
Кейбіреулер үшін мұндай ойыншық аппараттарының тым көбейіп бара жатқаны даурығып, дабыл қағатындай мәселе болмауы да мүмкін. Алайда мамандар мұндай автоматтардың бала психологиясына едәуір зиян тигізетінін, тіпті болашақта лудомания (құмар ойындарға тәуелділік) секілді қауіпті әдеттерге итермелеуі мүмкін екенін айтып, алаудаңшылықтарын білдіріруде.
– Бұл аппараттардың жұмыс істеу жүйесі – кездейсоқтыққа негізделген. Әр тиын салған сайын бала «Мүмкін, дәл осы жолы ұтамын» деген үмітпен әрекет етеді. Бірақ нәтиже ешқашан нақты кепілдендірілмейді. Мұндай жүйе – ересектерге арналған ойын автоматтары мен казинолардағы «азарттың» дәл өзі. Ең қауіптісі – құмарлықтың баланың санасына ойын түрінде енуі. Себебі балаларда өзін-өзі бақылау мен әрекеттің салдарын бағалау қабілеті толық дамымаған. Олар оңай елігеді. Ұтқан кездегі қуаныш пен ұтылған кездегі реніш – миында дофамин секілді қуаныш гормондарының бөлінуін тудырып, сол сезімді қайта-қайта бастан кешуге деген құмарлықты қалыптастырады. Бұл – тәуелділіктің алғашқы белгілері, – деген психолог Сабира Керімбаева құмар ойындарға тәуелділік дәл осындай ойыншық автоматтарынан басталатынын айтады.
Бала ұтысқа қол жеткізген сәттегі қуаныш пен ұтылған кездегі үмітсіздікті қатар бастан өткеріп, бұл эмоционалды тербелістерге үйрене бастайды. Уақыт өте келе бұл әсерлерді шынайы өмірден іздеуге тырысады. Осылайша тәуелділіктің іргетасы қаланады. Кейінгі уақытта мамандар ғана емес, ата-аналар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен ойыншық автоматтарының қауіптілігін түсініп, әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде мәселе етіп көтере бастады.
– Төртінші сыныпта оқитын ұлым күнде ақша сұрайтын болды. «Тәтті алуға, сусын ішуге» деген соң бастапқыда мән бермедім. Бірақ кейін ағасының, одан соң әкесінің қалтасынан ақша жоғала бастады. Ана жүрегі сезгіш қой. Бір күні ұлыма сұраған ақшасын беріп, артынан аңдыдым. Асығыс-үсігіс жүгіріп кеткен ұлым үйдің жанындағы шағын дүкеннің алдында топталып тұрған балалардың қатарына қосылды. Бәрі ойыншық беретін аппаратты қаумалап, қоршап алған. Әр тиын салған сайын ұмтыла үңіліп, «осы жолы шығар ма екен?» дегендей құмарлана қарап тұр. Сөйтсем ойыншық автоматына ақша салып жүр екен. «Азартқа» берілгені сонша, тіпті үйдегілердің ақшасын ұрлауға дейін барғаны шошытты. Қолынан жетектеп үйге келгенше ұрыстым. Әлі күнге дейін жүрегім тыншымай, алаңдай беремін. Мұндай бизнес түріне заңмен тоқтау салынса деймін, – дейді баласының болашағына алаңдаған қала тұрғыны Нұрила Әмірбекқызы.
Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарамай, бұл ойын түрлеріне мемлекет тарапынан тоқтам болар деп үміттенеміз. Алайда алаңдаған ана көңілдеріне сеп болар деген үмітпен психолог мамандардың кеңесін ұсынғанды да жөн көрдік.
Ең біріншіден ата-аналар баласының қай жерде және қаншалықты жиі ойнайтынын бақылауда ұстауы керек. Сонымен қатар, ұтыс пен сәттіліктің кездейсоқ екенін, оған сеніп қалудың қауіпті салдары болатынын балаға түсінікті тілмен ұғындыру қажет. Нақты нәтиже беретін, пайдалы әрі шығармашылық қабілетін дамытатын балама ойын түрлерін ұсынған жөн. Ең бастысы – ересектердің өздері де лотерея, ойын автоматтары сияқты құмарлық тудыратын дүниелерге әуестенбеуі тиіс. Өйткені бала ересектердің әрекетін қайталауға бейім келеді.
Бала психикасы – өте нәзік. Оның болашағына жол сілтейтін – дәл осы шақтағы тәрбиесі. Кездейсоқтыққа негізделген ойындар баланың бойына тәуелділіктің дәнін себуі мүмкін екенін естен шығармайық.
Сымбат ҚУАНЫШ