
Үздіктердің қатарында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Серік Тлекеевтің есімі ерекше аталады. Ол елімізде алғаш рет ұйымдастырылған AIGA грэпплингтен әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, Қазақстан туын биікте желбіретті. ММА-дан спорт шебері атағына ие Серік Тлекеев турнир барысында тек техникалық шеберлігін ғана емес, нағыз жауынгерге тән қайсарлық пен табандылықты да паш етті. Оның спорттық жолында Қазақстан чемпионатындағы және Түркі халықтарының халықаралық турниріндегі жеңістері де айрықша орын алады.
Азаматтық қорғаныс саласында еңбек етіп жүргеніне небәрі төрт жыл болғанына қарамастан, С.Тлекеев өзін кәсіби біліктілігі жоғары, ісіне шын берілген маман ретінде танытып үлгерді.
Кейіпкеріміздің қызметтік тәжірибесіндегі ең күрделі әрі есте қаларлық оқиғалардың бірі биылғы жылдың қаңтар айында орын алды. Сол күні табиғат осын мінез танытып, қатты боран тұрады. Дәл осы сәтте Жуалы ауданына қарасты Дүйсенбек ауылында дене қызуы жоғарылаған баланы шұғыл ауруханаға жеткізу қажет деген шақырту келіп түседі. Жол жабық. Науқас баланы қарапайым көлікпен ауруханаға жеткізу мүмкін болмағандықтан, эвакуация арнайы «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен, аудандық аурухананың дәрігерімен бірлесіп жүзеге асырылды. Құрамында Серік Есенгелдіұлы бар құтқарушылар тобы кедергілерді еңсере отырып, баланы анасымен бірге орталық аудандық ауруханаға аман-есен жеткізді.
Жеңіс жалауын желбіреткен жамбылдықтардың бірі – Бекзат Исабек. Тараз қаласындағы Халық қаһарманы М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері жақында Түркістан қаласында өткен халықаралық «Alash Pride» жауынгерлік турнирінде жеңіс туын желбіретті. Ол халықаралық турнирге «Batyr Team» командасының атынан шығып, кештің басты жекпе-жектерінің бірінде бразилиялық тәжірибелі спортшы Брендо Бабилониді айқын басымдықпен жеңді.
– Спортта шыңдалу – құтқарушы ретіндегі кәсіби дайындығымның бір бөлігі. Әрбір жарысқа шыққанда, тек өзім үшін емес, бүкіл құтқарушылар қауымының намысын қорғап жүргенімді жақсы түсінемін. Ал өмірлік ұстанымым – қай жерде болмасын, бар күшімді салып, нәтижеге жету, – дейді Б.Исабек.
Серік Тлекеев пен Бекзат Исабектің жеңісі – облыс құтқарушыларының тек төтенше жағдайларда ғана емес, спортық бәсекелерде де табандылық танытып, ел абыройын асқақтата алатын жан-жақты мамандар екенін дәлелдеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ