Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тарихи орында зерттеу жұмыстары қайта басталды

Тарихи орында зерттеу жұмыстары қайта басталды
Автор
Қаратау жотасының етегінде орналасқан Бүйрекбастау-Бұлақ палеолиттік тұрағында қазақ-жапон бірлескен археологиялық экспедициясы өз жұмысын қайта бастады. Ежелгі дәуір естеліктерін сезінуге мүмкіндік беретін бұл мекен Жамбыл және Талас аудандарының шекарасында орналасқан.

Ауқымды экспедиция Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Жапонияның Нара ғылыми-зерттеу институтының ғылыми ынтымақтастығы аясында іске асырылып жатыр. Экспедицияның басты мақсаты – алғашқы және орта палеолит дәуіріне жататын мәдени қабаттарды зерттеп, сол кезеңдегі адамның тіршілік ортасы мен еңбек құралдарын ғылыми тұрғыда зерделеу.

Жобаны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов пен Нара ғылыми-зерттеу институтының профессоры, PhD докторы Садакатсу Кунитаке басқарады. Экспедиция құрамында PhD доктор Ейки Суга, Васэда университетінің студенті Милена Сугияма және Нью-Йорк университетінің аспиранты Мирас Есмұратұлы бар.

Қазба жұмыстары 10 шаршы метр аумақта 2 метр 10 сантиметр тереңдікке дейін қазылып, ошақ орны анықталды. Қазба орнынан 16 мың жыл бұрынғы тас дәуірі адамы қолданған құралдар табылып отыр. Құралдардың күл қалдықтарын арнайы зерттеу үшін Жапонияға жөнелтіледі.

Қаратау жотасы – қазақ археологиясының алтын діңгегіне айналған аймақ. Мұнда орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты, Қызыләуіт пен Бүйрекбастау сияқты тұрақтар – адамзат тарихының 1 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі кезеңін қамтитын археологиялық кешендер. Бұл тұрақтардан табылған қырғыштар, тілікшелер мен шапқылар, және тағы да басқа табылған қалдықтар алғашқы адамдардың аңшылықпен айналысып, табиғатпен етене өмір сүргенін дәлелдейді.

Сонымен қатар, Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағынан бірінші рет тас құралдары 2017 жылы табылған болатын. Ал 2018 жылғы іздестіру барысында алынған қалдықтар Жапониядағы «Нара» ғылыми-зерттеу институтында зерттеліп, олардың шамамен 16 мың жыл бұрын қолданылғаны анықталды. Араға бірнеше жыл салып, биыл сол тарихи орында зерттеу жұмыстары қайта жандануда.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар