Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Астанадан асқақ ұлдың сәлемі

Астанадан асқақ ұлдың сәлемі
Автор
Ерке Есілмен ескі достай сырласып,

Мейір таппай ұсынарға бір қасық.
Астанаға бақыт іздеп келіп ем,
Қолда барды сырып тастап, қыр асып.

Толарсақтан саз кешкенді ұнатқан,
Баспана іздеп, баз кешкенді жұбатқан.
Талапты ұлдан үмітті ме бұл қала:
– Кетпе, – дейді, – қалшы, қалқам, тұрақтан.

Жігіт едім тәукелге бас ұрған,
Үсік қолын жең ішінде жасырған.
Қаратаудан көш түзеген Бетпаққа,
Армандарын Алатаудан асырған.

Сары аязы салғандай-ақ сынаққа,
Салқын көңіл сезілмеді бірақ та...
Бір білгенім – адалдық пен адамдық,
Ерді еңбек жеткізеді мұратқа.

Қайырлы ұлдан қай қазақта дәмелі,
Сақтай келіп Әулиеатаның әдебін.
Сарысуым, сағынышпен қабыл ал,
Астанадан асқақ ұлдың сәлемін!

(2019 жыл)

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
ақын, Журналистер
одағының мүшесі

 

Жауһар қала

Күлімдеп күнің, арайлап атқан таңдарың,
Аспанмен тұстас ғимарат зәулім, заңғарың.
Асықпай аққан, сызылып қыздай Есілің,
Секілді маған асқақ та асау арманым.

Әсерді әсем, сөзіме маржан жалғайын,
Өзіңде өткен әр күнім шәрбат, бал дәйім.
Көркіңе көркем көз тоймас көрген адамның,
Шайқалтып басын, қаққызбай қоймас таңдайын.

Жұлдыздай жарық, шырақтар самсап ілінген,
Келбетің жайнап алуан өрнек гүліңмен.
Самал жел тербеп, нәзік қып беттен өпкенде,
Сарыарқа төсі, ауасы бірден білінген.

Сезімдер іште бұғумен үнсіз жатпаған,
Күй кернеп жанды, әуенді әуез қаптаған.
Жасай бер, жаса, есімің дәуір өшпестен,
Гүлденген сұлу, Астана атты бақ қалам!

Тамсанып талай, жоғалтқан сенде жиі есін,
Бесігі алтын қазаққа әрбір киесің,
Астанам көркем, шаһарым алып, кең-байтақ,
Жүрекке мәңгі бір өзің ғана иесің!

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ,
ақын

 

Жырыма арқау

Астана Көк туды мүсіндеп атар күн,
Көк бөрі – Алаш деп атандым.
Арманы асқақтап барады,
Шамдары сөнбейтін шаһардың.

Бәйгеге қосылса құлыны,
Тақымын қысқан жұрт – шын ұлы.
Қақ бөліп төгілген тобыққа,
Ерке Есіл, ерке қыз бұрымы.

Жылатса жұртымды талай мұң,
Адуын танытқанмын талайдың.
Мен енді әлемге айбарлы,
Бәйтерек үстінен қараймын.

Қорықпай Қорқыттың түсінен,
Жерұйық тапқан ел ішінен.
Алашқа тек жеңіс тілейміз,
«Астана Арена» ішінен.

Қара бұлт аспанын баспаған,
Тұлғасы өзгеше басқадан.
Оюлы ойлардың жемісі,
Армандай тым биік Астанам!

Мерейхан РАЙМБАЕВ,
ақын, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар