
Ерлан Қыдыралыұлы алғашқы кезекте Аса ауылы маңындағы Сатжан Отарқосовтың 12 гектарлық күздік бидай алқабына аялдады. Ауылшаруашылығы саласына бет бұрып, кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор азаматтың айтуынша, алқап толықтай сумен қамтылған. Бұл өз кезегінде биылғы өнім көлемінің жоғары болатынына сенім ұялатады.
– Бүгінде «жерге дән тастау – міндет, ал оны мол өніммен қайтару – технологияны игерген адамның еншісінде» деген түсінік қалыптасқан. Жаңа тәсілдерді пайдаланып, тың әдістермен жұмыс істеп келеміз. Соның арқасында егістік алқаптарымыз өнімділігін жоғалтқан емес, – дейді шаруа.
Аудан әкімі шаруашылық иесінің ісіне оң баға беріп, еңбегіне сәттілік тіледі.
– Еккен өнімім шықпады, өнім аз болды дейтін уақыт артта қалды. Қазір ауыл еңбеккерлері заманауи техниканы пайдалана отырып, өнімділікті арттыруда. Мұны осы шаруашылықтың жайқалған бидай алқабынан анық байқауға болады. Істеріңізге табыс тілеймін, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Аудан әкімі Гродиково ауылдық округіне қарасты «Рыбалко» шаруашылығының жұмысымен де танысты. Мұндағы диқандар 20 гектар жерге күздік бидай, тағы 280 гектарға арпа еккен. Қазіргі таңда шаруашылықта астық жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, егін жинау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауға күш салуда.
Ерлан Қыдыралыұлы астық алқаптарын аралай жүріп, техникамен қамтылу деңгейіне, астықтың шығымына және ұйымдастырушылық жұмыстарға назар аударды. Өз кезегінде шаруашылық өкілдері жұмыс кестесінің нақты құрылып, өнім жинау қарқынының жоғары екенін жеткізді.
Аудан бойынша биылғы егістік науқаны орташа деңгейде өтуде. Шаруалар ғылым мен техниканы қатар пайдалану арқылы мол өнім алуға талпынуда. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз.
Айта кетейік, жалпы аудандағы агроқұрылымдарға тиесілі егістік жерлердің көлемі 53 060 гектарды құрайды. Биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 52 428 гектарды құрады.
Көктемгі дала жұмыстары кезінде жаздық дақылдарға 25 253 гектар жер дайындалып, 11 799 гектарға жаздық арпа, 1 395 гектарға көпжылдық шөп, 5 776 гектарға көкөніс, 2 545 гектарға майлы дақыл, 515 гектарға қант қызылшасы, 1 855 гектарға дәндік жүгері, 709 гектарға бақша, 304 гектарға картоп, 150 гектарға сүрлемдік жүгері егілді.
Биыл аудан бойынша 15 691 гектар масақты дәнді дақылдар (3 892 гектар күздік бидай, 11 799 гектар жаздық арпа) егін орағына түсіп отыр. Қазірге дейін 7 105 гектардан масақты дәнді дақылдар жиналып, жалпы түсім 5 055 тоннаны құрады. Әр гектардан орта есеппен 7,2 центнерден өнім алынуда.
Егін орағына 34 комбайн қатысуда.
Сондай-ақ 2025 жылға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жоспар 6 800 гектар болса, орындалғаны – 8 979 гектар.
2025 жылдың екінші тоқсанына минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспары 5136,3 тонна болса, енгізілгені – 5140 тонна.
2025 жылы 7849,7 тонна минералды тыңайтқыштар алып, 33 855 гектар алқапқа енгізу жоспарлануда. Бүгінгі күнге, аудан бойынша 85 шаруашылық 5 847,7 тоннаға келісімшартқа тұрып, барлығы 5 140,0 тонна минералды тыңайтқыштар алынды. Тыңайтқыш енгізілген алқап көлемі – 25 700 гектар.
Сонымен қатар осы жылдын екінші тоқсанына 20 ауылшаруашылығы техникасын алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 21 техника, бұдан бөлек, 41 дана басқа да қосалқы техника 170,5 миллион теңгеге сатып алынды.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы