
Жобаның негізгі мақсаты – жеңілдетілген несие мен мемлекеттік грант арқылы кәсібін жүргізіп отырған ауыл жастарының жетістігін көрсету, олардың жұмысын кеңінен насихаттап, ақпараттық қолдау көрсету.
Жарқын жоба жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттырып, ауылдағы экономикалық белсенділіктің жандануына серпін беруде.
Жыл басынан бері кәсіпкер атанған 5 жаспен сұхбат жүргізіліп, олардың табысты істері әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. Жоба аясында түсірілген бейнематериалдар 20 мыңнан астам қаралым жинап, ауыл жастары арасында үлкен қолдау тапты.
Соның ішінде Тоғызтарау ауылдық округінің тұрғыны Исламбек Дәулетжанұлы да «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен 6 100 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлікке қадам басқан болатын. Жас кәсіпкер бұл қаражатқа 4 ірі қара және 60 бас ұсақ мал сатып алып, малшаруашылығын дамыту ісіне кірісті. Бүгінде Исламбектің шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айналып, ауылдық жерде кәсіп бастаймын деген жастарға нақты үлгі болуда.
«АуылBAY» жобасы алдағы уақытта да өз кәсібін енді бастаған жастарды қолдап, оларды ақпараттық және әдістемелік тұрғыдан қолдауды жалғастырады. Жоба ауыл жастарының өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, ауыл экономикасын көтеруге мүмкіндік беретін тиімді тетікке айналуда.
Асылхан МҰРАТ,
аудандық жастар ресурстық орталығының
жастармен жұмыс жөніндегі маманы