
Іс-шара барысында өңірдегі бейнебақылау жүйелерінің ауқымы мен тиімділігіне кешенді талдау жүргізіліп, көпқабатты тұрғын үйлерде 1 013, ал жеке тұрғын үйлерде 18 575 бейнебақылау камерасының орнатылғаны анықталды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандардағы ахуал да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, дүкендер мен сауда орындарында 4 191, ал тойхана мен кафе-барлар секілді көңіл көтеру орындарында 2 004 бейнебақылау камерасының орнатылғаны белгілі болды. Камералардың осындай кең ауқымда орнатылуы қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне оң ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, кәсіпкерлік нысандарының иелерінен құқық қорғау органдарына 19 шақырту түсіп, құқықбұзушылық деректері бойынша заң шеңберінде тиісті процестік шешімдер қабылданды.
Бейнебақылау жүйелері құқықбұзушылықтың алдын алумен қатар, олардың нақты дәлелдерін жинақтауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Іс-шара барысында жалпы саны 597 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы, темекі өнімдерін сату мен алкоголь өткізу талаптарының бұзылуы, қоғамдық орындарды ластау, қоғамдық орында мас күйінде болу, абаттандыру ережелерін сақтамау және жасыл екпелерді бүлдіру секілді бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Құқықбұзушылыққа қатысты жауапты тұлғаларға тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
Тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтарды анықтаумен шектеліп қоймай, олардың себептерін зерделеуге және алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алуға да баса назар аударды. Осы мақсатта құзырлы мекемелерге құқықбұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған 22 ұсыныс жолданды. Бұл – қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікті нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Жалпы «Бейнебақылау» жедел-профилактикалық іс-шарасы бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың жедел ашылуына жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылды. Бейнематериалдар нақты дәлел ретінде тергеу жұмыстарына елеулі көмек көрсетіп, кінәлі тұлғаларды анықтауға септігін тигізуде. Осы ретте облыстық полиция департаменті өңір тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтау мен заң талаптарын орындауға шақырады. Себебі әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен тәртіпке деген жауапкершілігі – ел тыныштығы мен ортақ қауіпсіздіктің басты кепілі.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ