
Қазір заман өзгерді. Ақпараттың негізгі көзі интернетке ауысты. Бірақ соған қарамастан, бұл басылымдар да заман ағымына сай жаңғырып, жұмысын жалғастырып келеді.
Бүгінгі таңда балалар басылымдарында жеткіншектердің жас ерекшелігіне сай ертегілер, тақпақтар, күлкілі комикстер, түрлі тапсырмалар мен ойындар, сурет салуға арналған беттер және білім мен тәрбиеге байланысты өзбек, орыс, ағылшын тілінде жазылған мақалалар беріледі.
Интернет, смартфон, жасанды интеллект өмірімізге мықтап енгеніне қарамастан, балалар мен жасөспірімдерге арналған дәстүрлі басылымдарға деген қызығушылық әлі де бар.
«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлының айтуынша, сүйікті балалар басылымының тарихы 1992 жылдан басталған.
– 1992 жылы елімізде жаңа газет жарыққа шықты. Газеттің алғашқы атауы «Заман Қазақстан» болды. Бұл басылым Қазақстанның ақпарат кеңістігіне жаңа леп алып келді. Газеттің алғашқы бас редакторы – белгілі жазушы, драматург әрі қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов. Кейін газет атауы «Қазақстан Заман» болып өзгертілді және ол тұрақты түрде шыға бастады. Уақыт өте келе бұл басылым «Қазақстан дәуірі» деген атпен оқырмандарына жол тарта бастады. Газеттің он жылдығы қарсаңында, яғни, 2002 жылы балаларға арналған арнайы журнал ашу туралы шешім қабылданды. Осылайша «Мөлдір бұлақ» атты балаларға арналған жаңа журнал дүниеге келді. Бұл атау Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» атты тәрбиелік мәні терең шағын мысал әңгімесіне негізделіп қойылды. Сол шығармада үш жолаушының бұлақ суына қарап айтқан ойлары арқылы ғылым мен білімнің, тазалық пен адалдықтың маңызы суреттеледі. Журнал да дәл осындай рухани әрі тәрбиелік бастауды мақсат тұтты. Осылайша «Мөлдір бұлақ» журналы 23 жылдан бері оқырмандарын қуантып келеді. Осы аралықта көптеген газет-журнал түрлі себептермен жабылып қалса да «Қазақстан дәуірі» газеті 33 жылдан бері, ал «Мөлдір бұлақ» журналы 23 жылдан бері үздіксіз жарық көріп келеді, – дейді Д.Байтұрсынұлы.
Балалар журналы – баланың рухани азығы. Жас өрендерге арналған басылымдар оқушыны біліммен қаруландырып қана қоймай, оны мәдениетті, тәрбиелі, ойшыл азамат етіп қалыптастыруға жол ашады. Сондықтан балалардың бос уақытының бір бөлігін осындай пайдалы басылымдарға арнау, олардың болашағына зор пайдасын тигізеді.
– Жас ұрпақты тәрбиелеуге, білім мен рухани құндылықтарға баулуға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының негізгі миссиясы – жасөспірімдерді ғылым мен өнерге, әдебиет пен мәдениетке қызықтыру, тіл үйренуге бағыттау. Басылымның ерекшелігі – 4 бет орыс тілінде, соңғы беті ағылшын тілінде жарияланады, алдағы уақытта өзбек тілінде беттер қосу жоспарлануда. Бұл жаңалық балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, олардың дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді. Сол себепті «Қанша тіл білсең – сонша адамсың» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Журналдың беттерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған өлеңдер, әңгімелер, ертегілер, танымдық мақалалар мен логикалық тапсырмалар жарияланады. Сонымен қатар жас оқырмандар өз шығармаларын, суреттерін жіберіп, журнал бетінде жариялау мүмкіндігіне ие. Бұл олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және өзін еркін көрсетуге жол ашады. Балалар журналдарын тиімді пайдалану үшін ата-аналар мен ұстаздардың қолдауы қажет. Үйде ата-ана баласымен бірге журнал оқып, ішіндегі тапсырмаларды бірге орындаса, бұл баланың өзіне деген сенімін арттырады және отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайтады. Ал мектепте мұғалімдер журналдағы материалдарды қосымша оқу құралы ретінде пайдалана алады. Мысалы, өлеңді жаттау, суретті талдау, тапсырманы орындау арқылы сабақтың мазмұны қызықты әрі тартымды болады, – дейді Д.Байтұрсынұлы.
Бас редактордың айтуынша, балалар журналдарын оқу арқылы балада кітапқа, оқуға деген қызығушылық оянады.
– «Мөлдір бұлақ» журналы – мен үшін білім мен шабыттың қайнар көзі. Әр санын асыға күтемін. Себебі мұнда ертегі мен өлең, ойын мен тапсырма ғана емес, мені ойландыратын, жаңа белестерге жетелейтін мақалалар көп. Маған әсіресе ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр туралы материалдар ұнайды. Журналдың «Жас зиялылар» айдарынан өз қатарластарымның жетістігін оқып, өзіме мотивация аламын, – дейді журналдың тұрақты оқырманы Асылан Байпақ.
Балалар журналдары жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі, білімді болып өсуіне бағыт беретін рухани бұлақ. Осындай құнды басылымдарды оқи отырып, жас жеткіншектер білімін тереңдетіп, жандүниелерін рухани байыта алады.
Сымбат ҚУАНЫШ