Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасы құрудағы мақсатымыз айқын болуы керек

Отбасы құрудағы мақсатымыз айқын болуы керек
Автор
Отбасы – қоғамның ажырамас бөлігі. Отбасын құру – пенделер үшін пайдалы, үлкен мақсатқа бастайтын, Алла Тағала жолға қойған ұлы да, берекелі келісім.

Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құбылыс болып табылады. Некемен жаңа бір отбасы құрылып, бір-біріне бөтен болған екі адам Алла алдында адал жұп болып, жұптаса ғұмыр кешеді.

«Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата-ананың тілегі әрі парызы. Ата-ана бұл мәселеде бейғамдық жасамауы керек. Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта оларды үйлендіріп, тұрмысқа беру ата-ананың міндеті. Алла Тағала Құран аяттарында: «Араларыңдағы бойдақты (ер жеткен ұл-қыздарды) үйлендіріңдер! Егер олар пақыр кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады. Алла Тағала аса кеңшілік иесі, толық білуші» деген. («Нұр» сүресі, 32-аят)

Және де Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкедегі бала ақысының бірі – балиғат жасына толғанда үйлендіру» деген.

Ең алдымен отау құратын екі жас үйленудегі мақсаттарын айқындап алуы керек. Бұл мақсат барша адамзатқа ортақ. Ол – өмірлік серігін тауып, сонымен өмірінің қалған бөлігін бөлісіп, екі дүниенің жақсылығына қол жеткізіп, дүниеге ұрпақ әкеліп, соларды тәрбиелеп жетілдіру.

Алла Тағала некені ұрпақ жалғастыру үшін, қоғамды лас нәрселерден сақтау үшін бекітті. Сонымен қатар, Алла Тағала ерлі-зайыптылардың арасын адалдық, махаббат, сыйластық сезімдерімен бөлеп, араларындағы қарым-қатынас дәрежесін белгіледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Бір-біріңе үйренісулерің үшін сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуы Оның белгілерінен. Мұнда ақыл иелері үшін ғибрат бар» деген. («Рум» сүресі, 21-аят)

Тағы бір аятында былай деп дұға етуді үйретеді:

«Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер! Сондай-ақ, бізді тақуалардың алды қыл!». («Фурқан» сүресі, 74-аят)

Олай болса үйлену дегеніміз тек қосыла салу ғана емес. Қасында тынығып, дүние тіршілігінің рахатын табатын, өмірдің қызығы мен қиыншылығын бөлісетін, ақыретін бірге ойлайтын отбасын құру. Мұндай отбасы тек адал неке қиюмен және үйленетін адамыңды дұрыс таңдаумен келері анық.

Отбасын құрудағы бірінші мақсат, ол – дұрыс жар таңдау.

Бәрімізге мәлім үйлену – екі жақтың яғни, қыз бен жігіттің өзара келісіп, өмірді бөлісуі. Ерлі-зайыпты ретінде бірін-бірі қабылдауы және Ислам шариғатына сәйкес бірге өмір сүруге ортақ шешім қабылдауы.

Ер адам да, әйел заты да үйленетін адамының иманды да инабатты, салихалы болуына аса мән беруі керек.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел төрт нәрсесіне қарап таңдалады: Малы, тегі, сұлулығы мен діні. Сен діндарын таңда!» деген. (Бухари, Неке 15; 6/123)

Екі жас та өз жұбының діндар болуына мән беруі керек. Ислам діні мұсылман адамның басына келетін бүкіл сынақтар мен жағдаяттарды, Алланың алдындағы міндеттерімізді, қоғамның алдындағы және отбасыдағы міндеттеріміздің барлығын қамтыған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдің жақсысы туралы: «Ері жүзіне қараған кезде қуаныш сыйлайтын, әмір берсе итағат ететін, қасында болмаған кезде малы мен ар-намысын қорғап отыратын әйел» десе, ал ердің ең жақсысы туралы: «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деген. (Нәсәи, Неке 14; 6/68, Тирмизи)

Еліміздегі жыл сайын тіркелген неке санының артуы қуантарлық жайт. Бірақ неке бұзылуының саны да қатарласып артуы қатты қынжылтады.

«Адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымдардың мәні мен маңызы жоғалып, жаңадан ғана отбасын құрған жас жұбайлар көп ұзамай өзара келіспей ажырасып жатыр. Негізі ажырасқандар әртүрлі себептерді алға тартады. Солардың ішінде көп кездесетіні – өскен ортасы, көзқарасы, қысқасы әлеуметтік-мәдени жағдайлардың сәйкес келмеуі.

Егер, Құран аяттары мен Пайғамбар хадистері бойынша әрекет етер болсақ, әрбір бойдақ некелі болып, әрбір шаңырақтың босағасы берік болары анық.

Отбасын құрудағы екінші мақсат, ол – салихалы ұрпақ тәрбиелеу. Отбасы құрғаннан кейін екі жасты тағы бір бақыт күтіп тұр. Ол – салихалы ұрпақ сүю бақыты. Ата-ананың ұрпағы алдындағы міндеттерінің бірі оған Ислами тәрбие беру. Ұрпақтарымызды Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбеті қылып тәрбиелеу өте маңызды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» деген.

Отбасында мейірімділікке, діндарлыққа, адалдық пен жауапкершілікке сусындап өскен бала да үйде алған тәрбие өнегесіне байланысты болашақта түтіні түзу, босағасы берік, болашағы нұрлы отбасын құруға жауапты міндет деп қарайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп көреген халық сол үшін айтқан болар.

Қорыта айтқанда, отбасын құру – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін ұлттық мәселенің бірі. Қоғамның іргетасы отбасынан басталады. Сондықтан отбасы мықты болса, одан құралған қоғам да соншалықты мықты болады. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу, еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.

Есбол АЛПЫСБАЕВ,
«Әл-Кәрим» мешітінің имамы,
Қызылқыстақ ауылы,
Меркі ауданы,

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар