Бос жұмыс орындарының саны бойынша білім беру саласы көш бастап тұр – 41,1 мың (31 пайыз), одан кейін әртүрлі қызмет көрсету түрлері – 17,5 мың (13 пайыз) және денсаулық сақтау мен халықты әлеуметтік қорғау саласы – 11,7 мың (9 пайыз). Бұл салалар жиынтық түрде барлық бос орындардың шамамен жартысын құрап, әлеуметтік сектордың жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудегі маңызды рөлін айқындайды.
Қазан айында жұмыс берушілер көбіне орта деңгейлі біліктілікке ие мамандарды іздеді – 64,4 мың бос орын. Бұдан сәл аз – жоғары білікті (34,7 мың) және біліктілігі жоқ (32,9 мың) мамандарға арналған орындар болды. Ізденушілер жағынан да осындай үрдіс байқалған. Орта біліктілік деңгейіндегі 47,7 мың, жоғары біліктіліктегі 40,6 мың және төмен біліктіліктегі 25,8 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс құрылымының теңескенін және біліктілік деңгейлері бойынша айқын теңсіздіктің жоқ екенін көрсетеді.
Қазан айында сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс деңгейінің өңірлер бойынша сәйкестігі байқалған. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігі біркелкі бөлініп, бұл еңбек нарығының өңірлік құрылымының тұрақтанғанын көрсетеді. Ең көп бос жұмыс орындары Түркістан облысында (12 мың), Астана қаласында (11,4 мың) және Жамбыл облысында (8,8 мың) жарияланған. Ал түйіндемелер саны бойынша көшбасшылар қатарында Түркістан облысы (13,4 мың), Астана қаласы (9,1 мың) және Қызылорда облысы (8,3 мың) тұр.
Жас құрылымы тұрғысынан барлық түйіндемелердің жартысына жуығы (51,4 мың немесе 45 пайыз) 34 жасқа дейінгі азаматтар тарапынан орналастырылған. 35-44 жас аралығындағы ізденушілер 26 пайыз (29,2 мың), 45-54 жас аралығындағы топ 19 пайыз (21,8 мың), ал 55 жастан асқандар 10 пайыз (11,7 мың) үлесті құрады. Әйелдер дәстүрлі түрде белсендірек болып қала береді. Олардың үлесіне барлық түйіндемелердің 52 пайызы тиесілі.
Қазан айында ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында тәрбиешілер (1,8 мың бос орын), бухгалтерлер (1,1 мың) және математика пәнінің мұғалімдері (1 мың) басым болды. Орта деңгейлі мамандар арасында қазандық операторлары (6,9 мың), егін өсірушілер (2,2 мың) және медбикелер (1,9 мың) ерекше сұранысқа ие. Ізденушілер жағынан да ұқсас құрылым байқалды. Жоғары білікті мамандар арасында ең жиі орналастырылған түйіндемелер бухгалтер (2,2 мың), заңгер (1,6 мың) және тәрбиеші (1,6 мың) мамандықтарына тиесілі. Орта біліктілік деңгейіндегі мамандардың ішінде қазандық операторлары (3,7 мың), медбикелер (1,9 мың) және автокөлік жүргізушілері (1,6 мың) бойынша түйіндемелер жиі кездескен.
Жалпы алғанда қазан айында еңбек нарығы тұрақтылығын көрсетті. Сұраныс пен ұсыныс өңірлер және біліктілік деңгейлері бойынша біркелкі бөлінді. Әлеуметтік бағыттағы салалар (білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету) жұмыспен қамту құрылымында негізгі рөлін сақтап отыр. Көрсеткіштердің шамалы ауытқуы еңбек нарығының жазғы маусымнан кейін тұрақтанғанын және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдіктің қалыптасқанын білдіреді.
«AR-AI»-ақпарат




