
Жалпы «Сhildfree» саналы түрде балалы болудан бас тарту, еркін өмір сүру дегенді білдіреді. Әлеуметтік желілерді парақтай қалсаң осы түсініктегі адамдардың басын біріктірген топтар мен парақшалар көптеп кездеседі. Олар мұндай қадамға баланы жеккөргендіктен бармайды. Көбіне баланың болашағы үшін жауапкершілік алғысы келмейтіндіктен осы ұстанымды ұстанғанды жөн санайды екен.
Сhildfree баланы қабылдамайды, тіпті жек көреді, ал Сhildfree өкілдері балалы болудан бас тартады. Олар «адамзат менің тұқымымсыз да жойылмайды» деген ойды ұстанады. Және де ондай адамдар өздерінің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартып, еркін саяхаттап, өмірдің бар қызығын көргісі келетіндігін алға тартады.
Психологтардың айтуынша чайлдфрилардың айтарлықтай бөлігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Көбі «балаға тойдық» деп ақталады. Енді бір бөлігі баланы карьера жасауға кедергі деп санайды екен.
|Расымен бірде Бақытжан есімді танысым бала сүйгісі келмейтінін айтты. Себебін сұрағанда:
– Отбасымызда 10 бала болдық. Бала күнімде не тойып ас ішпедім, киімім де бүтін болмады. Ішерге ас, киерге киім таппаған отбасында өмір сүрдім. 1-қыркүйекте тек ең үлкен ағам мен әпкеме ғана киім алып беретін. Қалғанымыз солардан қалған-құтқанды киеміз. Оның өзіне таласып, тәуірін үлкендер тартып алады да, кейінгілер әбден тозығы жеткенін киеміз.
Бұл жағдай әсіресе 12-13 жасқа жеткенде ауыр тиді. Бір інім жоқшылықтан өзіне 12 жасында қол жұмсады. Себебі мектепке бару ауыр еді. Біздің киінгенімізге бүкіл оқушылар күлетін. Ержігіт бола тұра бірде мектепке әпкемнің қара туфлиін киіп бардым. Барым сол еді. Сабақтан қалуға болмайды, әкемнің мінезі тым қатал. 9-сыныпты бітіргенше асығатынбыз. Өйткені 9-сыныптан кейін оқымай қоюға болады. Ашқұрсақ болып өскен біз бір тәттіні онға бөліп жейтінбіз. Шаш алдыруға ақша болмайтындықтан тақырбас болып жүретінбіз. Сондай жоқшылықтан шаршаған мен бала күнімнен Құдайға жалынып өстім. Маған бала бермесе екен деп тіледім. Оған себеп бала-шағаның ішінде не жатқанын үлкендер біле бермейді. Мен де ертең ұл-қызымның ішінде не жатқанын білмегендіктен, олардың күйзеліске ұшырағанын қаламаймын. Сондықтан чайлдфри түсінігін құптаймын. Құдай тілегімді қабыл етті. Отбасын құрғаныма отыз жылдың жүзі болы. Әлі баламыз болған емес. Құдай тілеуімді қабыл алған екен – дейді Бақытжан.
Әлеуметтік желіде белсенді әрі танымал Марал есімді келіншектің де чайлдфри ұстанымында екенін естіп, әңгімеге тартқан едік.
– Жасым 40-та. Осы уақытқа дейін қыдырып, саяхаттап, өзім үшін өмір сүрдім. Егер балам болғанда мен мұндай еркін өмір сүре алмайтын едім. Оның үстіне «бүгін сабақта біреуден сөз естіп қалды ма? Қарны ашып жүрген жоқ па екен? Бірдеңе қажетсініп отыр ма екен» деп уайымдап өмір сүргім келмейді. Оның үстіне бәріміздің бір күні жүрегіміз тоқтайытыны хақ. Сонда өзіміз мәпелеп өсірген баланы қалай жалғыз тастап о дүниеге тыныш кетіп қалмақпыз? |Ол анасыз қиналады ғой. Ал мен баламның қиналғанын қаламас едім. Сондықтан маған бала тек кедергі келтірер еді. Моральдық немесе материалдық жағынан болсын оған көп көңіл аудару керек болады. Ал маған ол қажет емес – дейді Марал.
Психолог Айна Күмісбек елімізде бала сүйгісі келмейтін азаматтар саны есепке аларлықтай көп емес деп санайды.
– Психолог ретінде айтсақ, бұл мәселе бала кезіндегі отбасындағы, айналасындағы жағдайға байланысты туындайды. Бұл жылулық жетіспеушілігінен немесе ауыр қайғыдан, аса сезімталдықтан болуы мүмкін. Олар көбіне өзімшіл адамдар. Бірақ түбінде жатқан себеп әртүрлі. Адам «анандай ұстанымдамын, мынандай ұстанымдамын» дегенімен, оның түбінде жатқан себеп мүлдем басқа болады. Сондықтан олар мұның себебін ашық айтпайды, тіпті, оның себебін білмеуі де мүмкін. Бұл арада елдегі жағдайды білу үшін арнайы анкета толтырып, зерттеулер жүргізу керек, – дейді.
Ғалымдардың мәліметінше әдетте чайлдфри қатарына отбасылық құндылықтар жайлы ой-көзқарасы әлі бекімеген жастар жиі қосылып жатады. Оларға «баласыз өмірдің қызықтары» жайлы әдемі әңгімелер қатты әсер етеді. Бірақ бүгінде бұл ұстанымға орта буын өкілдері де қосылған. Баласыз үйді қу мазарға теңеп, сәбиін бақыт деп танып, бар ғұмырын баласына арнаған жандар үшін бұл түсініксіз ұғым әрі қазақтың ұлттық менталитетіне жат. Бір қызығы зерттеу бойынша бұл түсінікті көбіне оқып-тоқығаны мол, шетелде білім алып, көпті көрген азаматтар қолдап жүр. Бұл заманауи үрдіс белең алып кетпесе игі...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ