Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақ халатты абзал жандар аянып қалмайды

Ақ халатты абзал жандар аянып қалмайды
Автор
Жамбыл ауданының әрбір елді мекенінде ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың тынымсыз тірлігін атап өтпеске болмайды. Ауруға шипа, дертке дауа болатын дәрігерлер мен мейірбикелер – адам жанының арашашысы. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен. Олар қандай жағдайда болмасын, уақытпен санаспай жұмыс істеуге дағдыланған. Соның жарқын мысалы – Өрнек ауылдық округіндегі амбулатория тыныс-тіршілігі.

Жалпы Өрнек ауылдық округі бүгінде инфрақұрылымы жолға қойылған елді мекендердің  бірі. Мұндағы көшелер кең, жарықтандырумен қамтылған, ауызсу жүйесі тартылған. Әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, тұрғындарға да, еңбек ететін мамандарға да қолайлы жағдай жасалған. Сол нысандардың бірі ауылдық амбулатория өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік алды.

Амбулаторияға дәрігер Айдын Асыл жетекшілік етеді. Оның айтуынша, бүгінде мұнда 17 адам еңбек етеді. Олардың 9-ы – тікелей медицина қызметкерлері. Таңғы сағат 9:00-ден кешкі 17:00-ге дейін емдік шараларын жүргізетін олар, негізінен, уақытпен шектелмей, кез келген шақырту мен жағдайға дереу әрекет етуді үйренген. Себебі, ауыл дәрігерінің жұмысы – тек кабинет ішінде ғана емес, шалғайдағы науқасқа дейін жететін жауапкершілік.

Ауыл тұрғындарының аудан орталығына сабылып, қан тапсыруы да өткен күннің еншісінде қалды. Енді бұл қызмет түрі де ауылдың өзінде көрсетіледі. Қан талдау үшін алынған үлгілерді медицина қызметкерлері аудандық ауруханаға өздері жеткізеді.

Амбулаторияның ішкі жағдайы да көңіл қуантады. Мұнда барлығы 15 кабинет бар. Күндізгі бөлімде арнайы 2 кабинет жабдықталып, 4 төсек орын қойылған. Бұл бөлімде науқастар күндізгі уақытта ем қабылдайды. Өрнек, Жаңаөткел, Тоғызтарау ауылдарынан тіркелген 2 400-ден астам тұрғынның 250-і түрлі созылмалы дертпен есепте тұр. Атқарылған жұмыстар ауыл медицинасында нақты тіркеу мен бақылаудың жүйелі жолға қойылғанын көрсетеді.

Зейнеткер Сәкен Алтынбековтың сөзінше, ауыл дәрігерлерінің жұмысына алғыс білдірмей өту мүмкін емес.

– Ауылдағы дәрігерлерге тек алғыс айту керек. Жақында қан қысымым көтеріліп, амбулаторияға жүгіндім. Сол күні таңнан кешке дейін жағдайымды бақылап, тиісті ем-домдарын жасады. Мұндағы мамандар жұмысына көңілім толды. Бұл менің ғана пікірім емес. Ауылдағы кез келген тұрғын осылай дейді, – дейді ол.

Дәрігер Айдын Хамитұлының айтуынша, ауыл тұрғындарының көбі қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек-қантамыр ауруларымен жиі келеді. Сонымен қатар маусымдық тұмау және тыныс жолдары ауруларымен де келетіндер бар.

– Амбулаторияда бір дәрігер және 8 мейірбике еңбек етеді. Жалпы, мейірбикелер – медицинадағы негізгі күш. Олардың еңбегі әрқашан бағалауға тұрарлық. Бізде аға мейірбике  Ақжарқын Қазақбаева, мейірбикелер  Майра Қосаева, Жұлдыз Құрмаш, Қалипа Төлебаева, Гүлнар Қабылова, Назым Қырықбаева, акушер Назгүл Мұстахан, әлеуметтік қызметкер Шолпан Әміриева еңбек етеді. Сонымен қатар фельдшерлер Жібек Темірбекова мен Назерке Кемелбек әр науқастың өмірі үшін жан салып жұмыс істеуде, – дейді Айдын Хамитұлы.

Байқағанымыздай, соңғы жылдары ауыл медицинасында оң өзгерістер орын алған. Аудандық орталық аурухана дәрігерлері ауылдағы әріптестеріне әркез қолдау білдіріп, қажетті кеңес пен көмек көрсетіп келеді. Бұл – біртұтас денсаулық сақтау жүйесінің нәтижелі жұмыс істеуіне жол ашатын маңызды фактор.

Шынында да, ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалап, сырқатқа қарсы ем-дом шараларын үзбей жүргізіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Әсіресе шалғай ауылда жұмыс істеудің өз ерекшелігі мен қиындықтары болатыны белгілі. Соған қарамастан, әр секундты санаумен өтетін бұл мамандық иелері өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, ел алғысына бөленіп жүр.

Адам жанының арашашысы саналатын медицина қызметкерлерінің ауылда көбірек болуы – жергілікті жұрттың амандығы мен елдің жарқын болашағының кепілі. Сол үшін де әрбір ауылдағы дәрігер мен мейірбикенің еңбегі қашанда құрметке лайық.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар