Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дүниеден өткендерді құрметтеп, тірілерді қадірлейік

Дүниеден өткендерді құрметтеп,  тірілерді қадірлейік
Автор
Ислам діні адам баласын әдепке, көркем мінезге және жақсылық пен ізгілікке шақырады. Осы орайда дүниеден өткендердің хақыларына да дұға жасап, тірілерді құрметтеуге үндейді. Құран Кәрімде Алла Тағала иісі мұсылман үмметін дүниеден өткендерін ардақтап дұға қылатындар деп сипаттаған. Дінімізде өткендерді еске алып, олардың хақыларына дұға және қайыр-ихсан жасау да ғибадаттар қатарына саналады. Сонымен қатар бұл амал тірілерге борыш болып та есептеледі.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп баяндайды: «Сондай олардан кейін (дүниеге) келгендер айтады: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің» (Хашыр сүресі, 10-аят).

Алла Тағала осы бір аятта өзінен алдын өткен мүміндерге мағфират (кешірім) сұрағандарды мадақтауда. Бұл дегеніміз, марқұм болғандар тірілердің истиғфарларынан (жарылқау дұғаларынан) пайда алатынына дәлел бола алады.

Расында біздер мұсылман қауымы өткенімізді қастерлеп, олардың рухтарының шат-шадыман болуы үшін көбірек дұғалар жасайтын болсақ, кейінгі жас буын мұндай амалдан көптеген ғибраттар алады. Олар да кейін біздерді әрдайым естеріне алып6 дұға қылып тұрады. Сондай-ақ марқұмдар да тірілердің дұғасына әрдайым үміт артып жүретіні жайлы Пайғамбарымыздан с.ғ.с.хадис те риуаят етіледі. Абдуллаһ ибн Аббастан р.ғ. риуаят еткен хадисте Алла Елшісі с.ғ.с.: «Қабірдегі мәйіт құдды суға батып бара жатып, жағадағы адамнан жәрдем сұраған адамға ұқсайды. Ата-анасынан, бауырларынан, ұрпақтарынан немесе дос-жарандарынан дұғаның сауаптары келе ма деген үмітпен болып, күтіп жүреді. Егер оған дұға сауаптары жеткен болса, дұға оның екі өміріндегі барлық игіліктерден артық болып тұрады. Алла Тағала қабір иелеріндегілерге жер бетіндегілердің дұғаларын таудың көлеміндей көлемде жеткізеді, яғни бұйыртады. Тірілердің мәйіттерге ең үлкен хадия сыйлықтары сол, ол – Истиғфар айту» дейді (Имам Бәйһақи риуаяты).

Сондықтан да жақындарымыз өмірден озған күннен бастап оларға жиі дұғалар жасауымыз мұстахаб болып саналады. Имдатуллаһ Мәкки рахматуллаһи ғалайһи айтады: «Марқұмдарға бағышталған құран сауаптары олардың (марқұмдардың) баршасына толықтай жетіп барады, тақсим (таратылады) етіледі, яғни жеткізіледі» (Мәлфузату кәмәләту әшрафия кітабы).

Пайғамбарымыз с.ғ.с. талай рет қабірлерге зиярат етіп барғандығы, марқұмдар үшін дұғалар жасағандығы жайлы көптеген хадистер, мәліметтер келтірілген. Мәселен, Имам Муслимнің «Сахихтар» топтамасындағы төмендегі мына бір хадиске үңіліп көрелік: «Бірде Айша р.ғ. анамыз Пайғамбарымыздан с.ғ.с.: «Қабірге барғанда қабір иелеріне истиғфар атсаңыз не деп айтатын едіңіз?» деп сұрады. Сол кезде Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Уа, қабірстан қауымы! Сендерге Алланың сәлемі болсын! Алла қаласа, әлбетте, біз де сендерге қосыламыз», деп айтамын деп жауап береді.

Міне өздеріңіз байқағандай, марқұмдарға истиғфарлар (жарылқау сұрау) айту, құран бағыштау, құран бағыштатудың сан түрлі хикметтері бар. Сол үшін де сауаптар баруы үшін әуелі өзіміз жақсы, игі істерді орындап жүруіміз де керек екен. Және де сондай-ақ қара жамылып отырған мәйіттің отбасылары үшін көршілері тағам әзірлеп, оларға (мейлі үй иелері, мейлі туыстары үшін) келген бірде-екілі қонақтарға дәм ұсынуы сауапты амал болып есептеледі. Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің бірқатар хадистерінде марқұмдарды еске алу әдептерін баяндаған. Абдуллаһ ибн Омар р.ғ. риуаят етеді: «Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Дүниеден өткендердің жақсы жақтарын, жақсы сипаттарын еске алыңдар, олардың ағаттық пен қателік тараптарын еске алудан аулақ болыңдар, сақтаныңдар», деген. (Имам Абу Дауд және Тирмизи келтірген).

Дүниеден өткендердің жақсы амалдарын еске алу әуелі олардың рухтарын шат етеді, ал енді жақсы сипаттар, жақсы амалдар еске алынған жерге де береке жауып тұрады. Бұл жайында Суфиян ибн Уяйнә рахматуллаһи ғалайһи өз сөзінде былай дейді: «Пенделердің ізгі амалдары еске алынған жерге Жаратушының рақымы жауады». Өйткені ол жерде қайырлы істерге бастау орнайды, адамдардың жақсылық жасауға деген ынталары артады. Әбу Һурайрадан р.ғ. риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Кімде-кім кішілерімізге мейірім қылмаса, үлкендердімізді құрметтемесе бізден емес» дейді.

Демек, бұл өмірден өтіп кеткендерді жақсылықпен еске алып, тірі жүргендерімізге құрметті молынан жасау әрқайсысымыздың адами борышымыз екен.

Үмбет САБЫРХАНОВ,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы,
Т.Рысқұлов ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар