Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сүңгуірлер қызметінің қыр-сыры көп

Сүңгуірлер қызметінің қыр-сыры көп
Автор
Оқушы кезімізде жаз басталса болды ауылдағы кішігірім каналдан шықпайтынбыз. Күн арқан бойы көтеріле үйден шығып, кешке дейін шомылып, қас қарая бір-ақ қайтатынбыз. Біз қызығы сонда үлкендер артымыздан іздеп келіп, қадағалаусыз шомылғанымызға уайым қылып жүргені есімде жоқ. Себебі өзіміз де қауіпті екенін біліп каналдың терең жеріне шомылмауға тырысатынбыз.

Өкініштісі бүгінгі күні жағдай мүлде басқа. Әсіресе шомылу маусымы қызған шақта судағы қауіпсіздік басты мәселеге айналады. Қарапайым ережелерді ескермеудің, рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың, балаларды қараусыз қалдырудың, мас күйінде суға түсудің соңы орны толмас қайғыға әкеліп жатыр.

Осы орайда шомылу барысында қауіппен бетпе-бет келгенде немесе су айдындарында оқыс оқиғалар орын алғанда адам өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге барып жүрген сүңгуір-құтқарушылардың еңбегін қалай мадақтасақ та артық етпейді.

Жалпы сүңгуірлердің жұмысы көзге көп көрінбеуі мүмкін. Бірақ дәл осы мамандық иелерінің арқасында жыл сайын жүздеген адам құтқарылады.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шоқан Кенжеғұловтың негізгі мамандығы инженер-гидротехник болғанымен, бүгінде төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп жүр. Ол құтқарушы болуды армандамағанымен, табиғатынан көмек көрсетуге бейім азамат ретінде бұл жолға саналы түрде келген екен.

– Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болуға асығып тұратын қасиетім төтенше жағдайлар саласына алып келді. Университетті бітіргеннен кейін 2008 жылы сүңгуір-құтқарушы болу туралы ұсыныс айтылды. Алғашында таңғалғаным рас. Бірақ жұмысқа орналасқан соң бұл мамандықтың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Адамның өмірін құтқарып қалған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазір бұл қызметте жүргеніме он сегіз жылға жуықтады, – деді Шоқан Жұманәліұлы.

Өрт пен су – тілсіз жау. Жыл сайын елімізде суда қаза табатындардың саны 500-ге дейін жетеді. Ал суға кеткендерді құтқару және іздестіру жұмыстарында сүңгуір мамандарға артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Осы тұста бірнеше жыл бойы облыстық төтенше жағдайлар департаменті сүңгуірлік-іздестіру бөлімінің бас құтқарушысы қызметін абыроймен атқарған маман өз қызметінің қыр-сырымен бөлісіп, қауіп пен қатерге толы жұмысымен кеңірек таныстырып берді. Айтуынша, кәсіби дағдылардан бөлек, сүңгуір-құтқарушылар кез келген жағдайда сабырлылық, салқынқандылық таныта білуі керек. Күйзеліске төзімді болуы қажет. Сонымен қатар, олардың физикалық дайындығы жоғары деңгейде болуы міндетті.

Құтқарушылар суға түсер алдында ауыр жабдық киеді. Оның салмағы кейде жүз келіден асады. Тек белге тағылатын салмақ белбеуінің өзі шамамен 20 келі тартады. Сүңгуірлер кейде топпен, кейде жалғыз жұмыс істейді. Құрлықта арнайы маман жіп арқылы су астындағы құтқарушыны бағыттап отырады. Ал суға қаншалықты терең түскенін судың бетіне шыққан көпіршіктердің көлеміне қарап анықтайды. Егер көпіршіктер ұсақ болса, сүңгуір тереңде жүр дегенді білдіреді.

– Іздеу-құтқару жұмыстарына дайындық мұқият нұсқаулық беруден басталады. Себебі сүңгуірлер көбіне лай суда, қатты ағыс кезінде, түбінде кедергілері көп қауіпті жағдайда жұмыс істейді. Сүңгуір-құтқарушы тек заттарды іздеумен айналыспайды. Көп жағдайда ол адам өмірін құтқарып немесе өкінішке қарай, суға кеткендердің денесін іздеумен айналысады. Әрбір сүңгу – кітаптағы жаңа тарау секілді. Алда не күтіп тұрғанын ешқашан білмейсің.Тұрмыстық шақыртуларға бой үйреніп кеткен. Алайда қанша жылдан бері осы салада жүрсек те сүңгуірлік іздеу жұмыстары әлі күнге дейін психологиялық тұрғыдан ауыр. Себебі көп жағдайда тірі адамды емес, суға кеткен адамның денесін іздеуге бара жатқаныңды түсінесің. Өкінішке қарай, су астында тірі қалатындар өте сирек. Бір адамның мәйітін іздеп табу үшін жалғыз адамның шамасы жетпейді. Сондықтан команда болып жұмыс істейміз. Бір командада 4 сүңгуір болады. Бірі суға түсіп, адамды іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Ал екіншісі сүңгуірдің беліне байланған арқанды ұстап, онымен сол арқылы байланыста болып тұрады. Үшіншісі – жәрдемші сүңгуір. Ол су астына түскен құтқарушыға қандай да бір қауіп төнген жағдайда көмек беруге дайын тұрады. Ал төртіншісі – команда жетекшісі. Ол қай бағытта, қай жерлерді іздеу керек екенін айтып, әрі іздестіру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын қадағалап тұрады. Сонымен қатар бір сүңгуір су астында көп дегенде жарты сағат жүре алады. Өйткені біздің тыныс алуымыз үшін берілген оттегі толтырылған баллонның салмағы да әжептәуір ауыр болғандықтан шаршап қаламыз. Оның үстіне су астына түскеннен кейін сүңгуірдің көру деңгейі де төмендейді. Кейде лай суға түссеңіз, су астына шөгіп қалған бұтақтар немесе темірлерге ілініп қалуыңыз да мүмкін. Мұндайда арқан арқылы белгі беріп сөйлесеміз. Мысалы, арқанды бір тартып, бір сілкісек, ол қауіпке кездестім деген белгі. Жұмыс барысында талай оқиғаға куә боласың. Бірақ солардың ішіндегі ең ауыры, жүрекке салмақ салғаны – 2021 жылы Шу ауданы, «Тасөткел» суқоймасындағы қайғылы жағдай. Көктем мезгілі еді. Жас келіншектің денесін табу туралы хабарлама түскен бойда іздестіру-құтқару жұмыстарына бірден бірнеше маман жұмылдырылып, жолға шықтық. Осы тапсырма кезінде кәсіби әрі тәжірибелі сүңгуір-құтқарушылардың бірі, 20 жылдық тәжірибесі бар тісқаққан әріптесіміз Жұмағали Әбдірахманов та су астына кеткен бойы қайта оралмады. Бұл сәт барша бөлімше үшін үлкен күйзеліске толы кезең болды. Бір мезгілде екі адамды, қызды да, әріптесімізді де іздеуге тура келді. «Тасөткел» су оймасы үлкен әрі терең. Судың асты лай, ағыс қатты, көріну шектеулі, қай жерде суға кеткендері белгісіз. Осындай жағдайда іздеу жұмыстарының ауырлығы екі еселене түсті. Арнайы техника, құрал-жабдықтар, суасты байланыс жүйелері толық қолданылды. Бірақ нәтиже бірден болмады. Әріптес ағамызды 37 күн бойы үздіксіз іздедік. Күн сайын бірнеше рет сүңгіп, су түбін шарлап шықтық. Қиындықтарға қарамастан, жұмыс бір сәтке де тоқтаған жоқ. Ақыры қыздың да, әріптесіміздің де денелері табылып, туған-туыстарына табысталды. Аталған оқиға бәрімізге сүңгуір-құтқарушылардың жұмысы тек батылдықты емес, үлкен рухани төзімділікті талап ететінін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Адамдарды құтқару барысында біз қауіппен емес, жан ауыртатын сәттермен де бетпе-бет келеміз. Бірақ қандай жағдай болса да антқа адал, қызметке берілген мамандар ретінде өз міндетімізді соңына дейін абыроймен атқаруға тырысамыз, – деп еске алады маман.

Кейіпкеріміз біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып отырады. Нақтылап өтсек, 2021 жылы жаз мезгілінде Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласында өткен біліктілікті арттыру курсына қатысқан. Аталған іс-шараға Швейцария мен Ресейден арнайы инструкторлар келіп, қазақстандық сүңгуірлерге арналған оқу-жаттығу тренингтері мен шеберлік сабақтарын өткізген. Жаттығу барысында швейцариялық әдістемеге негізделген кәсіби дайындықтан өтіп, сертификат берілген. Курста түрлі аппараттармен жұмыс істеу, техникалық құрылғыларды су астында қолдану, дәнекерлеу сияқты күрделі операцияла үйретілген.

Сүңгуірлер суға кеткендерді іздестіру-құтқаруға ғана емес, басқа да құтқару жұмыстарына тартылады. Мәселен, 2013 жылы Талас ауданындағы Қаратау қаласы мен Майтөбе ауылында және Жуалы ауданында қатты дауыл мен боран салдарынан орын алған төтенше жағдай кезінде құтқарушылар апат аймағына жіберілген. Қатты желден үйлер мен нысандар зардап шеккен, электр бағаналары құлаған.

Сонымен қатар, 2019 жылы Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» ықшамауданында №62 үйде жарылыс орын алғанда да сүңгуір-құтқарушылар апат орнына жіберіліп, жедел әрекет етуге қатысқан.

Біраз жыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті сүңгуірлік-іздестіру бөлімінің бас құтқарушысы қызметін абыроймен атқарған құтқарушы бүгінде Талас ауданына қарасты Майтөбе ауылында ашылған жаңа құтқару постына жетекшілік етіп жүр. Құтқару посты Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынысы негізінде және облыс әкімдігінің қолдауымен құрылған.

– Жаңа бөлімшенің ашылуына 2024 жылы Билікөл көлінде 3 балықшының суға батып, қаза табуы негіз болды. Екі дос қыстың қытымыр аязында Билікөл көліне балық аулауға барған. Қатты боран тұрған сәтте көлдің ортасында жүргендіктен, жағаға шығып үлгермей, қайықтары аударылып кеткен. Бұл оқиға қаңтар айының онында орын алды. Сол екі азаматты біз екі ай бойы іздедік. Біреуінің денесін ақпан айында, екіншісін наурыз айында таптық. Мұздың қалың қатуы, күннің суықтығы іздестіру жұмыстарына үлкен қиындықтар туғызды. Соған қарамастан, ең бастысы – екеуінің де сүйегі табылып, туыстарына тапсырылды.

Осы қайғылы жағдайдан кейін бұл аймақта тұрақты құтқару постының қажеттігі айқын көрінді. Бұған қоса, өңірде дала өрттері мен жол-көлік апаттары жиі орын алады, – деген Шоқан Жұманәліұлы бүгінгі таңда сала мамандарына жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

Қазіргі кезде өзі жетекшілік етіп отырған Билікөл құтқару посты толыққанды жарақтандырылған. Заманауи сүңгуір кешендері, гидравликалық кескіш-созғыштар, өрт сөндіру жабдықтары және қорғаныс киімдері берілген. Он бес жыл бұрын кей құралдың жетіспеуі үйреншікті құбылыс болса, қазір мұндай олқылықтар толығымен жойылған.

Заман талабына сай дрон-радарлар да кеңінен қолданыла бастады. Көз жетпейтін тұстарды барлау, қыста мұз үстінде немесе шөлді аумақта адасқандарды анықтау кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттары айтарлықтай көмектеседі.

Сол секілді бөлімшеде сүңгуір бағыты бойынша 7-8 қызметкер кезекшілік атқарады. Өрт сөндіру қызметінен 10 адамнан құралған топ тәуліктік тәртіппен жұмыс істейді. Құтқарушылар тек судағы ғана емес, жол апаты, өрт сынды басқа да төтенше жағдайларға дайындықта отырады. Кезекшіліктер арнайы тізіммен реттеліп, жүйелі түрде ұйымдастырылады.

Бір айта кетерлігі құтқару бекеті ашылған уақыттан бері қайғылы оқиғалар тіркелмепті. Дегенмен, мамандар төтенше жағдайлардың алдын алу және кез келген уақытта көмек көрсету мақсатында тұрақты түрде дайындықта жұмыс істеуді жалғастыруда.

– Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін әрекет жасап келеміз. Балықшылармен де, мектеп оқушыларымен де жұмыс жүргіземіз. Судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, жалпы төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер туралы түсіндіреміз. Негізінде облысымызда сау тасқынынан келетін қатты қауіп жоқ. Бірақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында қар еруі мен су тасқыны кезеңінде жағдай күрделене түседі. Сол кезде біз секілді басқа облыстардан құтқарушылар көмекке жіберіледі. Біз барғанда ауыл тұрғындарын, олардың дүние-мүлкін, үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіруге көмектесеміз. Сонымен қатар, құм толы қаптар тасып, дамба орнатып, судың елді мекендерге жетіп кетпеуінің алдын аламыз. Қорыта айтарым, құтқарушы – қай заманда да маңызын жоғалтпайтын мамандық десек, осы сала өкілдері үшін ең басты құндылық – адам өмірі, – деген Шоқан Жұманәліұлы соңғы жылдары сала мамандарының еңбегі лайықты бағаланып жатқанын атап өтті. Журналистердің еңбегінің арқасында құтқарушы мамандығына деген көзқарас өзгеріп, жанкешті мамандық иелерінің еңбегін халық бағалай бастағанына кейіпкеріміз шын жүректен қуанышты екенін жеткізді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар