
Баспасөз мәслихатында алғаш болып сөз алған Дінмұханбет Бейсеналыұлы облыс аумағындағы 30 жазғы сауықтыру орны мен балаларға арналған 12 жазғы сауықтыру лагеріндегі өрт қауіпсіздігіне тоқталды.
– Жазғы кезең басталғалы бері департамент және оның аумақтық бағынысты бөлімдерімен туристік аумақтарда, қонақүйлерде, сауықтыру лагерьлері мен балалардың жазғы демалыс орындарының қызметкерлері мен келушілерге үздіксіз негізде профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы барлық 523 мектепте, 461 балабақшада, 46 колледжде, білім басқармасына қарасты 10 білім мекемесінде және 11 қала сыртындағы лагерьде, яғни барлығы 1 053 білім нысанында өртке қарсы дабылқаққыштар орнатылды. Облыстың білім мекемелерінде 15 450 өрт сөндіру құралы дайындалды. 854 нысанның шатыр асты құрылымдары өртке қарсы қоспамен өңделді және 2 154 өрт сөндіру қалқанымен жабдықталды. Сонымен қатар, облыстың 1 899 оқу орнында 107 141 оқушыны қамтитын 818 интерактивті сабақ өткізіліп, 16 933 оқушыны қамтитын 505 ашық сабақ ұйымдастырылды. Мектепке дейінгі мекемелерде 3 273 баланы қамти отырып өртке қарсы тақырыпта 169 конкурс пен викторина өткізілді. 2 147 оқушынының қатысуымен өрт сөндіру бөлімдеріне 82 экскурсия ұйымдастырылды. Өрт сөндіру бөлімдерінде 39 іс-шара ұйымдастырылып, оған 677 оқушы қатысты. Биыл облыс аумағында жалпы 450 өрт оқиғасы орын алды. Өрттен 3 адам қаза болып, 6 адам әртүрлі жарақаттар алды. Өрттен келген шығын сомасы 41 миллион 172 мың теңгені құрады, – деді Дінмұханбет Бейсеналыұлы.
Ал Валихан Абилоглы шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.
– Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 13 орын бекітілген. Мәслихаттың шешімімен өңірде 189 орында шомылуға тыйым салынған. Аймақта орналасқан ірі су акваторияларында жедел құтқару жасағының құрамынан стационарлы және мобильді 8 құтқару бекеті кезекшілік жүргізуде. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаментімен, полиция бөлімшелері мен еріктілермен бірлескен күнделікті негізде профилактикалық жұмыстар жүргізу бойынша кесте бекітіліп, 1550 рейд жүргізілді. Онда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 12 000 жадынама таратылды. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам өлімінің алдын алу мақсатында «Мамыр қауіпі» акциясы өткізілді. Акция аясында оқу орындарында 52 сынып сағаты мен ашық сабақтар өткізіліп, 5000-нан астам оқушы мен 450 мұғалім қамтылды. Адамдардың суда жаппай демалу орындарында бірлескен рейдтер өткізу кезінде 305 бұзушылық анықталды. «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 101 адам жауапкершілікке тартылды. «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу» бойынша 178 адамға хаттама толтырылып, 1 789 060 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» бойынша 26 адамға хаттама толтырылып, 356 972 теңге айыппұл салынды. 2025 жылдың басынан бері және шомылу кезеңінде жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Жыл басталғалы 10 адам балық аулау кезінде құтқарылды, – дейді Валихан Абилоглы.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ