Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Дәрігер болу бала күнгі арманым еді»

«Дәрігер болу бала күнгі арманым еді»
Автор
Ата Заңымыздың алғашқы бабында айқындалғандай, мемлекеттің ең қымбат қазынасы- адам және адамның өмірі. Бұл тұрғыда халықтың денсаулығын нығайтуға әрдайым баса назар аударылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігін атап өткен болатын. Денсаулық сақтау – жалпыұлттық міндет. Осы орайда медицина мамандарына жүктелген жауапкершілік те жоғары. Өз кезегінде ақ желеңді абзал жандар артылған сенімді абыроймен ақтап, жұрт саулығы жолында жұмыла жұмыс атқаруда. Оған біз Сарысу аудандық орталық ауруханасында болған кезімізде тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Мекемені аралап, бас дәрігер Айнұр Каликовамен әңгімелестік. Оқырман назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Құрметті Айнұр Тұяқбайқызы, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласын дамытуға жіті көңіл бөлінуде. Бұл бағытта жаңа реформалардың да қолға алынғанын білеміз. Межелі міндеттер сіз басқаратын мекемеде қай деңгейде орындалуда? Жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы қандай?

– Халқымызда «Бірінші байлық-денсаулық» деген сөз тектен тек айтылмаған. Десек те, өмір болған соң «бас ауырып, былтыр сыздайтын» жағдайлар кездесіп тұрады. Халықтың саулығын нығайту жолында медицина мамандары да аянып жатқан жоқ. Қазіргі таңда Сарысу аудандық орталық ауруханасына қарасты 634 қызметкер еңбек етеді. Оның 77-сі дәрігерлер болса, 343-і орта буын қызметкерлері. Сонымен қатар 120 кіші буын қызметкері, 110 тағы басқа мамандық иелері бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында саланы дамытуға қатысты нақты міндеттерді айқындап берді. Аталған маңызды құжатта Президент: «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.

Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.

Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек.

Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс» деп, нақты тапсырмалар берген болатын.

Жолдау жүктеген міндеттер біздің ауруханада да өз деңгейінде орындалуда. Жетістіктерге жеке тоқтала кетсек, биылдың өзінде 2 дана жедел саты (лифт), 4 «Lada Niva»  маркалы автокөлік алынып, Саудакент ауылдық емханасына, Жайылма, Тоғызкент және Жайлаукөл дәрігерлік амбулаториясында қызмет жасайтын дәрігерге берілді. Сонымен қатар 50 дана моноблок алынды. Германияның «Siemens» компаниясында өндірілген компьютерлік томография орнатылды. Аурухананың Г корпусындағы соматика бөлімінің бір бөлігінде оңалту орталығы ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, ересектерге және балаларға арналған тренажерлар, Оттегі коктейль жасайтын аппарат, парафин дайындайтын аппарат, дарсонваль аппараты, арнайы тұз шахтасы бөлмесі орнатылды. Сонымен қатар аккредитациядан өтіп, бірінші дәрежелі сертификатқа ие болдық.

– Қай салада болсын іс тетігі мамандардың біліктілігіне байланысты екендігі белгілі. Ауданда дәрігер тапшылығы бар ма? Жас мамандарды жұмысқа шақыру бағытында қандай шаруалар қолға алынуда? Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға қаншалықты көңіл бөлінуде?

– Аудандық аурухана болған соң маман тапшылығы болып тұрады. Қазіргі таңда жалпы тәжірибелі дәрігерге 3, акушер гинекологқа 1, окулист, травматолог, радиолог мамандары бойынша 1 жұмыс орындары бос тұр.

Бос жұмыс орындарына жас мамандарды шақыру бойынша Алматы, Шымкент қалаларында өткен жәрмеңкеге қатысып келдім.

Түркістан қаласындағы медицина университетінде окулист, травматолог мамандығы бойынша 2 студентті оқытып жатырмыз. Олар дипломдарын алған соң бізге келіп жұмыс істейтін болады. КТ аппаратының ашылуына байланысты радиолог резидентурасын бітірген маманды жұмысқа шақырдым. Жақын арада жұмысқа орналасады.

Дәрігерлер Ресей Федерациясына, Астана, Алматы сияқты ірі қалалаларға барып,  біліктіліктерін арттырып жатыр. Жақында өзім де Корея еліне барып біліктілігімді арттырдым. Алдағы уақытта хирургтарды Корея еліне жіберуді жоспарлап отырмын.

– Орайы келіп тұрғанда сұрай кетсек артық болмас. Медицина саласына қалай келдіңіз? Дәрігер болу бала күнгі арманыңыз ба еді? Жалпы, осы уақытқа дейін қандай қызметтер атқардыңыз?

Қандай да бір мамандық иесі өзінің бала күнгі арманының арқасында өз саласының үздігі болады деп ойлаймын. Менің де дәрігер болуым бала күнгі арманым еді.

Мектеп қабырғасын тәмамдап арман қуып үлкен қалаға жол тартып, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 2006 жылдың 1 желтоқсанынан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасында перзентхана бөлімшесінде мейіргер қызметінен бастадым. 2009 жылы Сарысу орталық аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінің дәрігер неонатологы ретінде жұмысқа қабылдандым. 2011 жылы Сарысу аудандық орталық ауруханасына қарасты Түркістан дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде ауыстырылдым. Ал 2015 жылы емхана бөлімінің балалар дәрігері ретінде жұмыс атқарып, 2016 жылы перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері ретінде ауыстырылдым. 2019 жылы емхана бөлімінің меңгерушісі болдым. 2022-2023 жылдар аралығында Сарысу аудандық орталық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.

2023 жылдың 30-маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін бас дәрігер қызметін атқарудамын.

– Бүгінде цифрландыру процесі барлық салаға енгізілуде. Бұл үдерістен Сарысу аудандық орталық ауруханасы да тыс қалмаған болар. Осы бағыттағы жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

2024 жылдың 17 қазанынан бастап диспансерлік есепте тұратын пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерді электрондық түрде беру жөніндегі пилоттық жобасы іске асырылып, орындалуда.

Егде жастағы тұрғындар немесе «Әлеуметтік әмиян» мемлекеттік сервисінің қызметтерін пайдалана алмайтын басқа адамдар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жеткілікті, содан кейін пациенттің қолына тиісті дәрілік заттар беріледі.

Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы 2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап «Цифрлық құжат» «электрондық үкіметтің» сервисінен ұсынылатын пациентті 6-сандық код бойынша сәйкестендіру және FaceID технологиясын пайдалана отырып, пациенттерді сәйкестендіру жұмыстары басталғанына байланысты 105 веб-камера алынды. Веб-камералардың барлығы тиісті мамандарға берілді. Мұндағы басты мақсат-жалған жазбаларға жол бермеу.

– «Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар. Расында да денсаулықты сақтау әр адамның өзіне де тікелей байланысты. Осы орайда тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?

Денсаулық – Алладан берілген аманат деп санаймын, сол үшін әрбір адам денсаулықтарын күтсе деймін. Зиянды әдеттерден аулақ болып, ішімдік ішпесе, темекі шекпесе, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануды қолға алса деген өтінішім бар.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Айханым ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар