Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құрметке лайық гидротехник

Құрметке лайық гидротехник
Автор
Ел ішінде еңбегімен еленіп, адал қызметімен абыройға бөленген азаматтар аз емес. Жылдар бойы бір салада табан аудармай тер төгіп, кәсіби шеберлігімен, адамгершілік болмысымен кейінгі ұрпаққа өнеге бола білген мұндай азаматтардың есімі ел жадында мәңгілік сақталады. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – Байзақ ауданында 45 жыл бойы гидротехник болып қызмет атқарған Әмірхан Байтарақов.

Әмірхан ақсақал 1930 жылы дүние есігін ашқан. Сол бір қиын-қыстау кезеңде, соғыстың суық лебі сезіле бастағанда анасы жалғыз баласының амандығын ойлап, түрлі қауіп-қатерден қорғау мақсатында құжаттағы туған жылын 1932 деп өзгертіп жаздырған.

Заман солай болған соң бала Әмірхан еңбекке ерте араласады. Бар болғаны 13 жасында тылда тер төгіп, қара жұмысқа жегіледі. Қарахан есімді досымен бірге арба айдап, жүк тасымалдаумен айналысады.

Тіршілік нәрін тиімді пайдалану, ел игілігіне жарату оңай шаруа емес. Бұл сала үлкен жауапкершілік пен ұдайы ізденісті талап етеді. Ә.Байтарақов осы бір күрделі де аса маңызды салада ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етті. Ауданның ауылшаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қай істі де тиянақтылықпен атқарып, әріптестері мен ел арасында зор беделге ие болды. Ал жары сауыншы болып еңбек еткен.

Бүгінде Әмірхан ақсақалдың ұрпақтары атасының ғибратты ғұмыры жайлы мақтанышпен әңгімелейді.

– Әкем гидротехник болып жүрген кезінде қай жерде қандай дақыл егілгенін, қай жерге егу керектігін, су жолдарын, судың қай бағытпен қалай баруы керек екенін жақсы білетін. Агрономдар үнемі әкеммен ақылдасып, кеңес алып отыратын. Тойға немесе қонаққа бара жатқан күндері таңертең ерте тұрып, маңызды тапсырмаларын қағазға жазып кететін. «Анау көшенің басына барып, шлюзді, судың бағытын тексеріп көр. Жан-жаққа жайылып кетпесін» деп ескертіп те отыратын. Ол суды тек ашып қоюмен шектелмей, оның қаупін алдын ала бағамдай білетін. Егер су тасыса, ұжымшардың гидротехнигін шақырып алып, ұрысатын. Қырғыз елі жақтағы шлюздерді жөндеуге, әктеуге де жиі барып жүретін. Әкем 92 жасында өмірден озды. Қазір немере-жиендері мен шөберелері өсіп келеді. Оларға аталарының қандай еңбекқор, адал, абыройлы адам болғанын үнемі айтып отырамын, – дейді ұлы Азамат Байтарақов.

Жұмысшы мамандықты меңгеріп, өнер мен мәдениеттен де алыстамай, салт-дәстүрге берік болып, қиналғандарға қол ұшын созу жолында да кейіпкеріміз өз бағытынан танған емес. Мұндай тұлғалар ұрпаққа үлгі болып, тарихта есімдері алтын әріптермен қалуы тиіс.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар