
442 жобаға 183 миллиард теңге бөлінді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін барлық елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзіне сүйенсек, бүгінде қала халқының 99,3 пайызы және ауыл тұрғындарының 97,5 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 10 өңірде бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткен. Бұлар – Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарының қалалары мен Маңғыстау облысының ауылдары.
Сонымен қатар ведомство басшысы еліміздегі 90 қаланың 73-і 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілгенін айтты. Қалған 17 қала осы жылдың соңына дейін сумен толық қамтамасыз етіледі. Ал еліміздегі 6 148 ауылдың 5679-ы су құрылғыларымен жабдықталған. Оның ішінде, 4 420 ауылдық елді мекен орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, мыңға жуығында кешенді блок-модульдер орнатылған, 260 шағын ауылдық елді мекен құдық суын пайдаланады. Ал, кейбір алыс ауылдарға су, тасымалдау арқылы жеткізіледі. Қазір қалған 469 ауылдың 245-і республикалық бюджет пен Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен орталық су тарту жүйелеріне қосылуда, 224-не жергілікті бюджет есебінен кешенді блок-модульдер орнатылатын болады. Жалпы биыл республикалық бюджет пен Арнаулы мемлекеттік қордан 442 жобаға 183 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда әкімдіктер құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте бөлінген қаражат есебінен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты.
Атап айтқанда, 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы желілерге модернизациялау жүргізілді. Сонымен қатар ірі қалаларда су тазарту құрылғылары қайта жаңғыртылды. Мысалы, Астана қаласында құны 118 миллиард теңге болатын су сорғы-фильтр станциясы салынып, магистралдық су құбыры қайта жаңғыртылды. Атырау қаласында құны 17 миллиард теңге болатын сүзгі станциясы жаңартылды. Қостанай және Көкшетау қалаларында су тазарту құрылғысы салынды. Мемлекет басшысының бақылауында тұрған Маңғыстау өңіріндегі ауызсу тапшылығы мәселесін шешу үшін соңғы 4 жылда бірнеше негізгі инфрақұрылым нысандары іске қосылды. Олардың қатарында «Каспий» тұщы су өңдеу зауытының қуаты тәулігіне қырық мың текше метрге дейін артты. Ақтауда тәулігіне 12 мың текше метр тұщы су өңдейтін зауыт салынды. Сайын Шапағатов және Ақшұқыр ауылдарында қуаты тәулігіне 7 мың текше метр, Форт-Шевченко қаласында 5 мың текше метр тұщы су өңдейтін құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар Жаңаөзендегі Кендерлі ауылында осы жылдың үшінші тоқсанында тәулігіне 50 мың текше метр тұщы су өңдейтін зауыт пайдалануға беріледі. Дегенмен, елдегі демографиялық өсім мен жыл сайын су құбырларының тозуына байланысты, халықты 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі жылда өзекті болып қала береді. Осы себепті бұл бағыттағы жұмыс келешекте өзге бағдарламалар шеңберінде жалғасатын болады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында өңір әкімдіктері жобалардың дер кезінде аяқталуын бақылауға алып, жергілікті бюджетті нақтылау кезінде іске асырылып жатқан жобалар мен кешенді блок-модульдерді орнатуға қаражат қарастыруы керек. Министрлік су тарту жүйелерін, оның ішінде кәріз тазарту құрылғыларын жаңғырту бойынша да жұмыстар жүргізуде. Көптеген кәріз тазарту құрылғылары 50-60 жылдары салынып, бүгінде орташа тозу деңгейі 65 пайызға жеткен. Биыл осы бағытта жаңарту жүргізу үшін республикалық бюджеттен 25 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде Қызылорда қаласының кәріз тазарту құрылғысына – 720 миллион теңге және Ленгер қаласына – 1 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар Ақтау, Атырау, Қарқаралы және Қаражал қалаларында осы бағытта 4 жоба іске асырылуда», – дейді министр.
Жалпы «Коммуналдық және энергетика секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңғыртылып, 2,8 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желілері жаңартылады. Кәріз тазарту құрылғысы жобаларын іске асыру халықаралық қаржы институттарының қарыздары, облигациялық қарыздар, республикалық бюджет және бюджеттік кредиттеу сияқты түрлі қаржыландыру көздері есебінен жоспарланып отыр. Сондықтан тарифтің өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы кәріз тазарту құрылғыларын жаңғырту қажет. Министрдің сөзінше, экологиялық қауіпсіздікті басшылыққа ала отырып, кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары ең алдымен елді мекендерде жүргізілетін болады. Тазарту нысандарын жобалау, салу және пайдалану тәсілдері қайта қаралып, жобаларға ревизия жүргізілуде. Олардың тиімділігін арттыру үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Техникалық оператор жобалардың барлық кезеңін қадағалап, қазақстандық өнімді қолдану талаптарын ескереді. Бұл шаралар жобадағы қателіктерді азайтып, шығынның артуы мен мерзімнің кешігуіне жол бермейді.
– Су жүйелерін басқару мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер қажет. Сондықтан Ұлттық жоба аясында 29 миллиард теңгеге SCADA жүйесін енгізу қарастырылды. Бұл жүйе су қысымын, шығынды, ақауларды бақылап, желілерді жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су беру және су бұру нысандарын басқаруға арналған цифрлық платформа құрылуда. Ол субъектілерді сенімді байланыс арқылы біріктіріп, деректердің қауіпсіздігін және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Аталған шаралар саланы тиімді және тұрақты жаңғыртудың негізі болмақ. Осылайша, 2029 жылға дейін жаңарту жұмыстарын жүргізу арқылы сумен жабдықтау желілерінің тозыуын 33 пайызға және су тарту желілерінің тозыуын 41 пайызға төмендету жоспарланған, – деп атап өтті Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Суды есепке алудың бірыңғай жүйесі құрылады
Президенттің халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және ауылдық жерлерде сумен жабдықтауды дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігіне де нақты міндеттер жүктелген.
Айта кету керек, бүгінгі таңда республикалық меншікте жалпы саны 32 топтық су құбыры бар. Олар 1,393 мың адамды қамтитын 581 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Әкімшілік реформаның шеңберінде және «Қазсушар» кәсіпорнын трансформациялау аясында 2024 жылдан бастап топтық су құбырларын кезең кезеңімен жергілікті атқарушы органдардың меншігіне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің сөзіне сүйенсек, бұл қадам халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, судың көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейінгі барлық кезеңге толық бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министрлік биыл 10 өңірде, атап айтқанда Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 31 жобаны іске асыруда. Аталған 31 жобаны толық жүзеге асыру нәтижесінде 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және бұл 1,3 миллион халық тұратын 468 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сонымен қатар 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылатын болады.
Министрлік мәліметінше, аталған жобаларды іске асыру үшін 2025 жылы барлығы 101 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде 38,2 миллиард теңге – Ұлттық қордан, 59,3 миллиард теңге – Арнаулы мемлекеттік қордан, 3,4 миллиард теңге – республикалық бюджеттен бағытталған. 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша шамамен 250 шақырым су құбыры желілері салынды. Жыл соңына дейін 6 облыста 10 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жағдайы жақсарады, оның ішінде 1 542 тұрғыны бар 4 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылады. Сонымен қатар Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын қайта жаңарту бойынша 6 жобаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жаңа жобалар 102 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңартуды көздейді. Бұл 335 мың адам тұратын 202 елді мекеннің сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етумен қатар, су ресурстарын тиімді әрі орнықты пайдалану, оның ішінде заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу мемлекеттің су саясатының – басты басымдықтардың бірі болып саналады. Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеуші технологияларды енгізуді ынталандыруға бағытталған нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен қатар өнеркәсіп кәсіпорындарда су пайдалану тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағыттағы маңызды қадам – Мемлекет басшысы биылғы 9 сәуірде қол қойған жаңа Су кодексі. Бұл құжатта айналымды және қайталама су пайдалануға кезең кезеңімен көшу көзделген. Шараларды іске асыру 7 жылға жоспарланған, оның ішінде 2 жыл – өтпелі кезеңге, бес жыл – нақты іске асыру кезеңіне арналған.Халық арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында министрлік ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан ұйымдастырды», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі.
Атап айтқанда, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Бұл шара еліміз бойынша шамамен 2 миллион оқушыны қамтыды. Осындай іс-шаралар жаңа оқу жылында да жалғасатын болады, енді олар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін де қамтиды. Сонымен қатар министрлік Көлік министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында су ресурстарын ұтымды және жауапты пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы шеңберде, әуежай мен теміржол вокзалдарында, қоғамдық көліктерде және әкімшілік ғимараттарда ақпараттық стендтер, брошюралар және баннерлер орналастырылды. Атқарылып жатқан барлық кешенді шаралар 2024–2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған құжат 32 іс-шарадан тұрады.
Су ресурстарын орнықты және тиімді басқарудың қазіргі заманғы басты бағыттарының бірі – саланың цифрландырылуы. Осыған байланысты Министрлік цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған жүйелі және кешенді шараларды жүзеге асыруда. Біріншіден, 2025 жылдың басынан бастап министрлік Еуразия даму банкінің Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеуді бастады. Аталған платформа біртұтас цифрлық орта ретінде жұмыс істейді және су нысандары туралы деректерді әртүрлі көздерден біріктіреді. Бұл – спутниктік мониторинг, датчиктер мен есептегіш құралдар, гидропосттар, жедел есептілік және салалық статистика. Екіншіден, суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды кезең-кезеңімен автоматтандыру басталды. Атап айтқанда ағымдағы жылы Қызылорда облысында 58 гидропостты автоматты су есептеу құралдарымен жабдықтау жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Министрдің сөзінше 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар енгізу жоспарлануда.
– Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына беріледі. Аталған іс-шаралар аяқталған соң, су ресурстарына қатысты барлық мәліметтер ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жүйенің тиімді және үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеттері су қорына қатысты деректерді жинау, жүйелеу және талдау, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және дамыту болып саналады, – дейді Су ресурстары және ирригация министрі.
Жалпы алғанда, министрлік жүргізіп жатқан жұмыстар кешені нысандарды салу және жаңғырту, су үнемдеу мен цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу арқылы климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
«Әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізудің маңызы зор
«Әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу тұтынушыларды сумен жабдықтау қызметтерін неғұрлым мұқият пайдалануға ынталандырып отыр. Осы орайда Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев коммуналдық инфрақұрылымға инвестиция тарту мақсатында әзірленген жүйелі шара ретінде 2023 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданғанын айтады.
Оның сөзінше, 2023-2024 жылдары сумен жабдықтау және су тарту саласына 1051 шақырым су құбыры және кәріз желілерін жөндеуге шамамен 99,3 миллиард теңге жұмсалған. Оның ішінде сумен жабдықтау қызметіне 764 шақырым желілерді жөндеуге 62,5 миллиард теңге, ал су тарту қызметіне 287 шақырым желілерді жөндеуге шамамен 37 миллиард теңге бөлінген. Бұл шаралар желілердің тозуын орта есеппен 4 пайызға, апаттар санын 5 пайызға қысқартуға мүмкіндік беріп, сумен жабдықтау және су тарту секторындағы жалақының 135 мың теңгеден 230 мың теңгеге немесе 70 пайызға дейін өсуіне әсер еткен.
– Инфрақұрылымның ағымдағы жай-күйін атап өтетін болсақ, сумен жабдықтау саласында орташа тозу 39 пайызды құрайды, оның ішінде 70 пайыздан астам тозығы жеткен 23 монополист бар. Су бұру саласында орташа тозу 55 пайызды құрайды, оның ішінде тозуы 70 пайыздан асатын 24 монополист бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2024 жылғы желтоқсан айында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Оның аясында сумен жабдықтау және су тарту желілерін жаңғыртуға 7,3 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 1,7 триллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл авариялардың айтарлықтай төмендеуіне әкеледі және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін «технологиялық деңгейге» жеткізеді. Сондай-ақ 2025 жылы Ұлттық жоба аясында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу арқылы 13 пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оған сумен жабдықтау саласында 7 облыстан 8 табиғи монополия субъектісі, канализация саласында 4 облыстан 5 табиғи монополия субъектісі қатыспақ, – дейді Ұлттық экономика вице-министрі.
Ал сумен жабдықтау секторында тұтыну шегіне байланысты төрт деңгейлі тариф қарастырылған. Мұнда экономикалық шығындар келесідей ретте бөлінеді: 1-топ – 3 текше метрге дейін тұтыну, олар қолданыстағы тарифпен төлейді, 2-топ – 3-тен 5 текше метрге дейін тұтыну, оларға тариф қолданыстағы тарифтен 20 пайызға жоғары болады. Ал 3-топ – 5-тен 10 текше метрге дейін тариф 50 пайызға жоғары, 4-топ – 10 текше метрден асса тариф 100 пайызға жоғары қолданылады. Бүгінгі таңда осы нормаларды енгізу нәтижесінде республика бойынша сумен жабдықтау секторында 61 табиғи монополия субъектісі үшін тариф деңгейлері қайта қаралды.
– «Әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларының деңгейіне байланысты бекітілген сараланған тарифтер арқылы, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін қосымша кірістер алу арқылы тұтынушыларды сумен жабдықтау қызметтерін неғұрлым мұқият пайдалануға ынталандырып, жаңа тәсілдерінің тиімділігін көрсетті. Бұл өз кезегінде инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтады, сәйкесінше коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттырады, – деп атап өтті Асан Дарбаев.
2024 жылдың соңына таман «әлеуметтік тұтыну нормалары» шеңберінде сараланған тарифтер енгізілген қалаларда суды тұтынудың көлемі 8 пайызға төмендеуі, сондай-ақ есепке алу аспаптарын орнату деңгейінің 4 пайызға артуы байқалған. Осылайша, елде ұтымды тұтыну мәдениетін енгізуге ықпал ету нәтижесінде 1,6 миллион текше метр суды үнемдеуге қол жеткізілген. Бұл Лисаковск қаласының жылдық тұтыну көлеміне тең. Аталған тариф енгізілгелі бері су шаруашылығы кәсіпорындарының қосымша кірісі 10,7 миллиард теңгені құраған, бұл кәсіпорын табысының орташа есеппен 6 пайызға өсуіне және сәйкесінше желілер мен жабдықтарды жөндеу бойынша қызметке салынатын инвестициялардың артуына әкелген. Тиімді тарифтік саясатты жүзеге асыру су шаруашылығының инфрақұрылымын жаңартуға, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Президент тапсырмаларының жүйелі орындалуы – Қазақстанның тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторы. Соңғы жылдары қолға алынған реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және әлеуметтік әділеттілік принциптерін нығайтуға бағытталды. Осы мақсатта қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар еліміздің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Алда тұрған міндеттер көп болғанымен, олардың тиімді жүзеге асуы ел азаматтарының белсенді қатысуына, Үкіметтің ашықтығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Демек, Президент тапсырмалары – тек бағыт емес, нақты нәтиже беретін әрекеттер жүйесі екенін уақыттың өзі дәлелдеуде.
Асан Тілемісов