Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Aleem» қосымшасы «Duolingo»-ны басып озды

«Aleem» қосымшасы «Duolingo»-ны басып озды
Автор
Қазақстандық жас IT-мамандар жасап шығарған «Aleem» қосымшасы бір тәуліктің ішінде-ақ әлемге әйгілі «Duolingo»-ны шаң қаптырып, «App Store» тізімінде Қазақстан бойынша көш бастады. «Білім» санатында үздік атанған «Aleem» Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан мен Тәжікстанда да бірінші орынға, ал ТМД елдерінің бірқатарында үздік ондыққа енді. Мұндай нәтиже – тек сәтті маркетинг емес, инновациялық тәсіл мен нақты идеяның жеңісі.

«Aleem»-ді қолданушы күнделікті өмірде расымен қажет болатын сөздер мен тіркестерді үйренеді, өзі қызығатын тақырыптарда жазып, сөйлеп, тәжірибе жинақтайды. Қосымша тілді оқытудың барлық негізгі элементтерін – сөйлеу, жазу, сөздік қор және грамматиканы бір экожүйеде біріктіріп, әр пайдаланушыға жеке оқу жоспарын қалыптастырады.

Қосымшада оқу үдерісін жеңілдетіп, нәтижелі етуге бағытталған құралдар жинақталған. Жазу тәжірибесі мен жасанды интеллект ұсынатын нақты кері байланыс, флэш-карталар және өмірлік жағдаяттарға негізделген интерактивті жаттығулар, барлық тілдік дағдылар бойынша прогресті бақылау жүйесі, қолданушының қызығушылығы мен деңгейіне сай жеке оқу моделі осы жүйеде топтастырылған. Бұл қосымша – ағылшын тілінде еркін сөйлеуді армандаған мыңдаған қазақстандықтың сенімді серігі, яғни қалтаңыздағы цифрлық ұстаз.

Жобаның негізін қалаушы және бас директоры Алидар Күчуков бұл бастаманың мақсатын: «Адамның күн сайын телефонда өткізетін уақыты оқу, видео көру, сөйлесу секілді білім алудың табиғи бөлігіне айналуы керек. Бұл дербестендірудің жаңа деңгейін ашады. «Aleem» дәстүрлі оқытудың шеңберінен шығып, тіл үйренуді заманауи адамның күнделікті цифрлық дағдысына айналдыруды көздейді», – деп сипаттайды.

«Aleem»-нің табысы қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өнім жасай алатынын дәлелдеді. Енді бұл қосымша – тек тілді үйрететін құрал емес, қазақстандық технологияның жаңа брендіне айналуы әбден мүмкін. Әлемде мойындалған бұл қосымша қазақ жастарының жаңа буынының амбициясы мен сенімінің көрінісі іспеттес. Жобаның артында тұрған команданың тәжірибесі әртүрлі болғанымен, олар мақсаты ортақ талантты мамандар. Қазақстан атын шартарапқа танытқан жетістіктің артында платформаның негізін қалаушы, маркетинг пен бренд дамуына жауапты Асылжан Алтай, қосымшаның техникалық шешімдерінің авторы Темірлан Аманжанов, контент пен пайдаланушы тәжірибесінің сапасын қадағалаушы Ален Алтай, процестер мен команданың үйлесімділігін қамтамасыз етуге жауапты Бердібек Сапарбеков, инженер, «Aleem» жүйесінің архитектурасын жетілдіруге атсалысқан Темірлан Темірбаев, дизайнерлер, интерфейстің қарапайым әрі заманауи стилін қалыптастырған Айя Жұмағалиева мен Амаль Садекова секілді жас өнертапқыштардың тынымсыз еңбегі жатыр.

«Aleem» жобасын әзірлеу идеясы осы жылдың көктемінде басталған. Сол жылы жазда команда алғашқы MVP-нұсқасын (минималды жұмыс үлгісін) іске қосып, қолданушылардан алғашқы кері байланыс алған. Ал күзге қарай жоба толыққанды даму кезеңіне өтіп, команда өз уақытын да, күшін де толықтай «Aleem»-ге арнады. Ең қызығы, қосымша едәуір шектеулі бюджетпен, энтузиазм мен бірнеше құралға жазылу есебінен жасалған. Дегенмен дәл осы ықылас пен табандылық жобаны табысқа жеткізді. Қазір «Aleem» АҚШ-тағы «AlchemistX» акселераторында дамуда. Бұл әлемдік деңгейдегі стартаптарды қолдайтын және олардың жаһандық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін беделді бағдарлама.

Бүгінде «Aleem» қосымшасы барша қолданушыға толықтай тегін қолжетімді. Алайда жоба авторлары бұл бастаманы тек бизнес ретінде емес, қоғамдық маңызы бар миссия ретінде қарастырады. Басты мақсат – қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеру және білімге тең мүмкіндік беру.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар