Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жайылымдық жерлер тозып барады

Жайылымдық жерлер тозып барады
Автор
Соңғы жылдары жеке аулалар мен шаруа қожалықтарда мал санының артуына байланысты жайылым жетіспеушілігі айқын сезіле бастады. Бұл мәселе түптеп келгенде табиғатқа, экожүйеге, қоршаған ортаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Мал шамадан тыс жайылған кезде жер тозып, шөп азайып, топырақ құнарсыздана бастайды.

Халықты алаңдатқан мәселені шешу мақсатында «Жабағылы-Манас» қоғамдық бірлестігі өткен жылдан бастап «Халықтың биоалуантүрлілік туралы білімін тереңдету және кеңейту, оны тәжірибеде қолдану» атты ауқымды жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл бастама жергілікті тұрғындардың табиғатқа деген таным-түсінігін арттыруға, әсіресе өсімдіктер мен жануарлар әлемінің алуантүрлілігі туралы білімін тереңдетіп, оны күнделікті өмірде, нақты шаруашылық тәжірибесінде қолдана білуіне бағытталған.

Жоба аясында «Жабағылы-Манас» қоғамдық бірлестігі жайылымдарды тиімді басқару мәселесіне ерекше назар аударуда. Өйткені малшаруашылығы дамыған өңірлерде жайылымдардың тозуы, дұрыс пайдаланылмауы және жайылым тапшылығы экологиялық әрі әлеуметтік мәселелерді туындатуда.

Бір қызығы, Кеңес одағы тұсында мал саны қазіргіден әлдеқайда көп болғанымен, жайылым жеткілікті болған еді. Бірақ еліміз тәуелсіздік алған соң біраз жер жекеменшікке өтіп кетті. Кей жерлер қайта бөлініп, мақсатты пайдаланылмай қалды. Ауа райының өзгеруі мен мал санының артуына байланысты кейбір жайылымдар тозып, қалпына келтіруді қажет етіп отыр.

Жоба үйлестірушісі Рауф Сабитовтың айтуынша, жайылымды тиімді пайдалану үшін ең алдымен оның нақты жағдайын бағалау маңызды. Яғни, жайылымға қанша мал сиятынын, шөп шығымдылығын, тозу деңгейін анықтаған дұрыс. Осы мақсатта «Жабағылы Манас» тау клубының мүшелері облысымызда жайылымдарды басқару жоспары бойынша талдау жүргізіп, ауыл әкімдерімен, аудан әкімдіктерінің мамандарымен, жайылымдарды пайдаланушылармен бірнеше рет кездесу ұйымдастырған.

– Кездесулер барысында бір маңызды мәселені байқадық. Көптеген жайылым басқару жоспарларында «Геоботаникалық зерттеу негізінде дайындалды» деп жазылғанымен, бұл құжаттарда нақты деректер, мысалы, карта, шөп түрлері, шөп шығымдылығы немесе малға жарамдылық жайлы ақпарат мүлде жоқ. Бұл дегеніміз – шын мәнінде ондай зерттеу жүргізілмеген деген сөз. Себебі мұндай жұмысты атқаратын геоботаник мамандар өңірде жоқтың қасы. Облыс бойынша жайылым жағдайын зерттеп бере алатын бірде-бір геоботаник маман таба алмадық, – дейді Рауф Сабитов.

Зерделеу кезінде анықталған тағы бір үлкен кемшілік – жоспарларда өсімдіктер түрін сипаттайтын кәсіби терминдер қолданылмаған. Ал Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығында облысымыз үшін нақты терминдер мен жүктеме нормалары бекітілген. Яғни әрбір жайылым жердің ерекшелігіне қарай оған қанша мал жаюға болатыны нақты көрсетілген.

Сол секілді Ауылшаруашылығы министрі 2023 жылғы 20 маусымда қабылданған №237 бұйрықта жайылымдарға түсетін шекті жүктеме нормаларын міндетті түрде сақтау керектігін қайта нақтылаған. Алайда, жоспарлар бұл талапты орындамай отыр. Оларда аңшылық шаруашылықтар, орман қорындағы жайылымдар, биоалуантүрлілікке төнетін қауіптер, оларды қорғау шаралары, тіпті жайылымдарды жақсарту жұмыстары, мысалы шөп егу, су көздерін қалпына келтіру туралы да еш мәлімет жоқ.

Мемлекеттік деңгейде жайылымдарды суландыру бағдарламасы бар болғанымен, ол да ескерілмеген.

– Біз жайылымды басқару жоспарларына бірқатар маңызды мәселені қосуды ұсынамыз. Ең әуелі жайылым маусымдылығын қатаң сақтау керек. Әсіресе, жабайы тұяқты жануарлар төлдейтін кезде мал айдау биоалуантүрлілікке қатты зиян келтіреді. Бұдан бөлек, қорықтар мен аңшылық шаруашылықтармен өзара әрекеттесу ережелері, жайылымды қалпына келтіру шаралары, атап айтқанда, тыңайтқыш себу, су көздерін ашу, шөп тұқымын егу сынды жұмыстар басқару жоспарында нақты көрсетілуі тиіс.

Сондай-ақ жайылымның қазіргі жай-күйін анықтап, деградацияланған, яғни тозған жерлерді картаға түсіру қажет. Бұл ретте 2017 жылы жайылымның шөлденуіне қарсы шаралар жүргізу әдістемесі бекітілген. Оны қолдану заң талабына сай. Фермерлер мен ауыл тұрғындарының жайылымға қатысты көтеріп жүрген мәселелері мен ұсыныстары да есепке алынып, шешу жолдары жоспарларға енгізілуі керек. Жалпы алғанда жайылым пайдаланушылардың өзі басқару жоспарларын дайындауға тікелей қатысқаны жөн, – деген Рауф Қабиұлы жайылымды басқару жоспарына қосу қажет деп санайтын нақты шараларға тоқталды.

Жоба авторының айтуынша, біріншіден – жайылым мен шабындықтарды суландыру қажет. Бұл көктем мен күз айларында жерге ылғал жинап, шөптің табиғи түрде өсуіне жағдай жасау деген сөз. Ылғалды сақтау – жайылым сапасын арттырудың ең тиімді жолы.

Екіншіден – мал су ішетін орындар салу. Бұған құдықтар қазу, бұлақтарды тазалап, малға қолжетімді ету, жаңа су көздерін ашу жұмыстары кіреді. Мұндай жұмыстар жайылым ретінде пайдаланылатын орман шаруашылықтарының жерінде және мемлекеттік қордағы жайылымдарда да жүргізілуі орынды.

Үшіншіден – жайылым жердің нақты жағдайын тексеру. Жай ғана көзбен шолу жеткіліксіз, ол үшін арнайы әдістемелер қолданылып, ғылыми тұрғыда бағалау жүргізілуі тиіс. Мысалы, физикалық көрсеткіштерге топырақтың құрылымы, қаттылығы мен ылғалдылығы жатады. Ал биологиялық көрсеткіштер ретінде шөптің түрі мен сапасы, оның қайта өсу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар арамшөптердің қаншалықты жайылғаны, жердің қаншалықты тапталғаны, мал іздерінің саны мен олардың қозғалыс бағыты да есепке алынуы керек.

Эколог маманның айтуынша, зерттеулерді далалық маршрут әдісімен жүргізген ұтымды. Тегіс жерлерде 20 сәуірден 20 шілдеге дейін, таулы жайылымдарда 15 мамырдан 1 қыркүйекке дейін, ал биік тауда 1 шілдеден 1 қыркүйекке дейінгі аралық – ең қолайлы кезең.

– Бұдан бөлек, жайылымдағы биоалуантүрлілікті сақтау шаралары да басқару жоспарына енгізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, пестицидтер мен гербицидтерді мүлде қолданбау немесе шектеу. Себебі кейбір ветеринарлық препараттар, атап айтқанда диклофенак, кетопрофен, флуниксин сияқты дәрілер жыртқыш құстар үшін өте қауіпті. Мәселен Қаратау тауларында соңғы 12 жылда ақбас күйкентайдың саны он есеге азайып кеткен.

Жыртқыш құстардың жойылуына себеп болып отырған тағы бір жасырын қауіп – қасқырларға қарсы қойылатын уланған жем. Әдетте мұндай жемге карбофуран немесе бромадиалон секілді аса улы заттар араластырылады. Бірақ бұл жем тек қасқырға ғана емес, табиғаттағы өзге де жыртқыш аңдар мен құстарға да қауіп төндіруде. Соның салдарынан уланған етті жеген қанатты жыртқыштар қырылып жатыр. Осылайша қасқырды аулауға бағытталған тәсіл тұтас экожүйеге қауіп төндіріп, табиғи тепе-теңдікті бұзуда.

Сондай-ақ жайылым жүктемесін азайту маңызды мәселе. Бұл үшін мал тұқымын жақсарту, бір бөлігін қорада ұстау, жайылымды ротациялық (кезекпен) пайдалану, сауын сиырларға арналған жемді гидропоника әдісімен өсіру секілді шаралар ұсынылады.

Жайылымды дұрыс басқару үшін арнайы жайылым кеңесі құрылуы тиіс. Бұл кеңес қоғамдық бірлестік немесе қарапайым серіктестік ретінде жұмыс істей алады, – дейді Р.Сабитов.

Жер кодексіне сәйкес, мемлекеттік жер кадастры мен геоботаникалық зерттеулерді жүргізу – тек мемлекетке тиесілі қызмет түрі. Яғни бұл жұмыстарды арнайы рұқсаты бар мемлекеттік мекеме ғана жүзеге асыра алады. Осыған байланысты Үкімет 2023 жылғы 1 қыркүйекте №755 қаулы шығарып, «Жерді зерттеу бойынша мемлекеттік институт» құрылды. Енді бұл мекеменің әр облыста өз филиалдары болады.

Олар жайылым жағдайын, жердің тозу деңгейін, шөп жамылғысын анықтап, ғылыми негізде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Геоботаникалық зерттеулер Ауылшаруашылығы министрінің 2022 жылғы 3 қазандағы №314 бұйрығымен бекітілген әдістемеге сай жүргізіледі. Мысалы, кейбір учаскелер бір шаршы сантиметрге дейін (1:1 000), ал кең ауқымды аумақтар 1 сантиметр картада 1 шақырымға дейінгі көлемді қамтитындай (1:100 000) дәлдікпен зерттеледі. Бұл жұмыс толығымен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.

Өткен жылдан бастап жайылымды басқару жоспарын жасау міндеті ауылдық округ әкімдеріне жүктелді. Алайда министрдің №237 бұйрығында көрсетілген талаптардың қалай орындалып жатқаны, жүктеме нормасын қандай әдіспен есептейтіні әзірге түсініксіз күйде қалып отыр.

Рауф Сабитовтың айтуынша, бұл міндеттерді геоботаникалық зерттеусіз орындау мүмкін емес. Өсімдіктер түрін, жердің тозу деңгейін, жайылым сапасын анықтау секілді шаралардың бәрі ғылыми негізде жасалуы керек.

Аталған жұмыстарға бір ғана мекеме емес, білікті ұйымдар мен мамандардың жұмылдырылуы тиіс. Университет оқытушылары мен жергілікті ғалымдардан құралған тәуелсіз мамандар тобы конкурс арқылы геоботаникалық зерттеу жүргізуге қатыса алады. Осылайша, жұмыс сапасы артып, әрбір жоба нақты дерек пен ғылыми дәлелге негізделеді. Бұған қоса өсімдік түрлері мен жердің тозу деңгейін анықтауға арналған бірыңғай әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп, ресми түрде бекітілуі керек. Ең маңыздысы – мұндай ғылыми жұмыстарды жүргізуге мемлекет нақты қаржы бөліп, тұрақты қолдау көрсетуі тиіс.

Жайылымды қалпына келтіру тек жоспар құрумен шектелмейді. Нақты нәтиже болу үшін жердің жағдайын бақылау, халықпен бірге жұмыс істеу, мамандарды тарту және жергілікті әкімдердің белсенділігі өте маңызды. Әйтпесе, жоспар қағаз күйінде қалып, жайылымдар одан әрі тоза береді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар