Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алматы облысында 180 мың адамға арналған жаңа қала салынады

Алматы облысында 180 мың адамға арналған жаңа қала салынады
Автор
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Talgar Eco City» атты жаңа қаланы салуға жауапты «Talgar Development Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды arainfo.kz

Өңір басшысы жобаның облыс дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап, оның әлеуметтік-экономикалық өсімге айтарлықтай серпін беретінін айтты.

Кездесу барысында әкім БАӘ мен Қазақстаннан келген инвесторларға өңірдің әлеуетін таныстырып, Алматы облысының ауыл шаруашылығы мен туризмнің ірі орталығы ретінде тұрақты экономикалық өсім көрсетіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ шетелдік капитал қатысатын ірі жобалардың табысты іске асып жатқаны айтылды.

«Әр инвестор біз үшін маңызды. Бизнес жүргізу үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасаймыз. Бұл ынтымақтастық жаңа жұмыс орындарын ашуға және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Компания өкілі Хайссам Каддура жаңа қалада тұрғын үйлермен қатар мектептер, медицина нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары салынатынын, сондай-ақ кең жасыл аймақтар қарастырылатынын атап өтті. Talgar Eco City 180 мың тұрғынға есептеліп, жалпы аумағы 11,8 млн шаршы метр болады.

Жобаға 14 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қалада жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған инновациялық инфрақұрылым құрылып, 36 мың жұмыс орны ашылады.

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа қалада ғылыми-зерттеу орталықтарын орналастыру ғылыми және технологиялық әлеуетті күшейтетінін айтты.

Облыс әкімдігі инженерлік желілерді қосу мен сыртқы инфрақұрылымды дамыту бағытында инвесторларға қолдау көрсететінін жеткізді. Жобаның бас жоспарын БАӘ-нің AE7 халықаралық компаниясы әзірлеген.

Биыл шілдеде АХҚО базасында «Dinar Holding Ltd» (Қазақстан) және БАӘ-нің «44Degree» компанияларының қатысуымен «Talgar Development Ltd» бірлескен кәсіпорны құрылған еді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар