Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрлық теңге қаншалықты пайдалы?

Цифрлық теңге қаншалықты пайдалы?
Автор
Қазақстанда цифрлық теңгені енгізу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бүгінде елімізде айналымға 257,5 миллиард цифрлық теңге шығарылғаны белгілі болды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Жиында цифрлық теңге көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау жөніндегі пилоттық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Басқосуға Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Қаржы министрі Мәди Тәкиев және бейнебайланыс арқылы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, цифрлық теңге платформасы қазір тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде. Алдағы желтоқсан айында оны толық көлемде іске қосу көзделіп отыр.

Цифрлық теңге – блокчейн технологиясына негізделген, арнайы мақсаттарға арналған қаржыны нақты бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық валютаның жаңа түрі. Оның көмегімен мемлекеттік қаражатты таңбалау, қозғалысын бақылау және тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі.

Ұлттық банктің цифрлық трансформациялау жетекшісі Бинұр Жаленовтың мәліметінше, цифрлық теңге қазіргі таңда оннан астам бағыт бойынша сәтті сыналған. Мысалы, цифрлық қосымша құн салығы жүйесі салықты қайтару мерзімін 75 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға жол ашқан.

Цифрлық теңге инфрақұрылымдық жобаларда да қолданылып жатыр. Павлодар – Атырау және Мұқыр – Құлсары автожолдары жобаларында жол жөндеуге бөлінген қаражат таңбаланып, нақты қадағаланды. Сонымен қатар «Достық – Мойынты» темір олы мен «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры учаскесіндегі жұмыстарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау үшін де цифрлық теңге пайдаланылған.

Алдағы уақытта «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры, газ бөлу кешендері және «Бақты – Аягөз» теміржол учаскесі сияқты бірқатар ірі жобалар цифрлық теңге арқылы қаржыландырылмақ.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» шағын несие беру бағдарламасы аясында қаражатты уақытша бұғаттау тетігі де сәтті сыналған.

Цифрлық теңгені енгізу жылжымайтын мүлік пен автокөлік сату-сатып алу мәмілелерінде, мектептегі тамақтану қызметтерінде, қымбат тауарларды сату кезінде, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік несиелеу құралдарында да сынақтан өткізіліп жатыр.

Жиында осы салада нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің маңыздылығы да атап өтілді. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңға цифрлық шот ұғымын енгізу және басқа да ілеспе нормалар бойынша өзгерістер дайындалып жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық теңгенің артықшылықтарын атап өтіп, «боялған ақша» тетігін толық көлемде және сапалы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрлық теңге пилоттық жобалар арқылы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл – бюджет қаржысының мақсатты әрі ашық жұмсалуына жол ашатын тиімді құрал. Осы мақсатта барлық ақпараттық жүйелердің «Цифрлық теңге» платформасымен интеграциялануын жеделдету керек. Жақын арада Ұлттық қор мен бюджеттен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны осы форматқа көшіруді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.

Жиын қорытындысында Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп, цифрлық теңгені экономиканың нақты секторларына кеңінен енгізу бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Цифрлық теңге – Қазақстан экономикасын цифрландыру жолындағы маңызды қадам. Ол мемлекеттік қаржыны басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, жемқорлықтың алдын алып, қоғам алдында ашық есеп берудің жаңа үлгісін қалыптастыруы тиіс.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар