
Көпшілігіміз көру қабілетін өмірдің басты тірегі ретінде бағалаймыз. Алайда бұл нығметтен айырылған жандар үшін де жүректегі иман нұры мен ізгілікке бастар жол бар. Жайна ұстаздың бастамасы – білім беру ғана емес, рухани демеу, жүректерге сенім мен үміт ұялататын ізгі қадам.
Жайна Бекназарова – тек діни ұстаз емес, қоғамның осал тобына шынайы жанашырлықпен қарай білетін руханият жанашыры. Ол Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы бойынша Қазақстан Зағиптар қоғамына тіркелген көру мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, олардың ішкі жандүниесіне үңіліп, дінге, Құранға деген шынайы ықыластарын байқаған соң мешітке шақырып, діни сауат ашу курсын ұсынған.
– Алғашында сенімсіздік болды. Өздерін сыртта қалғандай сезінетін бауырларымыз мешіт табалдырығын аттауға именіп жүрді. Бірақ сөйлесе келе олардың жүрегінде Құранға, Аллаға деген нағыз махаббат бар екенін көрдім. Сол кезде «Брайль қарпімен» оқыту курсын міндетті түрде бастау керек деген шешімге келдім, – дейді Жайна ұстаз.
Бұл ізгі іске түрткі болған жайттардың бірі – Жайна ұстаздың жұбайы, қоғам белсендісі, қайырымдылық шараларымен танымал азамат Марат Оспановтың ұсынысы. Шымкентте өткен діни жиын барысында Марат Оспанов зағип жандардың мешітте отырып Құран үйреніп жатқанын көріп: «Неге біздің облыста жоқ? Неге сен қолға алмайсың? Олар да үйренгісі келеді ғой» деп жұбайына ой тастаған.
Осылайша Жайна ұстаздың бұрыннан Брайль жүйесімен Құран оқи алатынын білген жұбайы оған барынша қолдау көрсетеді. Ұстаз қайтадан ақылы курстар арқылы білімін жаңғыртып, Брайль қарпіндегі Құран оқу машығын еске түсірген.
Қазір Жайна ұстаздың оннан аса шәкірті бар. Курс Тараз қаласындағы «Абдуқадыр» мешітінің дәрісханасында өтуде. Себебі қаладағы қатысушылар ауданға бара алмайды. Ал аудандағы шәкірттерді Жайна ұстаз өзі ертіп апарып, қайта үйлеріне жеткізіп отырады. Кейде такси жалдайды. Өйткені олар қоғамдық көлікпен жүре алмайды, ал инватаксиді бір-ақ рет қолдануға рұқсат.
Сабақ кешкі 18:00-де басталып, шам намазынан кейін аяқталады. Бұл уақыт шәкірттердің басым көпшілігі жұмыс істейтін болғандықтан таңдалған. Олардың арасында зағиптар кітапханасының баспаханасында оператор болып істейтіндер, радиода тілші, жалдамалы жұмысшылар мен тіпті дзюдо және күрес түрлерінен параолимпиадалық спортшылар да бар.
Осы шәкірттердің бірі Қолғанат Оңғарбаева Құранды түпнұсқасымен оқуды біраз жылдан бері мақсат етіп жүрген екен.
– Мен Құранды бұрыннан оқығым келіп жүретін. Бірақ араб әліппесін Брайль түрінде кім үйретеді, ондай ұстазды қайдан табамын деп ойладым. Бірақ арманым шындыққа айналып, Жайна ұстазға жолықтық. Қазір сабағымызды ақырындап бастап жатырмыз, – дейді.
Ал тағы бір шәкірті Ербол Бегімов өз қуанышын былай жеткізді:
– Мен әйтеуір кеудемнен жаным шыққанша Құранды түпнұсқасынан үйреніп, әке-шешеме бағыштасам деген арманым бар еді. Алла біздің ішіміздегі тілекті білуші ғой. Әйтпесе бізді ұстаз өзі іздеп келіп оқытады деп кім ойлаған. Қуанышымызда шек жоқ. Осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір, – дейді ол тебірене.
Жайна ұстаз сабақтардың қызықты әрі тартымды өтуіне де ерекше көңіл бөледі. Келем деушілерді қызықтыру мақсатында діни мерекелерде арнайы сыйлықтар таратылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, Халықаралық зағиптар күніне орай 110 адам қатысқан үлкен ас беріліп, сол жерде Брайль жүйесімен жазылған Құран Кәрім кітабы таныстырылған. Шәкірт болғысы келгендерге байланыс нөмірлері қалдырылып, үйден алып келіп, мешітке жеткізу жұмыстары да қолға алынған.
– Менің осы өңірде дені сау, көзі көретін кісілерге сабақ беріп келе жатқаныма 20 жылдай уақыт болды. Араб тілін, Құран оқуды үйретемін. Яғни 6 жастан 60 жасқа дейінгі шәкірттерім бар. 70 жасында араб әріптерін басынан бастап үйренген кісілер де бар. 2004 жылы Брайль әрпімен Құран оқуды Түркияға барып ақысыз үйренген болатынмын. Қазір бұл ақылы. Мен зағип жандарға сабақ өту үшін біраз қаржы бөліп, бұрынғы оқығанымды қайталап оқып алдым. Алла қаласа шәкірттерімізбен түрлі жарыстарға қатыссақ деген ойымыз бар. Бұйырса осы күзге қарай Алматыдағы зағип жандар арасындағы Алланың 99 есімі бойынша жарыстарға барамыз. Сосын бір шәкіртіме даусымен Құран оқуды үйретіп жатырмын. Алла қаласа, ол Дубайдағы зағип жандардың жарысына қатысуға ниетті. Оған біз онлайн жібереміз, егер финалға өтсе сонда жолдама аламыз, – дейді Жайна Бекназарова.
Жайна ұстаз бұл игілікті жұмысты жалғыз атқарып жүрген жоқ. Оның жанашыры әрі басты қолдаушысы – жұбайы Марат Оспанов. Ол «Жомарт жүрек» номинациясының иегері, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, сонымен қатар республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпазы. Қысқасы, бұл жобаның басты демеушісі – отбасы ішіндегі шынайы жанашырлық пен ортақ мейірім.
Брайль қарпі – көру қабілеті шектеулі жандарға арналған арнайы нүктелі-рельефті жазу жүйесі. Бұл жүйе арқылы олар кітап оқып, жазбаша түрде өз ойын білдіре алады. Қазіргі таңда осы әдіспен Құран үйрету – діни білім беру саласындағы үлкен жетістік.
Жайна ұстаздың айтуынша, сабақтар кейде топпен, кейде жеке форматта өткізіледі. Алдымен араб әріптерін тану, кейін Брайль жүйесімен сәйкестендіріп оқу, сөз құрау машығы үйретіледі. Бұл – білім берудің тың форматы ғана емес, қоғамнан шет қалған жандарды орталыққа тартатын рухани көпір.
«Брайль дәрістері» – елімізде сирек қолға алынған, бірақ аса қажет әлеуметтік жоба. Бұл сабақтар арқылы зағип жандар тек білім алып қана қоймай, өзара қолдау, сенім мен түсіністік ортасын табады. Шәкірттер мешітке келіп, үнсіздікпен тыңдап, саусақтарымен әр нүктені сезініп, жүрекпен Құран оқиды. Бұл – тәрбиенің ең жоғары үлгісі.
Жайна Бекназарова қолға алған бұл бастама – ұстаздық міндеттен бөлек, үлкен адамгершілік миссия. Ол көзі көрмегенімен, көкірек көзі ашық жандарға Құран нұрын үйретіп, иман жолына бастауда. Оның шәкірттері ертең өз отбасына, айналасына діни тәрбие бере алатын тұлғаларға айналмақ.
Осындай жобалар – бүкіл еліміздегі мешіттер мен сауат ашу курстары үшін үлгі боларлық бастама. Брайль жүйесін діни білім беруге енгізу – шетте қалған жоқ, керісінше қоғамның ажырамас бір бөлшегі болуға лайықты жандарға жаңа мүмкіндік ашу. Алла Тағаланың алдында бар пенде тең. Ендеше, жүректен шыққан сөз бен ықылас – жарық дүниені көруден де маңызды.
Айжан ӨЗБЕКОВА