. Осындай жүйелі іс балалар арасында жұқпалы аурудан қайтыс болудың санын біршама азайтты. Осылайша Қазақстанның медицина саласындағы қызметкерлер соғыс кезеңінде жүздеген баланың тағдырына бейжай қарамай, қолынан келген ем-шараларын жасап, аман алып қалды деп нық сеніммен айтуға болады.

 Майдан құжаттарына зер салсақ, 1941-1945 жылдары қазақ жеріне жер аударылған, эвакуацияланған, яғни қауіпсіз жерге көшірілгендер саны өте көп болды. Осындай жағдайды ескере отырып, денсаулық сақтау пункттері пойыздарда, теміржол стансаларында орналастырылды. Олардың негізгі міндеті тасымалдаушы транспорттарда санитарлық жұмыстарды жүргізу, ауырған, жараланған адамдарды изоляция жасау, тез арада көмек көрсету, эвакопункттерге жеткізу еді. Ұзақ жол жүрген эшелондардағы эвакуацияланғандарды карантинге жатқызу үшін 10-15 адамға арналған пункттер ұйымдастырылды. Инфекциялық және паразиттік аурулармен қарсы күресті ғылыми-практикалық орталық – Бактериялық институты жүргізді. Ол мекеме 1945 жылы «Өлкелік патологияны ғылымизерттеу институты» болып қайта аталды.

 Медицина саласын дамыту бағытында аптекалық мекемелер де қалыптаса бастады. Бұл кезеңде Аптека басқармасының негізгі міндеттері еліміз бойынша дәріханаларды көбейту, емханалар мен госпитальдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болды. 1941-1945 жылдары аралығында еліміздегі дәріхана саны 271-ден 363-ке жетсе, аптекалық пункттер 194-тен 418-ге ұлғайды, фармацевтер 906-дан 1 083-ке артты.

Дәрі-дәрмектер мен дизинфекциялық заттарды өндіру 45,5 тоннадан 153 тоннаға дейін көбейді. Жыл сайынғы медицина тауарларын сатып алуға жұмсалған қаржы 23,6 миллион сомнан 32,2 миллион рубльге дейін өсті, ал тауар айналымы 52 миллион рубль шамасында болды. Бұрын аптека басқармасының құрамында болған лабораториялардың жаңалары ашылып жұмыс істей бастады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның мемлекеттік университетінде глюкоза, наркоздық эфирлер, тұзды қышқылдар, хлор этилдер шығарыла бастады. Лабораториялар мен шеберханалар ай сайын майдан даласына жүздеген килограмм дәрі-дәрмек, химикат, мыңдаған рентгеннің пленкасын өндіріп, жіберіп отырған.

Немістермен соғыс алаңында жүрген медицина-санитарлық батальонның құрамында Қазақстанның медицина мамандары да көп болды. Олар да Украина, Белорусия, Сталинград, София, Варшава, Бухарест, Белград, Будапешт, Вена және тағы да басқа жүздеген қала мен ауылдарды азат етуге қатысып, Берлиндегі жеңіске де үлес қосты. Мысалы, Р.Мақашева, Я.Сырлыбаева, М.Тукубаева, Р.Қарынбаев, К.Макиров, Б.Атшабаров, А.Апсатаров, Х.Мұсабаев, М.Нұғманов, С.Сыздықов, Н.Алмұханбетова, З.Төлегенова, М.Исмағұлова және тағы басқа көптеген медицина саласының батырлары болды. Олардың барлығы үкіметтің ең жоғарғы марапаттарына ұсынылды. Мәселен, медбике М.Смирнова-Кухарская майдан даласында оқ пен оттың ортасынан 480 жаралы жауынгерді құтқарып алып шыққаны үшін «Ленин» орденімен және басқа да медальдармен марапатталды. Ал кейіннен 1973 жылы халықаралық «Қызыл Крест» наградасы – Флоренс Найтингейл медалімен марапатталды. 1982 жылы Көкшетау қаласында бірінші рет ерен еңбегі мен жауынгерлік батырлығы үшін марапат алған медбикелерге арналған музей ашылған болатын. Ол музейде Флоренс Найтингейл медалін алған 780 медицина қызметкерінің тізімі бар. Осы медальді алған көзі тірі 15 соғыс ардагері музейдің ашылуына қатысты. Солардың ішінде Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласынан А.Р.Дмитриенко да бар.

Қазақстан медицинасының тарихында госпитальдар мен тылда еңбек еткен медицина қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген ерлігімен үлгі бола білді. Ғалымдар мен дәрігерлер, мейірбике және мейіргер (медбрат) әрбір жауынгердің өмірі үшін сағат сайын үздіксіз күресіп жатты. Бұның барлығы – нағыз ерлік. Осылайша жоғары санаттағы мамандар, ғалымдар, педагогтар өздерінің ерлігін майдан даласында іс жүзінде көрсетті.

 Нұрхат СЕРІКБАЕВ,

тарих ғылымдарының магист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар