
Семинар жұмысына белгілі ресейлік травматолог-ортопед, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық медициналық зерттеу университетінің профессоры Глеб Коробушкин арнайы шақырылды. Травматология, ортопедия және әскери-дала хирургиясы кафедрасында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман бүгінде 40-тан астам ғылыми еңбектің авторы ретінде танымал. Ол өз баяндамасында тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен ауруларын емдеудегі заманауи тәсілдер, соның ішінде консервативті және хирургиялық әдістерді тиімді үйлестіру жолдары туралы кеңінен айтып берді.
Семинар барысында қатысушылар жарақат алған науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету, ауруханаға дейінгі кезеңде және ауруханада емдеу, кейінгі оңалту жұмыстарының маңыздылығы жөнінде өзекті мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, ауыр жарақат алған науқастарда асқынудың алдын алу, жылдам әрі тиімді ем қолдану, функционалдық қалпына келтіру процестерінің ғылыми-тәжірибелік негіздері кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, семинар аясында Тараз қалалық көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық орталықтың травматология және ортопедия бөлімшесінде профессор Глеб Коробушкиннің қатысуымен «обход» ұйымдастырылды. Әріптестер емдеу тактикасын пысықтап, өзара пікір алмасты. Бұл тәжірибе қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға зор септігін тигізді.
Семинардың маңызды әрі практикалық бөлігі – «Apex Co.»компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған workshop болды. Практикум барысында әртүрлі сүйек сегменттеріне, атап айтқанда, сан, асықты жілік, иық және жамбас сүйектеріне сыртқы бекіткіш аппараттарды орнату әдістері көрсетілді. Қатысушылар бекіткіштерді қолдану тәсілдерін теориялық түрде тыңдап қана қоймай, арнайы манекендер мен тренажерлер арқылы өз қолдарымен практикалық тұрғыда орындап, машықтануға мүмкіндік алды.
Семинардың екінші күні шеберлік сабақтары Тараз қалалық көпбейінді аурухананың операциялық бөлімінде жалғасты. Онда күрделі жарақаттар кезінде сүйек ақауларын алмастыра отырып, проксималды асықты жілік сынықтарына және өкше сүйегінің күрделі сынықтарына озық операциялық әдістер қолданылып көрсетілді. Операциялар барысында профессор Глеб Коробушкин және қазақстандық жетекші хирургтар нақты тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға өз кеңестерін берді. Шеберлік сабақтары отандық хирургтар мен травматологтар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды.
Семинар аясында политравма кезінде алғашқы көмекті заманауи тәсілдермен көрсетуге арналған дәрістер ұйымдастырылып, Ресей мен Германия мамандарының тәжірибелері таныстырылды. Еуропалық стандарттарға негізделген бұл әдістер шұғыл жағдайда дұрыс шешім қабылдауға, емдеу тактикасын жүйелі түрде жүргізуге және халықаралық тәжірибеге бейімделуге бағытталған.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға семинарға белсенді қатысқаны және теориялық-практикалық машықтарды меңгергені үшін арнайы сертификаттар табысталды. Бұл құжаттарда әр қатысушының алған білімдері мен есептік баллдары көрсетілді. Сертификаттар отандық медициналық кадрлардың кәсіби өсуіне серпін беретін маңызды құжат ретінде бағаланды.
Аталған семинар өңірдегі травматология және ортопедия саласындағы мамандар үшін үлкен серпіліс жасап, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды. Мұндай шаралар заманауи технологиялар мен жаңа ғылыми жетістіктерді жергілікті медициналық практикаға енгізуге, дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз. Жарақаттарды емдеудің дәлелді, тиімді тәсілдерін үйренген ақ халатты абзал жандар үшін бұл семинар кәсіби дамудың жаңа белесіне жол ашты.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі