
Сәуле Әсетқызының аталған саладағы жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Еңбек жолын университетте оқытушы болып бастаған маман 2009 жылы төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа орналасып, жауапты қызмет барысында өзінің жан-жақты қабілетін көрсете білді.
– Департаменке жұмысқа келгенде бір жыл бойы сынақ мерзімінен өттім. Алғашқыда қабылдау бөлмесінде хатшы болып жұмыс істедім, азаматтық қорғаныс басқармасында сабақ өткіздім. Кейінірек баспасөз қызметіне ауыстым. Ол кезде бөлімде екі-ақ қызметкер едік. Атап айтқанда мен және өрт сөндіру мен авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов екеуміз оқыс оқиғалар туралы ақпарат таратып, жылдар бойы иық тірестіре еңбек еттік. Уақыт өте келе ұжым кеңейді. Қазір ресми өкіліміз – Карина Карташова. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істеуге әзір Камила Муотаева мен Нұрболат Мирали атты екі мобилографымыз бар. Екеуі де жаңашыл, білікті жастар. Мен олардан да көп нәрсе үйрендім, – дейді С.Мұңатаева.
Облыста табиғат тосын мінез танытып не болмаса қайғылы оқиға орын алып жатқан кезде кейіпкеріміз апат ошағында жүріп, құтқару жұмыстары туралы ақпаратты уақытылы беріп отырды.
Ел жадында сақталған қайғылы оқиғаның бірі – 2021 жылғы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыс. Осы кезде департаменттің жедел штаб құрамында болған Сәуле Әсетқызы журналистермен, блогерлермен тығыз байланыс орнатып, төтенше жағдай салдарын жою барысын қоғамға ашық әрі шынайы жеткізді.
– Бірнеше күн ұйқысыз жүрдік. Себебі әрбір ақпаратты жылдам жинап қана қоймай, оны нақтылап, сүзгіден өткізіп, халыққа дұрыс әрі түсінікті етіп жеткізу – үлкен жауапкершілік. Қоғамда үрей туындамауы үшін ақпаратты дәл әрі уақытылы тарату өте маңызды. Мұндай сәттерде эмоцияға ерік беруге болмайды, әр қадамымыз салмақты болуы тиіс. Қиын жағдайлар аз болған жоқ, бірақ солардың әрқайсысы біз үшін тәжірибе әрі үлкен сабақ болды, – дейді Сәуле Мұңатаева.
Сол секілді 2024 жылдың ақпанында Қордай ауданында болған ақтүтек боран жолдарды жауып, тұрғындарды тығырыққа тірегені ел есінде болар. Осы кезде де білікті маман алғы шепте жүріп ақпарат таратып қана қоймай, қиын жағдайда қалған жандарға психологиялық көмек көрсетті.
– Қордайда жол жабылғанда мен штабта кезекші болдым. Қарлы боранда техника діттеген жеріне жете алмай, адамдар жолда қалды. Көп қоңырау түсті. Психологиялық қолдау көрсетіп, сабырға шақыруға тура келді. Бір азамат бірнеше рет хабарласып, көлікте сәбиі өліп бара жатқанын айтты. Әрине, оларда күйзеліс болды. Әскери техниканы жұмылдырдық, бәрі құтқарылды. Ол адамның отбасына алаңдағанын жақсы түсінемін, – дейді ол.
Баспасөз қызметіндегі жұмыс тек ақпарат таратумен шектелмейді, ол халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың сеніміне ие болуды көздейтін жауапты қызметтің бірі. Сәуле Мұңатаева осы салада табанды еңбек етіп, төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттық саясатын ашықтық пен жауапкершілікке негіздей білді. Ол құтқарушылардың бейнесін қоғамға өз ісіне берілген, қиын сәтте бірінші болып көмекке келетін жанашыр жандар ретінде көрсетті.
Көп жағдайда өзі көзге түспей, бар назарды атқарылып жатқан істің маңыздылығына бұрып отырды. Даңқ пен дабыраны мақсат тұтпай, әрбір мәліметтің нақтылығы мен уақытылы жеткізілуіне басымдық берді.
Әріптестері Сәуле Әсетқызын тек баспасөз қызметінің жетекшісі ретінде емес, өз ісіне адал, кез келген жағдайға шын жүрегімен алаңдайтын, сабырлы әрі кәсіби тұлға ретінде ерекше құрметтейді.
С.Мұңатаеваның айтуынша, бұрынғыға қарағанда бұл салада жұмыс істеу қазір әлдеқайда күрделене түскен. Осыдан 13-14 жыл бұрын ахуал сәл жеңілдеу болған. Қазір халықтың басым бөлігі әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Журналистермен де тығыз қарым-қатынаста. Тәулік бойы қоңырау шалатындар өте көп. Бірі жолдың не себепті жабылғанын білгісі келеді, енді бірі басқа жағдайға қатысты нақты ақпарат іздейді. Осындай сәттерде әрбір мәліметті кезекші қызмет арқылы нақтылап алып, содан кейін ғана ресми түрде жариялайды.
Маусым айының соңында Сәуле Мұңатаева зейнетке шықты. Осы жылдар ішінде атқарған қажырлы еңбегі мен тынымсыз қызметі әріптестерінің жүрегінде терең із қалдырды. Ұжымы оны ақжарма тілектермен, шынайы құрметпен шығарып салып, жылдар бойғы адал еңбегі үшін алғыстарын білдірді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ