Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бәс тігу – бақылауда

Бәс тігу – бақылауда
Автор
Жыл өткен сайын құмар ойындардың құрығына ілінгендердің қатары артып келеді. Цифрлық технологиялардың дамуы, интернет пен мобильді қосымшалардың қолжетімділігі лудомандардың көбеюіне айтарлықтай ықпал етуде. Алайда, мұның ар жағында азаматтардың қаржылық, әлеуметтік және отбасылық мәселеге тап болу қаупі де қатар жүріп жатыр. Бұл жағдай мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Осы ретте ел Үкіметі бәс тігуді реттеудің жаңа кезеңін бастап, салаға нақты бақылау орнатуға кірісті.

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, енді әрбір жасалған бәстің 1 пайызы арнайы әлеуметтік мақсаттарға – яғни, балалар мен бұқаралық спортты дамытуға және түрлі қоғамдық жобаларға бағытталады. Мамандардың болжамынша, осы тетіктің арқасында жыл сайын 15 миллиард теңге көлемінде қаржы жиналуы мүмкін. Бұл – қоғам игілігіне жұмсалатын қомақты қаражат. Әсіресе ауыл-аймақтағы спорт нысандарын жөндеуге, жасөспірімдерге арналған секциялар ашуға, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін үйірмелерді қолжетімді етуге серпін беретін бастама болмақ.

Бұл бағыттағы ең басты жаңалық – Бірыңғай есепке алу жүйесінің (БЕЖ) енгізілуі. Заманауи цифрлық жүйе арқылы барлық бәс автоматты түрде тіркеліп, бақылауға алынады. Яғни, қай бәс кімнен және қайда жасалғаны нақты көрініп тұрады. Бұл ашықтық пен тәртіпті күшейтеді. Сонымен қатар, жүйе заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, рұқсатсыз оффшорлық сайттарды автоматты түрде бұғаттауға мүмкіндік береді. Енді тек ресми лицензиясы бар букмекерлер ғана заң аясында жұмыс істей алады.

Алайда бұл бақылаудың негізгі мақсаты – азаматтарды шектеу емес, қорғау. Жүйе белгілі бір әлеуметтік топтар үшін бәс тігуге автоматты түрде тыйым салады. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар, қарызы бар азаматтар, әскери және мемлекеттік қызметтегілер, сондай-ақ өз еркімен өзіне шектеу қойған адамдар үшін бұл жүйе автоматты түрде бөгет қояды. Бұған қоса, БЕЖ адам әрекеттерін талдап, егер біреу үнемі және көп мөлшерде бәс тіге бастаса жүйе «Сізге психологиялық көмек қажет болуы мүмкін» деген сынды арнайы ескерту хабарлама жібереді: Бұл – жазалау емес, алдын алу тәсілі. Қалаған адам өзіне шектеу қойып, ай сайынғы лимит енгізе алады. Бұл адамды өз әрекетіне жауапты болуға, шектен шықпауды үйренуге ынталандырады.

Қарапайым халық бұл өзгерістерді әртүрлі қабылдап жатыр. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Еркін Бейсенов бұл жаңалықты жылы қабылдағанын айтады.

– Расында бәс тігетіндер көбейді. Арасында мен танитын жігіттер де бар. Көбі оңай ақша табамын деп қарызға кіріп кетеді. Мемлекет осылай қадағалап, шектеу қойып жатқаны дұрыс. Әр бәстен ақша бөлініп, балалар спортына бағытталып жатса, тіпті жақсы. Бұрын бәрі тек қалтаға жұмыс істейтін еді, енді қоғамға да пайдасы тиеді, – дейді Еркін.

Ал Аида Сейілова да бастаманың тиімділігі жоғары екенін айтады.

– Қазір бәс тігу оңай болып кетті. Бұрын ондай болмаған. Әсіресе жастардың құмар ойындарға үйір болуы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан бақылауды күшейту керек. Егер бала кәмелетке толмаса – мүлдем жолатпаған жөн, – дейді Аида Серікқызы.

Мемлекет қолға алған бұл жүйе халықаралық тәжірибеге де сай. Құмар ойын индустриясын реттеу – бірқатар дамыған елдерде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Қазақстан да осы жолға түсіп отыр. Бірақ басты ерекшелік – бұл салаға тек салық ретінде емес, қоғамның денсаулығына әсер ететін әлеуметтік құбылыс ретінде қарау. Бәс тігудің артында көбіне отбасылық кикілжің, қаржылық ауыртпалық, психологиялық күйзеліс тұрады. Сол себепті мұндай жүйені енгізу – уақыт талабы.

Құмар ойын – көңіл көтерудің бір түрі ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, бақылаусыз қалса, оның соңы қайғыға ұласуы әбден мүмкін. Ең бастысы – әр азамат өзінің әрекетіне жауап бере білуі қажет. Жеңіл ақша – әрқашан да ауыр салдарға алып келуі мүмкін. Сондықтан мемлекет бәс тігушілерді шектеп емес, бағыттап, қорғауға кірісіп отыр. Жаңа жүйе – осы жауапкершілікті күшейтуге арналған нақты әрі маңызды қадам.

          Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар