Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халыққа қызмет – мерейлі міндет

Халыққа қызмет – мерейлі міндет
Автор
Аудандық ішкі саясат бөлімінің негізгі миссиясы – мемлекеттік саясатты түсіндіру мен насихаттау, қоғамдық-саяси тұрақтылыққа мониторинг жүргізу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Бөлім қызметкерлері мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыруға, этносаралық келісімді сақтау мен нығайтуға, мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылын жетілдіруге ден қойған. Патриоттық сана-сезімді, азаматтық жауапкершілікті арттыру, белсенді қоғамдық көзқарасты қалыптастыру, жастар бастамасын дамыту да негізгі міндеттер қатарында.

Бөлім мамандары тарапынан заңды және жеке тұлғалардан түскен өтініштерге Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес жауаптар беріліп тұрады. Сондай-ақ, жеке қабылдауға келген тұлғалардың өтініштері қанағаттандырылады. 2025 жылы бөлімде 263 кіріс, 95 шығыс құжаттары рәсімделген. Құжат айналымы мерзімдерін бұзу фактілері орын алған жоқ.

Ауданда әлеуметтік наразылық тудыратын проблемалық мәселелер бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде. Медиа-кеңістікте тұрғындардың көтерген проблемалық мәселелері бойынша тұрақты мониторинг өткізіліп, бекітілген алгоритмдерге сәйкес әрекет жасалуда. Мониторингтік жұмыстар аясында анықталған қоғамдық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін мәселелер қауіп-қатерлер картасына енгізілген.

Аудан аумағында қоғамдық резонанс тудырған проблемалық мәселелерді болжау мен бақылау, қарау мен қадағалау, күні бұрын ескерту, сақтандырудың маңызы зор. Солардың бірі – «Амангелді ГӨЗ» мұнай өңдеу зауытынан тараған жағымсыз иіске тұрғындардың наразылық білдіруі. Бұл мәселе бойынша үш жақты келіссөздер (әкімдік, зауыт, тұрғындар) жүргізіліп, аудан әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Бүгінгі таңда зауыттан шығатын жағымсыз иісті болдырмауға қатысты шаралар жасақталуда. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр. Бөлім тарапынан мониторинг жұмыстары тұрақты жалғасуда. Аудан бойынша облыстық қауіп-қатерлер картасына енгізілген 5 проблемалық мәселелер де ұмыт қалған жоқ.

Ақпараттық саясат – мемлекеттік органдардың қоғамдағы ақпараттар желісін дамытуға бағытталған реттеушілік қызметі. Мемлекет өзінің экономикалық, әлеуметтік-саяси, ұлттық мүдделеріне сәйкес ақпарат саясатын ұстанады. Ақпараттық саясат қоғамның мүдделі мұраттарына жол бастайды.

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру аясында аудан тұрғындарының әлеуметтік оптимизмін қалыптастыру шаралары тек электронды ақпарат құралдары арқылы ғана емес, баспа ақпарат құралдары арқылы да жүргізілуде.

Ауданның тыныс-тіршілігі жайында республикалық газеттер мен телеарналарда тұрақты түрде материалдар жариялануда. Олардың жалпы саны – 261.

Бізде арнайы мониторинг жүргізілетін пабликтер мен жеке парақшалардың тізімі жасалған. Сол тізімге сәйкес әр сағат сайын арнайы мониторинг жүргізіліп отырады. Таяуда ішкі саясат бөлімі жанындағы аудандық «Ақпараттық медиа орталығында» iMAS атты ақпаратты жинау мен өңдеудің заманауи цифрлық технологиясы орнатылды. Бұл жүйе БАҚ, әлеуметтік желілер, блогтар және веб-ресурстарына тұрақты түрде талдау жасап, бақылап отырады. Сонымен қатар жақында орталық ішінен «Баспасөз алаңы» өз жұмысын бастады.

Ақпараттандырудың бір саласы – сыртқы көрнекі ақпарат құралдары. Қазір аудан аумағында 105 сыртқы көрнекі ақпарат құралы орнатылған.

Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңына сәйкес билбордтық конструкцияларға, ғимараттардың сыртқы жақтарына орналастырылған жарнама объектілерінің меншiк иелерi немесе сыртқы жарнама объектiлерiне өзге заттай құқықтары бар тұлғалар жарнама объектілерін тиісінше эстетикалық, санитариялық және техникалық жай-күйде ұстап тұруды міндетіне алған.

Ендігі кезекте аудан орталығынан бастап кезең-кезеңімен барлық округтердің орталықтарында заманауи үлгідегі LED экрандарды орнату көзделіп отыр. Осылайша бекітілген үлгідегі ақпараттық құралдарды лезде әрі ұзақ мерзімге орналастырып, контенттің түрлілігін қамтамасыз етуге болады.

Әрбір басылым – ұлттың мерейі, мәртебесі. Қағазға түскен таңба ешқашан жойылмайды. Халқымызға тәрбие, рухани дүние қай кезде де керек. Мемлекеттік саясатты насихаттап, елдіктің сөзін сөйлейтін, шындықтың алауын жағатын басылымдар қоғамды дамытудың бір тетігі болып қала береді. Сол себепті мерзімді баспасөзге жазылу өңірде жүйелі жолға қойылған.

Этносаралық келісім – ел дамуының өзегі. Өзара ынтымақтың арқасында қоғамның барлық азаматы мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жетіп отырмыз.

Бүгінде аудан тұрғындарының 16 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Өзге этнос өкілдері (күрділер) тығыз шоғырланған елді мекендер қатарында Гродеково және Қызылқайнар ауылдары тұр. «Барбанг» күрді этномәдени бірлестігі 2003 жылы құрылған. Құрамында 15 мүшесі бар.

Жамбыл облысындағы этностар тығыз орналасқан елді мекендердің картасына сәйкес, өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған 2 елді мекен бойынша паспорт жасақталып, ішкі саясат бөлімінен және әр округтен бір маманнан бекітілген.

2025 жылдың 6 айында этносаралық татулық пен рухани келісімді сақтау мақсатында 115 іс-шара өткізіліп, 1800-ден астам тұрғын қамтылған және аудандық газетте 6 мақала, ресми әлеуметтік желілерде 200 пост жарияланған. Тақырыптық 18 көрнекі құрал орнатылған.

Қоғамдық ұйымдар – қоғамның қозғаушы күші. Азаматтық қоғамды дамыту және үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынас орнату бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда.

Бүгінде Жамбыл ауданында әртүрлі әлеуметтік қызметтер көрсететін 27 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. 2025 жылға 5 миллион теңгеге 5 әлеуметтік жоба жоспарланған. Жобаларды жариялау жұмыстары уақытында жүргізілуде. Жобалар бойынша аудандағы діни тұрақтылықты нығайту мақсатында білікті теологтарды, дінтанушыларды және азаматтық қоғам белсенділерін тарта отырып, аудан аумағында деструктивтік ағымдармен ақпараттық-түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізу, отбасы институтын нығайту, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, лудомания және есірткі бизнесі мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар қаралған.

Мемлекет пен дін бірлігі, халықтың мемлекетке де, дінге де сенімі діни ахуалды тұрақтандырады. Бүгінде діни сананы елдің басын біріктіріп, мәдениеті мен дәстүрінінің тірегіне айналдыру, дін мен тәрбие үйлесіміне қол жеткізу – ел дамуының ізгілігі мол шапағатты жолы.

Ауданда 26 мешіт ресми мемлекеттік тіркеуден өткен. Олардың барлығында діни қызметкер бар.

Аудан тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау мақсатында дін саласында аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Топ құрамындағы 10 адамның екеуі дінтанушы, теолог маман.

Аталған топ құрамында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкері, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мен ардагерлер кеңесінің өкілдері және облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Жамбыл ауданы бойынша инспекторы бар. Сонымен қатар, әр ауылдық округте мобильдік топтар құрылып, жоспарлы түрде жұмыс атқаруда.

Деструктивті діни ағымдардың ықпалындағы азаматтармен қоғамға қайта бейімдеу бағытында жеке адрестік жұмыстар арнайы критерийлерге сәйкес жүргізілуде. Дін саласы бойынша мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде материалдар ұдайы жарияланады.

Салада ақпараттық-түсіндіру шаралары аясында түрлі форматтағы іс-шараларға 5 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Тақырыптық 13 билборд орнатылған.

Елдік пен егемендікті паш ететін Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз. Отансүйгіштік, адамгершілік асыл қасиеттер, халыққа адал қызмет ету осы айшықтарды қастерлеп, құрметтеуден басталады.

Ауданда 170 Мемлекеттік Ту, 464 Мемлекеттік Елтаңба орналастырылған. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және нормативтік құқықтық деңгейде қолданылуы бойынша тақырыптық «дөңгелек үстел» отырыстары, автошеру, велошеру, конференция, акциялар ұйымдастырылып тұрады. 2025 жылдың 6 айында ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және нормативтік құқықтық деңгейде қолданылуы бойынша 67 іс-шара ұйымдастырылды және тақырыптық 8 көрнекі құрал орнатылды.

Биыл мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы және пайдаланудың заң талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданда мемлекеттік, ұлттық және кәсіби мерекелер мен атаулы күндерге арналған ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы аясында, сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы», облысымызда облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп белгіленуіне орай аудан аумағында ұйымдастырылатын шаралардың идеологиялық мән-мазмұны жоғарыда аталған атаулы күндерге бағытталуда.

Медиа-жоспарға сәйкес аудан көлемінде еңбек адамдары насихатталып, олардың беделін арттыру мақсатында жыл басынан 21 баннер, 42 бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылып, жұмысшы мамандары туралы 21 сюжет облыстық телеарналарда көрсетілді. Аудандық газетте 28 мақала жарияланды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 33 ірі іс-шара жоспарланып, соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға ерекше құрмет көрсетілді, мерекелік медальдар табысталып, бірреттік материалдық жәрдем жасалды. Іс-шаралар қатарында аудандық ғылыми-практикалық конференция, тыл еңбеккерлерін қолдауға арналған қайырымдылық акциясы, жастар шеруі, әскери-патриоттық әндер байқауы, балалар мен жасөспірімдер арасында сурет салудан облыстық байқау, тарихи-танымдық кездесулер мен сұхбаттар, мәдени-көпшілік, әскери-патриоттық іс-шаралар бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар да мазмұндылығымен ерекшеленді.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлауға қатысты өткен іс-шараларға өңір тұрғындары белсене қатысты. Наурызнаманың онкүндігіне бағдарланған семинар-тренингтер, ұлттық ойындар, мәдени-көпшілік іс-шаралар жергілікті жұртшылықтың есінде қалғаны анық.

Мұндай игіліктер алдағы уақытта да сәтімен жалғаспақ. Бөлім мемлекеттік саясатты халыққа ұғындыру мен нәсихаттау, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында қызмет ете бермек.

Теміржан ІЗТІЛЕУОВ,

Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі

саясат бөлімінің басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар