Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдық кеңес – қоғамның сенімі

Қоғамдық кеңес – қоғамның сенімі
Автор
2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданды. Сол уақыттан бастап қоғамды бақылаушы жаңа саяси институт пайда болды десек болады.

Қоғамдық кеңестерді құру өзекті еді. Себебі қоғам мен мемлекет арасындағы реттелмеген мәселелер саны артты, ал халықтың билікке деген сенім капиталы азая түсті. Бұл әлемдік экономикалық дағдарыспен тікелей байланысты болатын.

Осы Қоғамдық кеңестер арқылы Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады.

Қоғамның ішінде жүріп, қарапайым халықпен тығыз қатынас орната білген қоғам қайраткерлерін билікпен диалог жүргізетін, өз идеяларын ұсынып, өздері тұратын аймақтың (қала мен ауыл, аудан) дамуына үлес қоса алатындай деңгейде болуы маңызды. Міне, сол мақсатты іске асыру үшін қоғамдық кеңестер құрылды.

Қазіргі таңда Қоғамдық кеңестер – республикалық және жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеріп, ел ішіндегі проблемаларды қозғап, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін Ұлт жоспарына қажетті маңызды институт.

Қоғамдық кеңестер ел өміріндегі түрлі мәселелерді шешуде басты рөл атқарып келеді. Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысының нәтижесінде қазіргі уақытта халықтың билікке деген сенімі арта түсті.

Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық бастамамен қызмет атқарады, Республикалық және жергілікті деңгейде маңызды мәселелерді қозғап, қоғамда өз орны бар шешімдер қабылдап отырады. Ел ішіндегі әлемуеттік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тіклей билік өкілдеріне жеткізуші механизмнің рөлін атқарды.

Ендігі кезекте мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі – Қоғамдық кеңестің ауқымын кеңейтіп, қоғамдағы рөлін нығайту. Өйткені қоғамның қозғаушы күші саналатын кеңес мүшелері халықтың талап-тілегін құзырлы орынға жеткізіп, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Елімізде азаматтық қоғамды дамытып, олардың әлеуетін пайдалану маңызды болып отыр.

Әлемнің барлық елдері түрлі қоғамдық бақылау институттарын өмірге әкеліп жатады. Себебі олар бюджетті тиімді игеру, жемқорлықпен күрес, қала өмірін дамытудағы жаңа идеялардың негізі болып табылады. Мысалы Қытай Халық республикасы мен Араб елдері қоғамдық бақылауларды ауылдық аймақтан бастауды жөн көреді. Ауылдық жерлерде ауылға сыйлы әрі халық қолдайтын азаматтардан арнайы бақылаушы органдар құрған. Ал Шығыс Азия елдерінде қоғамдық бақылау институттары көбіне халықтың ойын тыңдап, сұрау салып, сол арқылы бақылау институты қызметін атқарады.

Қазақстан да осы елдердің ойы мен тәжірибесін ескере отырып, Қоғамдық кеңестерді құруды жөн көрді.

Ел дамуына қажетті реформалар үшін Парламенттің бесінші шақырылымы Ұлт жоспарына қажетті алпысқа жуық заңнамалық құжат қабылдаған болса, солардың бірі жоғарыда айтқандай «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң.

Ұлт жоспарында көрсетілген 99-қадам билік пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Осыған сай қазір елдің әр қиырында Қоғамдық кеңестер жасақталған.

Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Ол үшін арнайы қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады.

Өткенге қарап өсетін, бүгінге қарап бой түзейтін жастар да Қоғамдық кеңеске мүше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатыда: «Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Бұл ретте, Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн. Сонымен қатар Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс» деп атап көрсеткен болатын.

Сонымен қатар, ел Президенті 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында да жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, соның ішінде қоғамдық кеңестердің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажеттігін міндеттеген болатын.

Қазіргі уақытта еліміздің респуликалық және жергілікті деңгейлерде 300-ге жуық Қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асырады.

Бұл кеңестер 2016 жылдан бастап жұмыс істейді және оларды билік қадағалаушы органға айнала алатын және мемлекеттік органдармен ашық жұмыс істеуге мүмкіндік беретін институт ретінде ұсынды.

Яғни, орталықтағы атқарушы билік пен жергілікті әкімшіліктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер мемлекеттің ісіне ықпал ете алатын институттарға айналдыруға бағытталған және мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы органға айналған.

Облысымызда да Қоғамдық кеңес қызметі бүгінде азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында облысымыздың алымды аяқ алысы, актуальды проблемасы назарда тұр.

«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес «Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 11 наурыздағы №20-ө өкімімен Қоғамдық кеңестің төртінші құрамына 31 мүше сайланған. Өкілеттік мерзімі 3 жылды құрайды.

Кеңестің жаңа құрамы қоғам қайраткерлерінен, белгілі кәсіпкерлерден және азаматтық қоғам өкілдерінен құрылған. Облыстық кеңеске Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенәлі Бықыбаев төрағалық етеді.

Облыстық Қоғамдық кеңестің қызмет бағыттары бойынша 4 комиссия құрылған:

1. Экономика, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, инфрақұрылым, цифрландыру жөніндегі комиссия, комиссия төрағасы Р.Рахманбердиев;

2. Ауылшаруашылығы, жер қатынастары және табиғи ресурстар жөніндегі комиссия, комиссия төрағасы А.Карентаев;

3. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар саясаты, қоғамдық даму және жұмыспен қамту жөніндегі комиссия, комиссия төрағасы С.Құрманбекова;

4. Экологиялық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия, комиссия төрағасы Ж.Омаров;

«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 16-бабына сәйкес Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырады. Қоғамдық бақылау объектісі болып табылатын жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметіне қоғамдық бақылау қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектісі жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүзеге асырылады.

Облыстық Қоғамдық кеңестің төртінші құрамының қызметі 2025 жылдың 4 сәуірінен басталуына байланысты есепті кезеңде жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бақылау қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг, есептік тыңдау нысандарында жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының құқықтық актілер туралы» Заңына сәйкес кеңес мүшелері азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысты.

Есепті кезеңде отырыстарда облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, білім, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және денешынықтыру және спорт басқармалары әзірлеген барлығы 31 нормативтік-құқықтық актінің жобалары талқыланып, шешімдер қабылданды.

Сондай-ақ, кеңес отырысында білім басқармасы әзірлеген «2025-2026 оқу жылына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы», «Жамбыл облысында 2025 жылға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын және ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» Жамбыл облысы әкімдігінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы №11 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Жамбыл облысы әкімдігінің қаулы жобалары талқыланып, аталған нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы басқармаға 8 ұсыным жолданды.

Кеңес мүшелері Сұлушаш Құрманбекова, Сейдахмет Сейітбеков Қазақстан Респуликасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының нысаналы индикаторларына сәйкес колледжді аяқтағаннан кейін бірінші жылы жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі 2024 жылы 72 пайызды, ал 2025 жылы 74 пайызды құрайтынын негізге алып, облыс бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерді аяқтаған түлектердің 31 пайызы ғана жұмыспен қамтылуы еңбек нарығында аталған кадрларға сұраныс төмен екенін көрсететінін атап айтты.

Осыған байланысты, білім басқармасы ұсынған қаулы жобасында бірқатар мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемінің мамандарға қажеттілік болмауы ескерілмей негізсіз ұлғайтылғаны дәлелденді. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің қатысуымен өткізілген комиссия отырысында Тұжырымдамаға сәйкес жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен қамту индикаторы көзделгені атап көрсетіліп, ұсынылған қаулы жобасына 6 ұсыным берілді.

Нәтижесінде жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қоса кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрлар даярлауды кеңейту мақсатында Қоғамдық кеңестің ұсынымдары негізінде кадрлар даярлауға бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 936 орынға азайтылды.

Сонымен қатар, облыстық Қоғамдық кеңес отырыстарында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары басшыларының аталған мемлекеттік органдарда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы жұмыс нәтижелерінің есептері тыңдалды.

Есепті кезеңде жұмыс жоспары бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауылшаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту басқармаларына қоғамдық мониторинг жүргізіліп, тиісті ақпарат әзірленді.

Ауылшаруашылығы, жер қатынастары және табиғи ресурстар жөніндегі комиссиясының төрағасы Амангелді Карентавтің жетекшілігімен сәуір-мамыр айларында 10 ауданда жүргізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы кеңес отырысында қаралып, 11 ұсыным ауылшаруашылығы басқармасына жіберілген.

Атап айтқанда, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сәйкес облыс бойынша агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік қолдаудың жыл сайынғы қажетті көлемін қамтамасыз ету, ағын су тапшылығын жою үшін су көздерін көбейтіп, инфрақұрылымды жетілдіру, ауылшаруашылығы техникаларына қолжетімділікті арттыру, тұқым шаруашылығына қажетті агротехникалық шараларды қолдану, субсидия беру рәсімдерін ашық, әділ және жедел ету, бизнесті дамытуға субсидия алу тәртібін көздейтін нормативтік-құқықтық актілерге, басқарманың ішкі құжаттарына өзгертулермен толықтырулар енгізу туралы ұсынымдар берілді. Ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын қарау бойынша уәжді жауаптар беріліпті.

Жоспар бойынша маусым-шілде айларында кеңес төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаевтың жетекшілігімен мәдениет және тілдерді дамыту салалары бойынша Тараз қаласы және 10 ауданда қоғамдық мониторинг жүргізілуде.

Мониторинг барысында өткізілген қоғамдық қабылдауда Тараз қаласы және 10 аудан бойынша 35 тұрғыннан өтініш түскен. Өтініштердің басым бөлігі мәдениет саласы қызметкерлерінен, атап айтқанда мәдениет үйлеріне арналған ғимараттардың болмауы, ауылдық клубтардың және кітапханалардың материалдық базасының төмендігі, жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, техникалық қызметкерлеріне еңбек демалысы кезінде сауықтыру ақысының және ауылдық клуб меңгерушілері мен басқа қызметкерлерге де ауылдық квотамен үстемақының төленбеуі, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында маман тапшылығы туралы өтініштері қазіргі кезде қаралу үстінде.

Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес мемлекеттік органның немесе өңірдің тиісті қызмет саласының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың 4 жолданымы (Сарысу ауданы бойынша Жер кодексі талаптарына сай жер беру нормаларының сақталмауы туралы, Үлгілі ауылдық округ әкімінің ономастика комиссиясының қорытындысы туралы, «Су -Жер» ЖШС директоры А.Оразалиевтің өтініші, Шөлдала алқабының тұрғыны Б.Балтабасованың ток өлшеуіш құралын орнату туралы) қаралып, тиісті мекемелердің жауаптары берілген.

Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық экобақылау» республикалық акциясын Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру мақсатында жүргізілген іс-шараларға кеңес мүшелері белсене қатысты.

Акция аясында туристік және тарихи-мәдени объектілерінің аумақтарына мониторинг, абаттандыру мәселелеріне, оның ішінде стихиялық қоқыс орындары, жасыл желектерді суару, оларға күтім жасауды қоғамдық бақылау, жер қойнауын пайдалану ісіне мониторинг жүргізіліп, кеңес мүшелері Рахметілдә Рахманбердиев, Сейдахмет Сейітбеков, Архабек Төлебаев, Пернебек Оспанов, Есембек Ошақбаев, Амантай Досмаханбетұлы, Әлімбек Жұмабаев, Ринат Ақәділ Тараз қаласы және аудандарда жасыл желектерді күту, суару, экологиялық талаптардың сақталуы, қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, қалалық және аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен зерделеді.

Қоғамдық кеңестің қызметін ақпараттық сүйемелдеу «Facebook» әлеуметтік желісіндегі Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі парақшасы, Kazkenes.kz сайты, облыстық «Jambyl» телеарнасы және өзге де бұқаралық ақпарат құралары арқылы жүзеге асырылып келеді. Есептік кезеңде «Jambyl» телеарнасы арқылы 14 сюжет көрсетіліп, Kazkenes.kz сайтында 27 жазба, әлеуметтік желіде 102 жазба, облыстық баспасөз құралдарында 15 мақала жарияланған.

Облыстық Қоғамдық кеңеспен қатар, Тараз қаласы және барлық аудандар да құрылған Қоғамдық кеңестер де ел игілігі, қала және аудандардың дамуы, өзекті мәселелердің шешілуі жолында белсенді жұмыс істеуде.

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Атқарушы билік пен қоғамның ынтымағы тонның ішкі бауындай беки түсуде.

Осы ретте, Қоғамдық кеңестер ел өміріндегі түрлі мәселелерді шешуде басты рөлді ойнап келеді. Экологиялық мәселелер, аулалар мен ойын алаңқайларын, көшелерді жөндеу, елді мекендерге және көшелерге жаңа атаулар беру, әлеуметтік, коммуналдық, ауылшарушылық және өзге де салалар бойынша туындаған мәселелерді көтеру, табиғатқа нұқсан келтірмеу, түрлі мемлекеттік нысандарды тексеру (мемлекеттік мекемелер, жоғарғы оқу орындары мен мектептер, медициналық орталықтар, т.б), және тағы да басқа мәселелер бойынша дауыс беру, қоғамдық тыңдалымдар өткізуді іске асырып келеді.

Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысының нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі арта түсті. Ал қоғамның үні мен оның ішіндегі халық өкілдерінің тиімді ұсыныстары билікке жетуде. Екі тарапқа да тиімді жол.

Бір сөзбен айтқанда, Қоғамдық кеңес – қоғамның сенімі, билік пен халық арасындағы байланыстырушы диалогтық алаң, алтын көпір.

Қоғамда Қоғамдық кеңестерді мәслихаттың көшірмесі деп санайтындар да бар. Негізінде олай емес.

Мәслихаттар – бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдары, яғни олардың шешімдері заңды күшке ие. Қоғамдық кеңестер консультативтік-кеңесші органдар болғанымен, олардың шешімдері ұсынымдық сипатта болады.  Функциялар қайталанғанмен, бірін-бірі толықтырып отырады. Қоғамдық кеңестер іс жүзінде мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауының және қазіргі кезде квазимемлекеттік сектордың шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің қосымша құралы болып табылады. Қоғамдық кеңестің негізгі қызметі – қоғамның ең өзекті мәселелерін көтеру. Осыған байланысты қоғамдық кеңестер қоғамдық негізде жұмыс істейді және мәслихат қызметіне көмектесетін болады.

Еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осыған орай, қоғамдық кеңестердің де белсенділігі артып, ел дамуына қосар үлесі де артып келеді. Олай болса, Қоғамдық кеңес институтының да дамуы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады.

«Халық» деген сөз Жаратушының 99 көркем атының бірі десек, дана халқымызда «Халықтан үлкен емессің» деген қанатты сөз бар. Біз бірге, яғни халық және билік бірігіп, ақылдасып, түйткілді мәселелерді шешуде парасаттылық танытып отырсақ, Мемлекет басшысы айтқан Әділетті қоғам құратынымыз ақиқат.

Асан ТІЛЕМІСОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар