
Бұл бұрын. Қазір заман өзгерді. Бәрі жаңаша. Әке мен қыздың әңгімесі жарасып, аға мен қарындасының көзқарасы үйлесіп, сіңісіп, жарасымын тауып кеткелі қашан. Мұны заманауи үрдіске бет бұру дейміз. Алайда әйелдің ерден еш кем емес екенін, оның да еш қымсынбастан өз ойын жеткізуге хақылы екенін түйсінген сайын әйел өзінің ең басты статусын жоғалтып алғандай. Бұрын отанасы өз отбасының ұйытқысы болып, бар ғұмырын ерінің есіктегі басын төрге сүйреуге арнаса, бүгінде жаулығын шешіп, қолын сілтеп кете барғанды оңайырақ санайды. Себебі бүгінгі әйел өзінің басшы да, бастаушы да бола алатынына көз жеткізді.
Әйел мен ердің тең дәрежелі болғаны тиімді болғанымен, біздің қазақи ұлттық құндылығымызды кейбір тұста жоққа шығарып, кей қағидамызды ысырып жіберетінін мойындайық. Осы тұста өткенге көз жүгіртсек, қазақи тәрбие алып, отбасы, ошақ-қасынан ұзамаған аналарымыз ұлттық құндылыққа сүйеніп, ажырасу деген ұғымды тіпті түсінбей өткен десе де болады. Олар ажырасуды ар санаған. Сондықтан тағдырдың салғанына көнген әз аналар тіпті «күйеуі бар әйел таяқ жейді, күйеуі жоқ әйел тас шайнайды» деп түйсініп, қандай жағдай болмасын күйеуінен айырылмаған. Мұндай жағдай ілуде бір кездескен. Отбасының шырқы бұзылып, келеңсіз жағдайға ұшырағандар өте сирек болғандықтан, көзге шыққан сүйелдей көрінгені айдан анық.
Көпке топырақ шашудан әрине аулақпыз. Бірақ қазіргі заманауи әке мен шеше қызы өзге босағаны аттаған соң, әлденеден көңілі қалса «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деп құлаққағыс етіп қояды. Бітті. Мұны естіген өзі жас, өмірлік тәжірибесі аз келін қайдан оңалсын? Ә дегеннен әлденеден көңілі жасып қалса болды оп-оңай төркініне қайта келе салады. «Ет сасыса тұз себеді, қыз сасыса не себедінің» кері келген тұс та осы емес пе?! Біздің қоғамда отбасының ойраны шығып, ажырасудың жылдан-жылға көбейіп, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсіп жатқаны жанға батады...
Ажырасудың көбейіп бара жатқаны психологтарды да алаңдатып отыр.
– Отбасылық қарым-қатынастың дамуында құлдырау кезеңі болады. Ол ерлі-зайыптының бір-біріне көңілі толмауынан ұрыс-керістің жиілеуіне әкеліп соғады. Міне, бұл – отбасылық дағдарыс кезеңі. Дағдарыстың психологиялық себептері өкпелеу, елемеу мен жақтырмайтын сезімдерде туындайды. Олардың сезімдерінің сууына алып келетін тағы бір мәселе – ұзақ уақыт алыста болулары. Ажырасқан жағдайда депрессия, одан кейін бейімделу кезеңінен өтеді. Осындай ауыр жағдайда түрлі ашық және жабық сұрақтар қойып, қолдау көрсетіп, жанашырлық таныту арқылы ерлі-зайыптының екеуін де мұқият тыңдап, дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы бәрін шешіп беру – нағыз маманның ісі, – деді психолог Айгүл Оразова.
Тәжірибелі психологтардың айтуынша, алғашқы үйленген жылдар жас отбасы үшін ең қиын уақыт екен. Себебі бұл – әлі де бір-бірін тани қоймаған екі адамның бір-біріне үйрену кезеңі. Осы кезеңде бір-бірін түсінуге, өз отбасын бәрінен биік қойып, сақтап қалуға тырысып, сабырлық танытқандар ғана барлық қиындықты жеңіп шығады.
– Уақыт алға жылжыған сайын жаңа үйленген екеудің тәтті кезеңінің уақыты өтіп, дәмі кетіп, енді күнделікті күйбең тіршілік басталады. Күнделікті өмір өз нюанстарын ала келеді. Үйдегі үйлесімді атмосфераны сақтау ережелері қарапайым болғанымен, оларды ұстану өте қиын. Әсіресе, ерлі-зайыпты жанжалдасып қалғанда, сабыр сақтау қиынға соғады. Сондықтан қыздар мен жігіттер үйленер алдында психологтың көмегімен немесе қандай да бір отбасылық жағдайға тәрбиелейтін қысқа курстан өту керек деп санаймын. Сонда ғана олар отбасылық өмірге дайын болады және түрлі қақтығыстарды тыныш шешуге дағдыланады. Отбасындағы ең негізгі ереже – үйдегі мамыражай татулықтың, тыныштықтың қадірін білу. Отбасындағы тату-тәтті шақтарды сақтап қалғысы келген адам бәрін дұрыс шеше алады. Мұндай тыныш та қалыпты жағдайды сақтау үшін әңгімелесушіні соңына дейін тыңдау, әлдене демес бұрын сөзін іштей қорыту, өзін осы адамның орнына қойып көруі керек. Өз ойын дұрыс жеткізуге үйрену керек, – дейді Айгүл Ермекбайқызы.
Иә, күні бүгін жас жұбайлар психологқа жиі жүгінеді. Жанұяны сақтап қалу барысында мұның әсері де зор. Бірақ отбасылардың шаңырақ көтере сала емес, әбден титықтап, шаңырақ шайқалудың аз-ақ алдында психологқа жүгінетіні өкінішті. Негізі бәрінің алдын алған дұрыс. Әсіресе басқосуға ниеттенген екі жас үйленбей тұрып келісімге келіп, кімге не ұнамайтынын біліп алғаны абзал.
Сондай жас жұбайлардың бірі Қанағат пен Айсара бас қосқалы түрлі жағдайды басынан кешірген. Сондықтан екі жас отбасын сақтап қалу үшін махаббат, күйіп-сүю аздық ететінін бірге ғұмыр кешкен бес жылдық тәжірибесінде мықтап түйсініпті. Ерлі-зайыпты күйбең тіршілікте ақыл-ой, сабыр мен сыйластық және басқа да жақсы қасиеттермен қатар сабырлы болудың маңызы зор екенін түсінгендіктерін айтты. Ал ең қажеті бірі ашуланғанда, екіншісі үндемей қалуы көп нәрсені шешеді екен.
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ біз үйленбей тұрып, кім қатты ашуланса, екіншіміз оның артық сөзін естімей кетіп қаламыз деп уәделескенбіз. Бір дана «Адамның шынайы бет-бейнесін, өзің туралы ой-пікірін терең білгің келсе – ашуландыр» деп айтқан екен. Себебі адам ашу үстінде көп қателік жасап, артық сөз айтып қояды. Ішіндегі барлық эмоциясын, ашу-ызасын, бұғып жатқан негативін сыртқа шығарады. Сондықтан біз қайсысымыз бірінші ренжіп қалсақ та, ашуымыз басылғанша бір-бірімізден алшақта жүреміз. Соны әдетке айналдыруға тырысып бақтық. Әрине біреу ұрысып жатқанда, үнсіз кетіп қалу оңайға соқпайды. Алайда отбасы болғысы келген адам бәріне төзуі тиіс. Кейін ашу басылған соң, жай сөзбен-ақ түсінісіп аламыз. Ортақ мәмілеге келу – біздің үйдегі көп қиындықты жеңген, ренжісудің алдын алып, үйдің берекесін кетірмеудің ең оңтайлы тәсілі. Сондықтан айтылатын әрбір сөз ашу үстінде емес, дастарқан басында айтылғаны абзал. Және де бір қызығы біздің ортақ қасиетіміз – бір-бірімізге ұнамай қалған кемшіліктерімізді жеткізу үшін алдымен артықшылығымызды яғни ең жақсы қасиеттерімізді тізіп айтып шығамыз. Сонда ойға жиналған кем-кетігіміз тіпті ұмытылып кетеді. Керісінше, бір-бірімізге деген сыйластық, құрмет мұндайда арта түсетінін түсіндік. Яғни адам бір-бірін көтермелеп, мақтап отыру арқылы татулықтың заңғар биігіне жетеді екен. Ал сен туралы тек жақсы сөз айтып отырған адамға қалай тіл тигізуге болады, – дейді Қанағат.
Иә, бүгінде отау құрған жастардың басты проблемасы шаңырақты шайқалтпаудан бұрын әрқайсысы өзін тыңдату, менмендік жолында бір-біріне жеңістік бермей, сөз асырмай, әркім өзінікін дұрыс санауында жатқаны көңіл қынжылтады. Ерінің ойы «Қатын жолда, бала белденің» кері болса, әйелі «бір шаңырақтан ашылмаған бақ екіншіден ашылар» деген пікірге бой алдырады. Сөйтіп, күні кеше ғана ұлан-асыр той жасап, мәңгілік бірге болуға серттескен ең жақын адамдар әп-сәтте табыспас жат адамдарға айналып шыға келеді.
... Баланы атұстарым деп құрмет тұтқан қазақ ұлын «ырысым» деп бағаласа, қызын «өрісім» деп аялаған. Әрбір ер баланы жігерін жасытпай, намысын жанып, үйдің тірегі, асыраушысы деп сыйлаған. Ал қыз баланы төрге оздырып, қызыл-жасыл дүние жиып, жатжұрттық деп аялап, бар жақсыны ұсына білген. «Барған жерінде бағы ашылып, тастай батып, судай сіңсе» екен деп, ертеңін уайым қылған.
Алайда, тағдыр әркімді әртүрлі жолға салады. Оспадар, дөрекі, масыл күйеудің қасындағы келіннің күні қорлықпен өтетіні бесенеден белгілі. Кейде керісінше, нәзікжандының мінезі шатақ болып, екі жақ табыса алмай жатады. Мұндайда таяқтың екі ұшы бар екенін ескерген де жөн.
Өмірде орын алып жатқан түрлі отбасылық оқиғаларға көз жүгіртсек, сан алуан мысалға кезігесің. Кейде ерлі-зайыпты тату болған күнде де күйеуінің туыстары қатал болып кездеседі. Қанша жерден жақсы болуға тырысса да, бірде қайын ене, енді бірде қайын апаға қылығы жақпай теперіш көреді. Әйелінің барлық «ерсі қылығы» үйдегілердің көмегімен күнделікті күйеудің құлағына жетіп отырады. Мұндай әрекеттің соңы жақсылыққа алып бармайды.
Бірде ата-енесінің түртпегінен мезі болып, не істесе де жақпайтынын ұққан келін үш бірдей ұлын ешкімге ескертпей дәрігерге апарып сүндеттетіп тастайды. Онсыз да әрбір болмашыны сөз етіп отыратын үй егелері үшін бұл үлкен соққығы айналады. Ал келін болса бұл қадамға әдейі барғанын жасырмайды.
– Барынша ата-енемді сыйлап, құрмет тұттым. Бір сөздерін жерге тастағым келмейтін. Оған себеп қазақта «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген аталы сөз бар. Сол сөзге лайық болғым келген. Қамырым сәл қалың болып қалса немесе тіпті дастарқан басында қасық жетпей жатса да мен кінәлі болдым. Бала емізіп жүріп те түнімен ұйықтамай, үй тазалап, дәмді тағамдар дайындаймын. Қолдың тағамын жесін деп, нанды қолдан пісіріп, түнімен қамыр жайып, кептіріп шығамын. Тұшпара, самса, тәтті бәліш, бәрі-бәрі мұздатқышта самсап тұрады. Одан бөлек дәрумені көп деп түрлі компот, сусынға дейін қолдан жасадым. Киім жөні тіпті бөлек. Барлығы шексіз таза, мінсіз тәтті болғанын қаладым. Ал мұның барлығы бір жылы сөз есту үшін ғана еді. Ұйқы көрмегендіктен шаршап-шалдығу, үнемі еститін ұрыстан күйзеліске түсу, үздік болуға ұмтылудан барлығы түкке тұрғысыз болып қалды. Бірде ене, бірде ата, енді бірде қайын әпке мен қайын іні сынға алып отырады. Әрқайсысының кір-қоңын жуып, ішіп-жегенін дайындап жүріп бір алғыс алмау да ауыр тиеді екен. Және бәрінің сөзбен түйрегенін ести берген соң, жәутеңдеп күйеуден қолдау күтесің. Себебі сол адам үшін бәріне шыдап жүресің. Үйдегілердің түртпегінен титықтаған сәт арқасүйер азаматыңның ең құрығанда «шыдай түс, ештеңе етпес» деген сөзі алтынға бергісіз болады екен. Ал менің жолдасым болса, не жұбата алмады, не қорғай алмады. Жылап отырғанымды көрсе де, көрмегендей бола салады немесе қосыла тиісіп есімді шығаратын. Бірде енем «қамырың неге қалыңдау болды?» деп ақырып, оқтаумен салып қалғанда қарап тұра бергені жаныма батты. Енді бірде қайын әпкемнің «Айттым саған пәленшенің қызын ал деп. Мына күңге жаратылған өз ойы жоқ бәледен сол жақсы еді» деп ұрысқаны бар. 10 жылға жуық үнсіз жүруден, лайықсыз болудан шаршасам керек, бір күні ұлдарымды ешкімге айтпай сүндеттеп болып, үйге алып келдім. Осы уақыт аралығында тіпті қарным ашса да айта алмайтын мен бейбақ қалай ғана сондай батыл қадамға барғаныма өзім де таң қалдым. Әрине істің соңы насырға шапты. Туған-туысымды шақырып, киімдерімді жинап, төркініме беріп жіберді. Соңыра күйеуімді үйлендірді. Бірақ келіндері 8 айға әрең шыдап, кетіп тынды. Не керек күйеуім менен кейін екі рет некелесті. Алайда келіндері аз ғана уақыт ішінде ажырасып кетіп жатты. Соңыра бәрі жабылып, мені алып кетуге келді. Бұрын сол шаңырақтың түтінін түтетіп жүргенде 10 жыл бойы «жұмыс істей алмайсың, қолыңнан түк келмейді» деп үйде отырғызып қойған келін едім. Төркініме келген 4 жыл ішінде өз кондитерлік дүкенімді ашып, мектепте ұстаздық етіп жүргенімді көрген олар менен тек кешірім сұрай берді. «Сенен артығы жоқ, үйге жүр» дегенде балаларымды ойлап, соңдарынан еріп, сол үйдің босағасын басқа адам болып қайта аттадым. Қазір үйдегілердің бірі бетіме қарап сөйлеген емес. Себебі алдарында бұрынғы жеке өз ойы жоқ, алдарында бас изей беретін көмбіс келін емес, өзіне сенімді, қолынан іс келетін келін отырғанын олар да ұқты – дейді Алима.
Бұл оқиғаның соңы әдемі аяқталды. Алайда қанша тағдыр иесі бар, ғұмыр да соншалықты сан алуан екені аян ғой.
Бір-бірін соншалықты сүйіп, ынтызар болып қосылғандардың ажырасуына не себеп?! Кей ер-азаматтың әйелін таяқтың астына алуды зор мәртебе, абырой санайтыны несі? Әйелді өз меншігіне айналды деп есептеген күннен басынып, жұдырығын ала жүгіретіндерге не айтып, не түсіндіруге болады өзі? Нәзікжанды серігінің алдында шойын шапалағы дайын тұратындар өздерінің сондай аянышты күйінен хабардар ма екен? Әлде олар керісінше өздерінің қатынжанды еместігіне қуанады ма? Және де әр жұдырық жұмсаған сайын соны дәлелдей түстім деп масаттанады ма? Әйелі именгенін игілік көріп, абырой санайтындардың барлығы расында қайран қалдырады.
Жас келінге кейде шамадан тыс жүк артып, босағасын жаңа аттаған сәттен бауырына басудың орнына жатсынып, орынсыз сөйлеп, іс-қимылын сынап-міней берсе, онсыз да өзге жұрттың алдында қысылып жүрген жанына ауыр соққы болатыны сөзсіз. Жас келіннің инабаты мен ибасы жарасым тауып, барынша ізгілігін көрсете білсе, түбі қатты сөз жібіп, түйілген қабақ та ашылар. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бірнеше жыл қажет-ау. Ол енді келген жердің ақыл-ойының биіктігіне байланысты. Барлық мәселе келінді жұдырық пен таяқтың астына алуды мәртебе санайтындардың сойқан тірлігі мен сүйкімсіз қылығында жатыр. Ондайлар әйелін тоқпақтауды абырой деп біледі. Негізі қалған көңілдің шыққан жан екенін естен шығармау керек.
Қыз бала нәзікжанын жаралап, өмірін өксіте берген соң ашу мен ызаға бой алдырса, күндердің күнінде кеудесіне жинақталған өкініш кекке айналып кетпесіне кім кепіл?! Әйелін орынсыз ұрып, оспадарлық танытып жүрген ер кісілердің ісін ой елегінен өткізсең, түбі жақсылыққа апармайды. Оған түркістандық келіншектің 14 жыл отасқан күйеуін өлтіріп, бөлшектеп тастағаны дәлел сияқты. Немесе зина жасай бергені үшін кезекті сондай қыз-қырқынның соңынан кеткен күйеуі үйіне оралғанда, у беріп өлтірген алматылық келіншектің сот барысында «Өз ісіме өкінбеймін» деп берген жауабының астарында неше жылғы ыза мен кек жатқаны аян.
Бағзыда қазақ қоғамында ажырасу өте сирек кездескен. «Шыққан қыз шиден тысқары» деп түйсінген. Әмеңгерлік институты орынсыз неке бұзылуына, жетім-жесірлердің көбеюіне жол бермеген екен. Оның үстіне шариғат та да ажырасуды қолдамайды.
Қыздың бағы ашылмай төркініне қайтып келсе, алакөз қоғамның, психологиялық соққының, үлкен сөгістің астында қалған. Оның әр қылығы көзге шыққан сүйелдей ерсі көрінген. Ал ең үлкен себебі бұрынғының әйелдері өзін ерінен төмен ұстап, жолын кесіп, сөзін жерге тастамаған. Айтқанын мақұлдап, қашан да отағасының алдында көнбістік танытқан. Бұған «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деген түйіндеме дәлел. Сөйтіп мақұлдап жүріп, отбасының отымен кіріп, күлімен шығып, қандай ауыртпалық болса да төзе білген. Міне сол бір төзімді мінезінің арқасында отбасы, ошақ-қасының татулығын нығайтып, сабырмен шаңырағының шаттығын шайқалтпай сақтап қалып отырған.
Осы орайда «Сүйіп қосылған екі жастың айдың-күннің аманында екі жаққа кетуіне көбіне не әсер етеді?» деген сауалнама жүргізген едік.
– Несін жасырайын, күйеуім ұрып-соққан жоқ. Мен жалғыз шешемді тастап, Қызылордаға келін болған едім. Уақыт өте келе анамды, елді сағынып, төркінге оралдым. Содан қайтып бармадым. Арада үш жыл өтті. Өз қателігімді енді ғана түсініп жүрмін. Өзіңнің некеге тұрып, сүйіп қосылған жарыңа ешкім жетпейді екен. Мен өзімнің қатты қателескенімді енді түсіндім, – дейді Әйгерім.
Ал Алтынбек екі рет отбасын құрып, екі некесі де сәтсіз аяқталыпты.
– Баяғыда аталарымыз әжелерімізді ат үстінде қамшымен сабаса да көнген ғой. Қазіргі әйелдердің бетіне қарап сөйлеуге қорқасың. Бірінші әйелім менің бір шапалағымды көтере алмай жаңа туған бөпесін арқалап төркініне кетіп қалды. Ал екінші жұбайым басынан сөз асырмайтын бір үйдің ерке қызы болып шықты. Жәй сөзге келіспей қалсақ болды, түймедейді түйедей етіп, бар даусымен балағаттап, мен «ә» десем, «мә» деп көшеге шығып жылап-сықтап, ел-жұртты, тәртіп сақшыларын шақырып мазаны қашырды. Күні-түні үйде ұрыс болған соң, шаңырақта ырыс болмады, береке қашты. Содан бір бірімізге суып кеттік те, жолымыз екіге айырылды. Бүгінде бірінші некедегі балам мен екінші некеден жарық көрген екі қызыма алимент төлеп, айыпты болып жүрген жайым бар. «Үлкендер бала үшін отбасыңа қайта қосыл» деп ақыл қосқанымен, көңілім қалғаннан жолағым келмейді, – дейді Мәжит.
Гүлзада есімді келіншек болса күйеуінің еріншек, әрі ащы суға деген құмарлығының салдарынан екі жаққа кеткенін айтты.
– Мен күйеуіме шын ғашық болып тұрмысқа шықтым. Қыз кезімде жақсы көргендіктен сезбесем керек, тұрмысқа шыққаннан кейін қиын күндер басталды. Ол үйде нан болмаса да, арақ тауып ішетін хәлге жетті. Қанша рет нарколоиялық диспансерге емдетсем де еш нәтиже шықпады. Соңыра шаршадым. Екі ұлымды жетектеп, басқа қалаға көшіп кеттім. Бір қызығы мен оны жек көре алмаймын. Үнемі жаным ашып тұрады. Оған себеп біздің бір рет те шәй десіп, сөзге келмегендігіміз болса керек. Оның бар айыбы сол ащы су болды. Туған-туысы жабылып жүріп, қатарға қоса алмадық. Бір ішсе апталап, айлап үй бетін көрмей ішімдікке салынып кететін. Көше кезіп жүріп, үйге тауып алып келетінмін. Сөйтіп жүріп екі ұлды дүниеге алып келдім. Бір күні тыстан үйге кірсем, кіші ұлыма сыра құйып беріп, ішкізіп отыр екен. Мен айқайға бастым, ол болса «қайта тыныш ұйықтайды. Сыраның балаға еш зияны жоқ» деп қояды. Сол күннен кейін оның енді ішімдікті ешқашан қоя алмайтынына көзім жетті. Ақыры кетіп тындым, – дейді Гүлзада.
Өз отбасыларының неден ойран болғанын барлық жұп ашып айтты. Бір қарағанда бүлінген түк те жоқ сияқты болғанымен, ертеңі беймәлім, белгісіз. Көбіне еркіндік сүйіп, айтқанынан қайтпайтындардың кесірінен көптеген отбасы ажырасып кететіні өкінішті.
Осы орайда ақын Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» деген өлеңі еріксіз ойға оралады:
Сүйіктім-ау,
Сәнсіз өмір мәнді ме?
Мәнсіз адам шырқай алмас әнді де.
Бәсеңдетпе,
Қарлықтырма дауысыңды,
Бақытсыз боп қалмау үшін мәңгіге.
Сүйіктім-ау,
Әнсіз өмір мәнді ме?
Ән түзелсе, түзейміз ғой сәнді де.
Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,
Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме! – дейді ақын.
Аттаған ақ босаға, түрілген шымылдық пен көтерген шаңырақтың биігінде ең алдымен әйелдің құрбандығы тұрады. Себебі, ол екі рулы елдің ғана емес, балаларының да болашағын ойлайды. Ата-анасының мейіріміне бөленіп өссе дейді. Сондықтан көбіне іштен тынып, мойынсұнады. Өз таңдауы болған соң, болған жайтқа болаттай берік болуға тырысады. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген түсінікпен төзе біледі. Бәрін сабыр мен ақылға жеңдіреді. Көп жағдайда отбасылық қиындықтың арғы жағында көнбістік байқалады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ